Жегенді саламен сараласа...
Жегенді саламен сараласа...
305
оқылды

Ауызсуға зарыққан қаншама ел бар? Үйге кезегі жете алмай немесе сатып алар қаражаты жетпей мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырғандардың саны қанша? Шұрық тесік жолдар талайдың көлігін сындырды, ең ауыры осы жолдарда апаттан қаншама адамның өмірі қиылды. Осыны көріп отырып, қоғамның ең ауыр дерті жемқорлық болмаса қаншама мәселе шешілер еді деп қынжыласың!

Айтылар сөзіміздің тұздығы болсын, 2018 жылы елімізде 1 290 адам сыбайлас жемқорлықпен ұсталған. Оның ішінде 25 рес­пуб­ликалық деңгейдегі, ал 91 облыс­тық деңгейдегі басшы бар. Бұған қоса 4 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілген. Осының салдарынан мемлекетке 21 мил­лиард теңге залал келген. Дегенмен ол соманың 89 пайызы өндіріп алынды. Бірақ дәл уақытында жұм­салмаған қаржы кесірінен, жөн­делмей жолдар, салынбай үйлер, тартылмай су құбыры қал­ды емес пе?!

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасы Алик Шпекбаев:

– Биыл осы бағыттағы жұмыс­тарды жалғастырып, әсіресе, құ­қық қорғау және сот орындарын­дағы жемқорлықпен кешенді түрде кү­респекпіз. Бұл мәселеге азамат­тық қоғамды да тартып, әр анық­талған деректі бұқаралық ақпарат құрал­дарында жариялап оты­рамыз. Ұлттық бюро мен Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің осындай әдіс­тері ғана сараң және екіжүзді ше­неуніктердің заңсыз баюына той­тарыс береді. Бүгінгі күні сы­байлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жұмысы қауырт. Бірінші қыр­күйек­ке дейін жемқорлықтың дең­гейін мейлінше төмендетуге ба­ғытталған реформалар топта­ма­сы дайындалады. Жемқорлық – мемлекет дамуын тежейтін кесел. Қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қа­тер төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз, – дейді. Сенейік!

Ал енді осыны салаға бөліп, сара­лап көрейік. Өткен үш жыл ішінде бір ғана халықты ауызсумен қамтамасыз ету саласында 69 сы­байлас жемқорлық қылмысы тір­кел­ген. Бұл туралы Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы қызмет Тергеу басқармасының бастығы Қанат Сүлейменов:

– 2016 жылдан бастап 2019 жыл­дың мамыр айына дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ха­лықты ауызсумен қамтамасыз ету саласында 69 сыбайлас жемқор­лық қылмысын тіркеді. Осы салада мемлекетке келген залал – 1,8 мил­лиард теңге. 32 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 24-і сотталды. Талдау көрсеткендей, қылмыстың жартысынан астамын лауазымды тұлғалар мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша орындалған жұмыстар актілеріне жалған қол қою арқылы жасайды. Көбінесе бюджет қаражатын ұрлау (25), пара алу (14) және өкілеттікті асыра пайдалану (13) фактілері тіркелді, – дейді.

Мұның мысалы көп. Мәселен, Жамбыл облысында осы жылдың 14 маусымында «Өркен» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ө.Мүсірәлиев аса ірі көлемде жалпы сомасы 706 мил­лион теңгені құрайтын бюджет қа­ражатын жымқыру фактісі бо­йынша 6 жылға бас бостандығы­нан айырылды. Сонымен қатар сот­талушы бас бостандығы жаза­сын өтеп болғаннан кейін 3 жыл құрылыс саласында жұмыс істей алмайды. Бұл ақша мемлекеттің 100 пайыз қатысу үлесі бар «Тараз химиялық паркі» еркін экономи­калық аймағы басқарушы компа­ниясы» акционерлік қоғамы үшін магистралды суағар құрылысын салуға арналған. Келтірілген залал толығымен өндірілген.

Маң­ғыстау облысында «Қаз­сушар» республикалық мемле­кеттік кә­сіпорнының облыстық филиа­лының лауазымды тұлға­ларына қатысты ауызсу сатып алуды суб­сидиялауға бөлінген 30 миллион теңгеден астам бюд­жет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қыл­мыстық іс тергелуде. Солтүстік Қазақстан облысы Соколов топ­тық су құбырын қайта жаңарту бойынша келісімшарт жасасу ке­зінде 60 миллион теңге сомасында пара алу фактісі бойынша Су ресурстары комитет төрағасына қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Ауызсуға жете алмай жүрген халық көп. Сенген шенеунік қыл­ғытуда. «Ұрланған 1,8 миллиард тең­геге қанша ауылды сумен қам­тамасыз етуге болар еді» дейміз де қоямыз.

Жолға келсек те, жемқор­лық­тың иісі мұрынға келеді. Олай демеске амал жоқ! Өйткені жол құрылысына қатысты салада 3,5 жыл ішінде мемлекетке 2,7 мил­лиард теңге залал келген. Яғни, 100-ге жуық сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелген.

– Қылмыстық жауапкершілік­ке 55 адам тартылса, оның 24-і бү­­гінгі күні сотталды. «Алматы­ жол зертханасы» республикалық мем­ле­кеттік мекемесінің дирек­торы параның жиырма есе­лен­ген сомасында, яғни 40 мил­лион теңге көлемінде жол салу кезінде материалдарды арзаны­рақ етіп өзгертуді келіскені үшін жалпы сомасы 2 миллион теңгеге пара алғаны үшін сотталды.

Павлодар облысында «Пав­лодар жол зертханасы» респуб­­ликалық мемлекеттік мекемесінің басшысы, «ҚазАвтоЖол ұлттық ком­паниясы» акционерлік қоға­мы филиалының директоры және оның орынбасарына қатысты қылмыстық іс тергелуде. Аталған тұлғалар «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Астана-Павлодар» және «Павлодар-Семей» жолдарын салу мен қайта жаңартуды жүзеге асыру бары­сын­да мердігерлік ұйымдардың өкіл­дерінен жүйелі түрде пара алып келген, – дейді Қанат Сүлейменов

Ағымдағы жылға көшсек, соң­ғы бес айда тергеу нәтижелері бо­йынша ҚІЖК-нің 200-бабы тәрті­бінде мемлекеттік органдарға қыл­­мыстық құқықбұзушылық жа­сауға және басқа да заңбұзу­шылықтарға ықпал еткен жағ­дай­ларды жою бойынша 1 373 ұсыныс енгізілген. Олардың көпшілігі ішкі істер, әкімдік, білім беру, мемле­кеттік кіріс мекемелеріне жібе­ріл­ген. Қарау нәтижелері бойынша тәртіптік жауапкершілікке 557 мем­лекеттік қызметкер тартылса, оның ішінде 76-сы жұмыстан шы­ғарылған. Әртүрлі тәртіптік жауап­кершілікке 190 басшы тартылған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жобаларын түзуде. Ілкімді болғай!