Иығында қуыршақтай қыз аяғын салбыратып, сықылықтай күліп отыр екен. Ол селк ете қалды. Ол дегеніміз – Алматыдағы ішкі істер министрлігіне қарасты, «Қазақстан» шипажайының бұрынғы басшысы Қазыбек Сұлтан. Селк ете қалды. Тез есін жиды да: – Сен кімсің? – деп сұрады. – Шайтаныңмын. – Атың кім? – Шайтанка. – Иығымда неғып отырсың? – Сені түртейін деп. – Не үшін түртпекшісің? – Осы шипажайдың бастығы бола тұрып, ештеңе жемей кетпекшісің бе? – Сонда? – Банктен миллиардтар алайын деп жатырсың ғой? – Ия. – Сол миллиардтардан жымқырып қалмайсың ба? «Түлен түртті» деген осы. Бұл 2013 жыл болатын. Ойы ойға, қиялы қырға кетіп, ұйқысы қашты. Миллиардтаған ақшалар ұшып келіп, тізесіне, иығына, басына қонып жатты. Шаттықтан шалқасынан жата кетті. Қараса, қасында әйелі емес, шайтаны жатыр екен. – Ей, сен неғып жатырсың қасымда? – деп сұрады ол. – Жәй. Сенің шайтаныңмын ғой. – Тұр, ұят болады. – Сонымен, жейтін болдың ғой? – Оның саған келер пайдасы қандай? – Біз шайтандар адамдарды азғырамыз. Штаттық қызметіміз сол. – Сонда мені азғырып жатқаның ғой? – Өзің біл. Шипажайды күрделі жөндеуден өткіземін дейсің де, шала– шарпы жұмыс жасаған болып, қалғанын қылғыта саласың. – Жақсы идея, шайтаным менің! – Әрине! «Қазақстан» шипажайының сол кездегі бастығы Қазыбек Сұлтан ойланып жатпады, «күрделі жөндеу жүргіземін» деген сылтаумен демалыс орнын кепілге қойып, 2 миллиард 600 миллион теңге несие алып тынды. Шайтаны жақсылап түртсе керек, сол соманың 1 миллиардқа жуығын қитұрқы әрекеттерімен қалтасына басты. Бұл іске қызын да араластырып, былыққа белшесінен батты. Сол шипажайдың спорттық сауықтыру кешенін басқарған қызы 2015-2019 жылдары барлық табысты жұта салған. Қиналмай. Бірақ екеуінің қылмыстары әшкере болып, бүкіл елге, туыстарына масқара болды. Қазыбек Сұлтан жақында қамауға алынды. Изоляторда ашуы келіп, иығында отырған шайтанының шашына жармасты. – Бәріне сен кінәлісің! – деді. – Ойбай, мен не істедім? – Сен азғырдың мені! – Мен «өл» десем өле саласың ба? – Сені соттау керек! – Шайтандарды соттау деген қылмыстық бап жоқ сендерде! Сөйткен шайтаны көзден ғайып болды. Әрине, ол шайтаны емес, қиқымды қиялы еді. Қырсық шалғанда, түрмеге түсті. Банк шипажайды сатып, шығындарын жаппақшы... Абайлаңдар, «шайтандарың» азғырып жүрмесін!
Жатыпатар ЖАНЫС