Қара дауыл
Қара дауыл
Дұрыс-ақ! Оны дауылға те­ңепті. Кімді? Қыры да көп, сыры да көп сыралғы композитор Қалдыбек Құрманәліні. Дауылға теңеген кім? Құдияр Біләл. Дауыл деген не?Ауа.Тып-тыныш тымық ауаның алай-дүлей ұйытқып соғуын "Жел" демей ме? Жел дейді. Сол жер-жаһанды желпіген желдің де неше түрі бар.
  1. Өкпек жел. Оның орыс­ша­сы – "Сквозняк".
  2. Самал жел.
  3. Дауыл.
  4. Құйын.
Қарағым Қалдыбектің болмыс-бітімі мен жаратылысында осы табиғи құбылыстың төртеуі де бар. Өкпек желі өкпеңнен өтіп, мұрттай ұшыруы мүмкін. "Сұрың жаман, сұлық түсіпсің. Не болды?" деп сұрасаңыз ол "Ойбай, "сквозняк" соғып оңбай қалдым!" деуі хақ. Ал оның самалы сарайыңды ашып, сайрандап жүргендей рахат күйге бөлейді.Талбесікте тербетілген сәбидей сезінесің. Дауылы тұрса ше? Оһо-о-о, атама! Ондай сәтте Қалдыбегіңіз дауыл емес, қара дауыл! Шәуілдірді шулатып, Отырарды ойрандап кететін Арыс­танды Қарабастың желінен қатты. Шатырыңды ұшырып, шалағай шаруаңды шаша салуы түк те емес оған. Бір жұтым ауа жоқ қапырық кезде ше? Ондай сәтте опалаң-топалаңыңды шығарып, ойда жоқ­та құйын боп ұйытқуы ықтимал. Құтырған желіңіз құйын ғой, құ­йын дегенің қиын ғой. Құйынның қиындығы сол-шашылғанды жинайды, жиналғанды шашады. Қалай десек те Қалдыбектің желі-қасиетті жел. Қасиеті қайсы? Бұрынғы ескі шаңдарды ұшырып, орнына жаңа шаңды қондырады. Мұндай азаматтарды атам қазақ "Арқасы бар!" деп ардақ тұтқан. Баяғы балаң кезімде "права" алу үшін шопырдың үш айлық оқуына барғам. Сонда орыс ағайымыз алғашқы сабақта ма­шинаны үш-ақ сөзбен сипаттап берген. Былай: "Машина состоит из трех частей. 1.Кузов. 2.Двигатель. 3.Шасси." Бітті. Осы-ақ. Былай қарағанда машинаңыз соғымға сойған жыл­қыдай жілік-жілікке, мүше-мүшеге бөлінетін сияқты көрінеді. Негі­зінен үш-ақ бөліктен тұратынын бірінші рет білдік. Алыстан ора­ғытып айтпағым не? Алда-жалда біз Қалдыбекті машинаға теңей қалсақ, оның "кузовы" ақ емес, көк емес, шымқай қара түсті. Қар-жаңбырыңыз жауып, қанша бұр­шақ ұрса да асты-үсті шірімек түгілі тот баспайды. Двигитиль-машинаның қол­тығын жазып арғымақтай алға заулататын мотор ғой. Қалдыбектің "моторы" күшті. Кілтін салып бұ­ра­ғанда "қыж-қыж-қыж" деп жуық арада отала қоймайтын оңбаған мотор емес. Жүйкеңді жүндей түтіп, итіңді шығармайды. Бірден оталады. "Шасси" деген не? Тұлпардың тұяғы. Яғни, төрт доңғалақ. "За­паскісімен" бесеу. Қалдыбекте "запас" доңғалақ жоқ. Болған емес. Болмайды да. Жол-жөнекей бало­ным жарылып, айдалада аңқиып қалам-ау деп ойлаған емес. Ой­ламайды да! Тек алға! Алды-арты бірдей істегесін бе қайдам, бат­пақка батып көрмеген. Доңға­лақтарының бүрі мықты, бүтін балон. Жарылмайды. Тесілмейді. Импортный. Арабский. Көз