Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов төтенше жағдай кезінде атқарылған жұмыстар ретін таныстырып, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бірқатар іс-шара қабылданғанын мәлім етті. Оның айтуынша, қазір жұмыс қарқыны артқан, күнделікті 3 мыңнан астам тестілеу жүргізіледі. «Карантиннің алғашқы күндері ЖРВИ, пневмония ауруы бар азаматтардың бір емханаға баруы дәрігерлерге қауіп төндірді. Сол себепті науқастарды қабылдаған дәрігерлерді карантинге жабуға тура келді. Дәрігерлерге қауіп төндірмеу үшін пневмониясы бар азаматтарға арнап Теміржол ауруханасын белгіледік. Сонымен бірге ЖРВИ немесе басқа да температурасы бар симптомдарға №2 емхана мамандары қызмет көрсетті. Ал төтенше жағдай аяқталған соң барлық 14 емханада арнайы есік ашылып, онда жеке дәрігерлер қабылдайтын болды. Осы шаралардың арқасында біз 150-ге жуық вирус жұқтырған адамның басқа емханаларға баруының алдын алдық», – дейді А.Көлгінов. Қала әкімі сөз арасында Президенттің тапсырмасына сәйкес індетпен күресіп жатқан дәрігерлер мемлекет тарапынан қомақты қолдау алғанын ерекше атап өтті. Індетпен күресіп жатқан 4 мыңға жуық дәрігерге жалпы сомасы 1,5 млрд теңге қаражат бөлінген. Жаңа инфекциялық аурухана қысқа мерзімде салынып, 200 орындық ауруханадан 150 адам емделіп шыққанын жеткізді. «Қазіргі уақытта 3 мың бала балабақшаға барады. «Кезекші топтар» ең алдымен балаларын үйде қалдыра алмайтын ата-аналар үшін ашылды. Біз қалалық штабта осы мәселені тағы да талқылап, бұл тақырыпқа маусымның ортасында қайта ораламыз. Бұдан бөлек, жазғы лагерьлер де әзірге іске қосылмайды», – деді елорда әкімі. Бұдан соң ол қалалық жедел штаб жұмысы жалғаса беретінін айта келіп, карантин уақытында тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс атқарғанын атап өтті. «Оның міндеті – жүргізіліп жатқан жұмысты тәулік бойы үйлестіру. Біріншіден, ақпараттандыру және азаматтармен өзара іс-қимыл қызметі. Біз онлайн да, оффлайн режимде де жұмыс істедік. Жыл басынан бері 109 қызметіне 1 млн-нан аса хабарлама түссе, оның ішінде 300 мыңнан астамы ТЖ жағдайы, коронавирус, емделу жолдары немесе карантинге қатысты жолданды. Қалалық жедел штабқа күніне 600-ге жуық адам жүгінді. Олардың сауалдары бірден шешілді. Негізінен, жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек алу жолдары секілді мәселелермен келді. Бұл жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Осыдан кейін біз ХҚО-ларды, арнайы ХҚО-ларды, «Жанұя» орталығының жұмысын қайта іске қостық», – дейді ол. Брифинг барысында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов санитарлық норманы сақтамаған мекемелерге ескерту жасалғанын айтты. Санитарлық-эпидемиологиялық талапты бұзғаны үшін бірқатар құрылыс компаниясы, дәмхана, мейрамхана, қонақүй басшылығына, 150-ден астам мекемеге ескерту жасалып, кейбіріне айыппұл салынған. «Сонымен қатар рейд кезінде саябақтарда адамның көп жиналатыны, олардың бетпердесіз жүретіні байқалды. Мұның бәрі инфекцияның кеңінен таралуына әкеп соқтыруы мүмкін. Ондай жағдайда науқастарға дер кезінде көмек көрсету, вирус жұқтырғандарды емдеу қиынға соғады. Полиция департаментімен және волонтерлармен бірлесіп саябақтарда және басқа да адам көп жиналатын орындарда профилактикалық жұмыстар жүргізіледі» деген елорда әкімі сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды. Оның айтуынша, эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтылығына қарай маусымнан бастап қала маңындағы елді мекендерге қатынайтын қоғамдық көлік қозғалысын іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істейтін Қосшы, Талапкер сияқты елді мекен тұрғындарын қаланың ішкі карантин аумағына кіргізу қарастырылып отырғанын жеткізді. Әкімнің мәлімдеуінше, маусымнан бастап кейбір бағыттағы теміржол рейстері іске қосылады. Алайда вирус қаупі әлі де сейілмегендіктен, блок-бекеттер ашылмайды. Ал қоғамдық көліктер тұрақты бақылауға алынып, күнделікті дезинфекцияланады. «Карантинге дейін күніне 700 мың адам қоғамдық көлікті пайдаланатын. Біз әр адамға бақылаушы қоя алмаймыз. Сондықтан тұрғындар сақтық шараларын барынша сақтауы тиіс. Өзіне де, өзгеге де зиян тигізбеуі керек», – деді Алтай Көлгінов. Ол сөз арасында коронавируспен күресте цифрландыру жүйесі көмек тигізгенін, осы ретте санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды бақылауға мүмкіндік беретін Е-Карантин ақпараттық жүйесі әзірленгенін айтып өтті. «Төтенше жағдай режимін сақтау үшін Қарулы Күштің жеке құрамынан 1 мыңнан аса адам, Полиция департаменті мен Ұлттық гвардияның жеке құрамынан бас-аяғы 3 мың қызметкер жұмылдырылды», – деді әкім. Төтенше жағдай кезінде жұмыссыз қалғандарға ең төменгі жалақы ретінде 42 500 теңге сәуір айында 270 мың адамға берілді. Ал мамыр айында қосымша 130 мыңнан астам адам осындай көмек алды. Сонымен қатар кәсіпкерлер де шет қалмай, үлкен қолдау көрсеткенін жеткізді. «43 мың әлеуметтік аз қамтылған азамат 50 мың теңгеден көмек алды. Оған 2 млрд 100 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды. Бұл – бюджеттен тыс қаражат. Сонымен бірге 34 мың отбасыға азық-түлік көмегі берілді. Оған бюджеттен тыс 1 млрд теңге аударылды. Бұдан бөлек, мемлекеттік әлеуметтік көмекті 4,5 мың әлеуметтік аз қамтылған отбасының баласы алды. Ал атаулы әлеуметтік көмекке 3,5 мың отбасы ие болды», – дейді Алтай Сейдірұлы. Мемлекет басшысының шешімі бойынша шағын және орта бизнес өкілдері 1 қазанға дейін салықтан босатылды. «Бізде 55 пайыз кіріс шағын және орта бизнестен болғандықтан, экономикалық қиындықтар бар. Бизнес өкілдерінің басым көпшілігі салықтан босатылғандықтан, қала 60 миллиард теңгеден қағылады. Алайда мемлекет тарапынан қабылданған «Жұмыспен қамтудың жол картасының» көмегі тиіп жатыр», – деді қала басшысы.
Алтынбек ТОЛЫМБЕКОВ, Нұр-Сұлтан