Ыррр... Ырррр!
Ыррр... Ырррр!
131
оқылды
Жабылған жақсы. Жабылып, туыс­та­рына үй тұрғызып берсе, жабылып, туыс­тарына көмектессе... Ал, жабылып ұрып кетсе... Ойбай, бұл жаман енді. Ал, жа­былып жесе ше? Ойебаай, бұл одан да жаман! Аңдардың ішінде шиебөрі­лер деген бар. Олар жемтігін жабылып жейді. Жем­тіктерін қуалап жүріп, бірі борбайынан, бірі бүйірінен, бірі құйры­ғынан тартып, талап, ту талақайын шығарады. Біздің елде де осындай жемқор шие­бө­рілер өріп жүр. Оны мына халық көріп жүр. Үкіметтен бөлінген қаржыны көрді ме, адамның шиебөрілері тұра ұмтылады. Жан-жағынан қоршап, әр жерінен тістеп, әлсіретеді. Сосын, құлатып салып, қылқ-қылқ жұта бастайды. Адамның шиебөрілері де әр түрлі.Ми­нистрлер, департамент басшылары деген­дей. Ал, әкім шиебөрілердің ауыздары апан­дай. Олар жегенде, жата қалып жейді. Олар да бірігіп, жабылып жейді. Бір күні Алматы облысы, Алатау ауданының бұрынғы әкімі Шахмерден Рыспаев мәде­ниет және тілдерді дамыту басқармасының бұрынғы басшысы Еркебұлан Өмірәлиевті шақырып алды. – Қарным ашты, – деді әкім. – Менің де.. – деп қалды Еркебұлан. – Онда шиебөрілер болайық? – Екеуміз ғана ма? – Екеуміз. – Жоқ, үшеу болайық та? – Онда орынбасарым Саят Ағыбаев үшеуміз жейік. Оның да ішегі шұрылдап жүр. – Не жейміз?  – «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдар­ламасы бойынша бөлінген ірі қаражатты талаймыз. Ырр деші? – Ырррр. – Жарайсың! Шиебөріге ұқсайды екенсің. – Шаха, неге шиебөріміз? Одан да, қасқырлар болайық та? – Қасқырлар министр жемқорлар ғой. Біз деген қайдааа, аудан әкімімін дегендей... – Ааа.. – Ееее, – деген әкім орынбасарын ша­қырды. Орынбасары тілімен ернін жалап, жан-жағына қарап, жұтынып келді. – Не болды? – деп сұрады әкім. – Қарным ашты. – Қарның ашса, жабылып жейміз. Қалай қарайсың? – Сіздерге қараймын! – «Ыррр!» деші? – Неге? – Ырылдасаңшы? – Қойыңызшы, басеке? – Ырылдамасаң, қоспаймыз. – Ыррр... – Жарайсың, тістерің ақсиып, нағыз шиебөріге ұқсап кеттің! – Ыңғайсыз екен... – деп міңгірледі орынбасары. – Біз бүгіннен бастап, сыбайлас шие­бөрілерміз. – Қойшы, шакал болғым келмейді, – деп қалды орынбасар. – Ей, шиебөрі, айттым, бітті! – Арыстан болайыншы? – Сен? Мына мен тұрғанда кімсің? – Сіз де арыстан бола салыңыз. Бәріміз арыстанбыз. – Шиебөрілер қатты талап жейді. Соған ырымдап жатырмын! – деді әкім. – Болды, басеке! – Бүгіннен бастап, үшеуміз бірге ырылдаймыз! – Ыррр! – Ыррр! – Ырррр! Ырылдаған үшеуі бюджеттен бүйірін былай тістеді, олай тістеді, қысқасы, білгендерін істеді. Бірақ , шиебөрілерді де ататын аңшылар бар емес пе, олар ырылдап жүргенде, қолға түсіп, жегендерін қайта құсты. Ш. Рыспаевқа 40 406 250 мың теңге айып пұл салынды. Мемлекеттік қызмет атқаруына тиым салынды. Жазасы жеңіл болды, қамаудан қолхатпен босатылды. Ал, Еркебұлан Өмірәлиев 3 жыл, 6 айға сотталып тынды. Саят Ағыбаев 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Әкімнің жазасы неге жеңіл екенін түсінбеген олар тістерін шұқыды...Бір біріне қарап: «Ыррр!» десті...  

Мыжбан ТЫЖБАНҰЛЫ