Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында дәрігерді қателік жасағаны үшін қылмыстық жазаға тарту мәселесін қайта қарауды тапсырды. Дәрігер жауапкершілігі әкімшілік және азаматтық-құқықтық сипатта болуы тиіс деген пікірін білдірді. Білім саласы талқыланады деген отырыста дәрігерлер жауапкершілігі туралы сөз неге қозғалды? Мұның былтыр күзде дәрігер қатесінен көз жұмды деген «Күдебаев ісіне» қатысы бар ма? Медициналық қателіктен науқас қайтыс болса, дәрігер қандай жазаға тартылғаны жөн? Ақтаймыз ба, соттаймыз ба? ...Сонымен, Президент медицина қызметкерлерін өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін бірден қылмыстық жазаға тарту мәселесін жан-жақты зерделеу қажет екенін мәлімдеді. «Себебі бүгінде тергеу кезінде дәрігердің өз міндетін қаншалықты немқұрайды орындағанын анықтау қиын. Соған қарамастан біраз маман қылмыстық жазаға тартылып отыр. Сондай-ақ клиникалық зерттеулерді өткізу тәртібін бұзғаны үшін қылмыстық жазаны қолдану мәселесін де қайта қарау қажет. Әйтпесе, бүгінде медицина мамандары жазадан қорқып, ғылымға бармайды. Бірақ бұл өзгерістер дәрігерлердің адам өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілігін азайтпайды. Жауапкершілік дамыған мемлекеттердегідей әкімшілік және азаматтық-құқықтық сипатта болуы керек», – деді Қ.Тоқаев.
Әр елдің заңы басқа...
Жалпы, бізде медициналық қателіктің салдарынан кісі өліміне алып келген жағдайға байланысты дәрігерді қатаң жазалауға қарсы тараптың өз уәжі бар. Олар мың операция жасап, адам өмірін құтқарған хирургті мың бірінші пациенті қайтыс болғаны үшін соттаудан кім не ұтады деп санайды. Мысалы, Қазақстандағы репродуктивті медицина қауымдастығының президенті акушер-гинеколог Вячеслав Локшиннің пікірінше, әлемде дәрігер қателігі үшін қылмыстық жауапкершілік жоқ, себебі қателік жіберуден ешкім сақтандырылмаған. «Кез келген операцияны ең тәжірибелі дәрігерге сеніп тапсырады. Операцияда науқас қайтыс болды деп тәжірибелі дәрігерлерді жауапкершілікке тарта берсек, адамдарды кім емдейді? Жұмысына салғырт қарайтын, пара алатын дәрігерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылсын, ал медициналық қателік үшін дәрігерді әкімшілік жауапкершілікке тарту керек, себебі дамыған елдерде солай», – дейді. Біз осы тұста әлем тәжірибесіне барлау жасап көрдік. Мысалы, Германияда әр дәрігер сақтандыру компаниясымен кәсіби жауапкершілік шартын жасайды. Егер арбитраждық комиссия дәрігердің қателігінен науқасқа келген шығынды өтеп беру туралы шешім қабылдаса, ол шығынды дәрігер үшін сақтандыру компаниясы төлейді. АҚШ-та да осы тәжірибе қолданыста. Ресейде де дәрігерлерге сапасыз емдегені үшін айыппұл төлету қолға алынбақ. Бірақ бұл бастамаға медицина қауымдастығы қарсы. Олар саладағы барлық проблеманың себебі денсаулық сақтау жүйесіндегі дағдарыста деп санайды. Ал Қытайда медицина қызметкері ісіне шала қарап, салдарынан адам өлсе, дәрігерді 3 жылға бас бостандығынан айырады. Жапонияда дәрігер кінәлі болса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады, бірақ абақтыға жабылмайды. Тек дәрігердің кәсіптік қызметіне нүкте қойылады. Көріп отырғанымыздай, әлемде дәрігер қатесіне қатысты жаза бірдей емес екен.Қарға қарғаның көзін шұқымайды
Қазақстанда жыл сайын 800-ге жуық медицина қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылады деген дерек бар, алайда оның қаншасы сотталып, ақталғаны туралы ақпарат жоқ. Ал адвокат Абзал Құспанның пікірінше, сотталған дәрігерлердің саны аз, себебі сот шешім шығарарда дәрігерлер қызметін қадағалайтын ұйымның қорытындысына сүйенеді. Ал ондай ұйым көп жағдайда дәрігер қателескен жоқ деген қорытынды береді. «Әдетте, адвокаттар мұндай істі алудан бас тартады, себебі сотта соңғы сөзді сот емес, дәрігерлер қызметін қадағалаушы ұйым айтады, олар комиссия құрып, дәрігерлік қате жоқ деп дәрігерді ақтап шыға алады. Осылайша, іс