Үш әріп дегенде, КГБ немесе КНБ дегенді еске түсіретіндер бар. Бүгінде одан басқа үш әріптен жаман қорқатындар бар. Бұл жұмбақтың жауабын білесіздер ме? – Білем! – деді көршім көңілденіп. – Айта қойшы? – КНБ! – Жоқ! – КГБ! – Өй, ол орысшасы ғой? – Ее, сол ғой? – Немене сол ғой? – Тілімнің ұшында тұрғаны... – Үш әріп. Бірақ одан жұрттың бәрі қорқады. – БАҚ. – Немен БАҚ? – Бұқаралық Ақпарат құралдары ше? – Өй, қайта тілшілер сын мақала жазса, шенеуніктердің қызметі өсіп, жоғарылап кетеді. – Айта салшы? – Тойдың ба? – Тойдым. – Далбасалауды қойдың ба? – Қойдым. – Сенің миың ойдым, ойдым. – Айтсаңшы енді? – Мен де ұмытып қалдым. – Оой, болшы енді? – Айта салайын ба? – Ия. – Не ғой. – Немене, не ғой? – Қазір жұрт үш әріптен қорқады. Ол – МАС. МАС адамдардан. МАС деген қысқартылған сөз. Мен арақты сүйем, немесе миы ашыған сайтан. – Қойшы, сен де! – Шын айтамын, МАС адам көлікке отырса, жұрттың жүректері зуылдап, жерге түсіп қалады. Мас жүргізушілердің кесірінен қаншама адамның тағдырлары талқандалды! Қаншама әйел жесір, балалар жетім қалды. «МАС. Мас адамнан қаш!» Осындай мақал шығардым. – Ия, дұрыс айтасың. МАС. Маста жоқ бас! – Мас жүргізушілерге қатаң жазалар қолданылып жатса да, олар көлікке қисалаңдап отырғандарын қоймай келеді. Күні кеше ғана, Алматы облысындағы блок бекетте болған сұмдық оқиғаны айтсаңшы? 1992 жылы туылған Азат Азаматов деген бұрынғы полицей жұмысына салғыртығы, тағы басқа жауапсыздықтары үшін төрт рет ескерту алған болып шықты. – Ия? Не деген жауапсыз адам еді? – 25 мамыр күні ішіп алып, таңғы бесте Көксай ауылындағы блок бекетке соғылып, одан шыр айналып келіп, полиция көлігіне соқтығысқан. – Масқара! – Соққының қатты болғаны соншалық, полиция аға лейтенанты Жалғас Жанғазиев оқиға орнында қайтыс болса, полиция сержанты Дастан Әбдіханов ауруханада есін жимастан ана дүниеге аттанып кете барды... – Анау оңбаған ше? – Ол тірі. Жараланғаны болмаса... Екеуміз де үнсіз қалдық. Аптал азаматтарға ажал құштырған мас жүргізушіні жек көріп тұрмыз. Не деген жауыздық! МАС. Үш әріп! Осы үш әріпті қашан тия алады екенбіз? Бір кезде көршім қашып кетті. Сөйтсем, қисалаңдап, жаяу МАС адам келе жатыр екен. Менің де көргім келмей, үйге зыттым. Неге? Маскүнемнің қаскүнемге айнала салуы оп-оңай. Машайықтан қашайық.
Мұхтар ШЕРІМ