тимесін, оның осал жері біреу-ақ. Тормозы онша емес. Бір басқанда жер тістеп тоқтай қоймайды... Рульде өзі. Ешкімге ұстатпайды. Айтқан жерден аулақ, апатқа ұшы­рап "авария" жасамай аман-есен өрге тартып келе жатқан Өнер шо­пыры. Тың және тыңайған жер­ді игергендей ән өлкесіне дән сеуіп, өзінің түренін салған ұлы ком­позитор Шәмші Қалдақов атын­дағы республикалық фест­и­вальді жыл сайын өткізіп жүрген кім? Қалдыбек Құрманәлі. Ебепке себеп іздеп қаншама өнер бұлағы­ның көзін ашқан кім? Қалдыбек Құр­манәлі. Вальс королі атанып дү­ниеден озған жарықтық Шәкең­нің рухына арнап 82 ән жазылғанын біреу білсе, біреу білмес. Соншама шоғырлы әндердің ішіндегі шоқ­тығы биігі қайсы? Қалдыбектің "Ән аға немесе Шәмшімен сыр­ласу" әні. Өлеңін жазған Ибрагим Исаев. Ұлы тұлғаларға мәрмәр қа­шап, қара тастан ескерткш орна­тып жатамыз.Оны да жөн дейік. Әйтсе де біздің Қалдыбек қазағын әнге бөлеп тер­беткен Қалдаяқовтай қайта­ланбас тұлпар тұлғаға әуезді әнмен ерекше ескерткіш орнатқан азамат.Тау суындай тасып аққан жас ша­ғын­да "Менен асқан ешкім жоқ. Мен!" дейтін. Кейінірек "Мен және Шәм­ші Қалдаяқов!" деді. Есі кір­генде "Шәмші Қалдаяқов және мен!" дейтін болды. Қазір ше? Тек "Шәм­ші Қалдаяқов!" дейді.Айнымайды. Қалдыбек қай қырынан болса да ешкімді қайталамайтын және қайталанбайтын қазақ. Құдай берген төрт ұл, бір қызының азан шақырып қойған аттары да ай­рықша. Алты Алаштың аузында жүрген айтулы азаматтардың есімі мен фамилиясын қоса тіркеп, бір-атаған. Тұңғыш ұлының аты Шәм­ші Қалдаяқ."...ов"ты алып тастаған. Одан кейінгілерінің есімдері Бек­зат-Саттархан, Мұхтар-Шахан, Иманғали-Тасмағамбет. Қызы Мақпал. Оған сірә, Жүнісованы тіркеу ыңғайсыздау көрінсе керек. Қос есімді қосарлап қою ұлтымыздың дәстүрінде бар салт. Мысалы Шоқан Уалихановтың шын аты-Мұхамед-Қанапия. Қа­зақ әдебиетінде детектив жанрын қалыптастырған жазушы Кемел Тоқаев 1953 жылы дүниеге келген ұлын әуелі Жомарт деп атағысы келген. Соғыстан оралмаған Қа­сым ағасының есімі ұмытылмас үшін Қасым-Жомарт деп атаған. Тарихы солай. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазір тарихи тұл­ға. Сол сияқты Қалдыбек бауырым да әр баласының есімін ата-баба салтымен ырымдап қойған-ау? Қалдыбектің хикаясы жырдан да қызық. Үшінші ұлын үкілеп Алматыда сүндет тойын жасауды ұйғарады да, шақыру билетін таратады. Бір кемпір үйіне әкеп тастаған шақыру билетіндегі "Сізді Мұхтар-Шаханның сүндет тойына шаұырамыз" деген хабарламаны оқып талып қала жаздапты. "Ой, масқара-ай! – депті таңырқап. – Алқым жүні ағарған Мұхтар Ша­ханов осы күнге дейін сүндетке отырмаған ба?" ...Қалдыбек Құрманәлі жарық дүниеге таң қалу үшін емес, таң қалдыру үшін келген сияқты.  

 Көпен ӘМІРБЕК