Бармағын тістеді

Бармағын тістеді

Жарылқаушы жаныңнан табылса, жаның кіріп қалады емес пе? Жарылқаушыңыз алдап кетсе, жаныңыз қайтадан шығып кетеді емес пе? Бүгінде сеніміңізді сына­лап, сығалап, кіріп алып, көңі­лі­ңізде, кеудеңізде әбден шіріп алып, жүрегіңізді жылытып, санаңызды улап, миыңызды мәнті етіп жібе­ретін алаяқтардан көз ашпайсыз. Солардың бірі – Ақтөбеедегі қа­лалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің экс меңгерушісі Жанар­гүл Дүйсекенова. – Шынымен пәтер алып бе­ресіз ғой? – деп сұрады жәбір­ле­нуші Исанова. – Жарылқаймын дедім ғой! – Қанша беремін? – Бір миллион, екі жүз мың теңге. – Көп емес пе? – Оой, анаған беруім керек, мынаған беруім керек, оған беруім керек, соған беруім керек. Өзіме тас та қалмайды. – Тас қалмаса тапырақтап, не­ғып жүрсіз? – Халықты жарылқауым ке­рек. Пәтердің кезегінде тұрғаны­ңызға қанша жыл болды? – Он сегізінші ғасырдан бері. – Әзілдемеңіз. – Енді... Болды ғой біраз. – Міне, көрдіңіз бе? Менің арқамда пәтерлі болып аласыз. Ал, ақшаңызды қимасаңыз, да­лада қаласыз! Исанова шынымен сенді. Өйткені, алаяқ оның сеніміне мықтап кірді. Сөйтті де, оның бір миллион екі жүз мың теңгесін шытырлатып тұрып санап алды. Анаған береді екен, мынаған бе­реді екен, оған, соған береді екен, өзіне «Тас та» қалмайды екен. Не деген, мейірімді жарылқаушы еді! – Шынымен жарылқайсыз ба? – деп сұрады тағы бір жә­бірленушісі Қошанова. – Өтірік жарылқап не көрінді маған? – Үйлі боламын ғой? – Боласыз! – Өз пәтерімде қонамын ғой? – Қонасыз! – Өз үйім, өлең төсегім ғой? – Өз пәтеріңіз! – Қанша беруім керек? – Екі миллион, жүз мың теңге. – Көп емес пе екен? – Ойбуу, соның бәрін өзім алады дейсің бе? Анаған беруім керек, мынаған беруім керек, оған беруім керек, соған беруім керек. Өзіме құмалақ та қалмайды. – Онда неге шапқылап жүрсіз? – Енді, тиын-тебен қалады. Жаласам да жетеді маған. – Алдап кетпесіз ғой? – Алдаркөсенің қарындасы емеспін! – Тошына? – Бәрі болады, мошына! – Не деген ғажап адам едіңіз! – деген Қошанова да екі миллионнан аса ақшасын санап берді. Бірақ, жарылқаушысы сол кеткеннен мол кетті. Телефон нөмірлерін ауыс­тырап тастады. Сөйтіп жүріп, осы тірлігін тағы бастады. Бес- алты жылдың ішінде 35 адамның сеніміне кіріп, жүз миллионнан аса ақша істеп алды. Бірақ, күндердің күнінде бас бармағын тістеп алды. Қулығына құрық түсіп, құдыққа құлады. «Жарылқап жүрмін ғой, әшейін!» деп еңіреп те жылады. Ой, тоба, осындай алаяқтарға адамдар қалай ғана сене береді екен?  

Жұмаштың ЖҮГЕРМЕГІ