Батырларды құрметтеу – бұлжымас парызымыз
Батырларды құрметтеу – бұлжымас парызымыз
460
оқылды

Адам ішкі ниеті мен жүрек сөзі үндескенде ғана батыр болады. Ары қарайғы ерлік – сынақ. Сенің еліңе деген, қызметіңе деген махаббатың қиындықта сыналады. Ғазиз Байтасов елдік үшін жан беріп, қызмет жолында үлгі көрсеткен жан.

Қаһарман

Ерлік пен өрліктің хас үлгісін көрсеткен батырларды мадақтау, олардың алдында бас иіп, құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың да бұлжымас парызы. Бүгінгі тыныш өміріміз, тәуелсіздігіміз осындай батырлық пен өрліктің белгісіндей болған батырлардың ерен еңбегі деп білеміз. Бейбіт күннің әр сәтін бағалау қажетін бәріміз сезінуіміз керек.

Бұл күндері қазақстандық по­лиция қызметтік міндетті атқару барысында 700-дей қызметке­рі­нен айырылды. Қылмысқа қарсы күресте және қоғамдық тәртіпті қам­тамасыз етуде жан тәсілім ет­кен полиция қызметкерлерінің есімдері мәңгілік жадымызда сақталады.

Соның ішінде, 2011 жылдың қарашасында қандықол лаңкесті тоқтату барысында қаза болған, халқының тыныштығы үшін ба­сын бәйгеге тіккен жерлесіміз, Қазақстанның Халық Қаһарманы атағына ие болған бірегей по­ли­цей Ғазиз Байтасовтың да ер­лігі тарихқа алтын әріппен жазыл­ды. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» екенін тағы да дәлелдеген батыр­дың жанқияр­лығы та­­лай жүрекке от тастап, намыс най­­­за­ғайын ойнататыны шындық.

Шын батыр сын үстінде та­нылады. Батылдық, отансүйгіш­тік, ұстамдылық, табандылық, қайсарлық – нағыз батырдың қасиеті. Өлім қаупі төнсе де, ру­хын жоғары ұстап, басына төнген қауіптен жалтармай, қоғамдық мәнді мақсаттарды негізгі боры­шым деп есептеген Ғазиз Байта­сов басшылық тарапынан 25 рет марапатқа ие болып, қалтқысыз қызметі үшін медальдармен ма­рапатталды. Елін сүйген ер есімі – мәңгілік ел есінде.

Аз ғана ғұмырында асқан ер­лігімен отанға, туған жерге деген сүйіспеншіліктің биік өлшемін көрсеткен қаһарман жерлесіміздің ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі екені даусыз. Жылдар өткен сайын ба­тырдың бейнесі ұлғая түседі. Қаза болған бес жыл ішінде Ғазиз Байтасовтың есімі кеңбайтақ елі­мізге аңыз болды, ерліктің, өр­ліктің белгісі болып тарихқа енді. Ерлігімен қазақстандық поли­цейлердің абыройын асқақтатып, тыныштық сақшыларына халық сенімін ұялатты.

«Болат қайнауда шынығады, батыр майданда шынығады» демекші, ел абыройын бұлқынған намыс пен жұлқынған жігермен ақтық демі қалғанша қорғаған Ғазиз Байтасовтай қаһарманның бейнесі жадымызда жаңғырып, оның бойындағы отаншылдық сезім қазіргі сапта тұрған жам­был­дық полицейлерге қолдау көрсетіп тұрғандай. Бұл күндері жалпы тәртіпті, әділдікті, қоғам­ның тыныштық күзетінде қызмет етіп, жабырқаған жандарға медет болған, қиналғандарға қорған болған сақшылардың еңбегі зор.

Заңның жүзеге асуын, қыл­мыстының құрықталып, жазаға тартылуын қамтамасыз ететін құқық қорғау органдары қызмет­керлеріне артылатын жауапкер­шілік жүгі ауыр. Қарапайым адам полиция қызметкері бола алмай­ды. Бейбіт өмірдің тыныштығын бұзған лаңкестерді құрықтау ба­рысында арыстай азаматтарымыз көз жұмды.

Ішкі және сыртқы тұрақты­лығымыз нығаймаса, әлсіреген жоқ. Осы жолда біліміміз бен бі­лігімізді, қайратымыз бен қабі­ле­тімізді, қажет болса қанымыз бен жанымызды аямай жұмсаймыз.

Елімізде бейбітшілік болсын, ел ішіндегі бірлік пен ұйыған татулықтың баяндылығын мақсат тұтқан айбынды азаматтарымыз аман болсын. Қыран қанатын құ­лаштаған көк байрағымыз же­л­біреп, тұғырымыз биіктеп, мәр­тебеміз марқ

ая берсін!

Құрмет

Ішкі істер министрлігі мен Жам­был облысы Полиция депар­таментінің бастығы, полиция пол­ковнигі Арман Оразалиевтің бастамасымен Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық универ­сите­тін­де Халық Қаһарманы Ғ.Бай­та­сов­қа арналған аудитория ашылды.

Жамбыл облысы Полиция де­партаменті басшылығының бас­тамасымен және Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық универ­си­теті ректоры Ғалымқайыр Мұ­та­нов­тың қолдауымен Заң фа­куль­теті аудиторияларының бі­ріне Ғ.Бай­тасов есімі берілді. Қазір ҚазҰУ қабырғасында оның ұлы Арман­жан жоғары білім алып жатыр.

Салтанатты іс-шараға Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Рашид Жақыпов, Генералдар кеңесінің төрағасы полиция генерал-майо­ры Рүстем Қайдаров, Жамбыл облысы Полиция департаментінің және ҚазҰУ Заң факультетінің қызметкерлері, сондай-ақ Ғазиз Байтасовтың отбасы мүшелері мен туыстары қатысты.

Іс-шараны Жамбыл облыстық Полиция департаментінің Кадр саясаты басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Гүлмира Қойшыбаева жүргізіп, батырдың ерлігіне тоқталып өтті.

Генералдар кеңесінің төра­ға­сы Рүстем Қайдаров, сондай-ақ Ғ.Байтасовтың ағасы Үсіпәлі Қа­лиев сөз сөйлеп, Байтасовтың ерлік істері мен батылдығы тура­лы, аза­маттардың өмірін құтқару үшін өз өмірін құрбан еткен ерлерді еш­қашан ұмытпауымыз керек екенін айтты. Олар осы уни­верситет тү­лектерінің Отанға адал және кәсіби қызмет етіп, қо­ғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде лайықты еңбек ететініне сенім біл­дірді. Өз кезе­гінде ба­тырдың жұ­байы Гүлжамал Тә­жие­ва Ға­зизді ұмытпай, есімін құрмет тұ­тып жүрген барша ІІО қыз­мет­керлеріне алғысын білдірді.

Жиналғандар 2011 жылы 12 қа­­рашада Тараз қаласындағы по­лиция капитаны Ғазиз Байта­совтың ерлігі суреттелген деректі фильмді тамашалады.

Ерлік – ұмытылмайтын ұғым. Ал оған патриотизм мен адалдық элексирі қосылса, халық естен шы­­ғармайды. Бүгінгі жасқа, ер­теңгі ұрпаққа үлгі етеді, ұлықтай­ды. Ғазиз Байтасовтың ерлік шырағданы елі үшін сөнбек емес.

Айбике ЖАНАСЫЛ