жүзінде дәрігерлер сотталмайды. Тек Н. Күдебаев өліміне қатысты іс қана ұзаққа созылып тұр», – дейді ол. Шынында, дәрігер ісіне қатысты қандай да бір сот ісі басында шулы басталғанымен, соңы сұйылып кетеді. Былтыр күзде ел назарына ілінген «Дәрігерлер ісі» туралы бүгін ешкім айта қоймайды. Еске салсақ, Алматы қаласы Полиция департаментінің сол кездегі басшысы Серік Күдебаевтың ұлы Нұрсұлтан Күдебаев қайтыс болғаннан кейін №4 аурухананың бас дәрігері мен анестезиологының үстінен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынған-ды. Алайда Президент істің әділ тергелуін тапсырған соң аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаев пен анестезиолог Асқар Тұңғышбаев уақытша ұстау изоляторынан сот қаулысымен босатылды. Атышулы «Дәрігерлер ісі» бүгіндері қоғам бақылауынан тыс қалды. Біз сұрастыра келе, бұл іске әлі күнге нүкте қойылмағанын білдік. Аталған іс уақытша тоқтап тұр. Себебі істі тергеп жатқан Алматы экономикалық тергеу департаменті Н.Күдебаев қайтыс болған Германиядағы клиникаға сұрау жолдаған. Ал Қ.Тезекбаевтың қорғаушысы Қайрат Байбазаров әзірге аталған іске қатысты қандай да бір мәлімет беруден бас тартты. Қалай десек те, осы оқиғадан соң қоғам пікірі қақ жарылғаны есте. Бір тарап дәрігерлерді қатаң жазалауды ұсынса, екінші тарап дәрігерлерді қорғауға шақырды. Ал Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медицина қызметкерлерін бас бостандығынан айыру секілді бұлтартпаудың ауыр түрін қолданудың қажеті жоқ деген пікірін білдірді. Дәрігерлер министрмен кездескен сайын Қылмыстық кодекстің 317-бабын әкімшілік алаңға ауыстыруды сұрайтын. Себебі аталған бапта «Медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы адам өлiмiне әкеп соқса, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі» деп жазылған. Енді Мемлекет басшысы осы бапты қайта қарауды тапсырды. Соған қарағанда дәрігерлер ұсынысы Президентке жеткен сияқты. Абзал Құспан Қылмыстық кодекстің 317-бабын қылмыссыздандыру дәрігерлік салғырттықты бетімен жібереді дейді. «Кез келген мамандық иесіне құқық беріп, жауапкершілік жүктемесек, әділетсіздік орнайды. Сондықтан кез келген мамандық иесіне құқықпен бірге жауапкершілік қатар жүктелуі керек. Сол себепті дәрігердің жауапкершілігін жеңілдетудің қажеті жоқ. Президент ұсынысын Қылмыстық кодекстің 19-бабының 2-бөлімімен-ақ реттеуге болады. Ол бөлімде кінәсіз адам қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды деп анық жазылған. Осы норма жұмыс істесе, кінәсіз адам онсыз да жауапқа тартылмайды», – дейді.Кінәліні жазасыз қалдырмау принципі сақталсын
Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы директорлар кеңесінің төрағасы Бексұлтан Тұтқышев дәрігерді бас бостандығынан айырғаннан қандай пайда бар, бұл қайтыс болған науқастың туыстарына моральдық тұрғыдан жақсы шығар, бірақ ол дәрігер басқа науқасты аман алып қалу мүмкіндігіне кедергі деген пікірде. «Одан да қайтыс болған науқастың отбасына дәрігердің жұмыс орны төлесе... Сонда аурухана білікті дәрігер алуға тырысады, соған жағдай жасайды. Қазір Қылмыстық кодексте дәрігерді 5 жылға соттайды. Адамды қасақана өлтірген қылмыскер де сонша мерзімге сотталады. Ал дәрігер адамды әдейі өлтірмейді ғой, ол операцияны науқасты аман алып қаламын деп жасайды», – дейді. Оның айтуынша, соңғы жылдары хирург болғысы келетіндер азайған. Өйткені өмір бойы оқып, білім алып, жүздеген адамның өміріне араша болып, мың бірінші науқасы операция үстелінде көз жұмғаны үшін сотталып кеткісі келмейді. «Науқас дәрігерге келмесе де үйінде жүрегі тоқтап қалуы мүмкін ғой. Мүмкін, ол өте сирек кездесетін ауру шығар. Диагнозы дұрыс қойылмауы мүмкін. Диагнозды нақты қою үшін заманауи қондырғылар керек. Ондай аппараты жоқ аурухана дәрігерінің жазығы не?» – дейді Б.Тұтқышев. Бұл пікірмен Мәжіліс депутаты Иван Клименко келіседі. Сондықтан дәрігер қателігі мен немқұрайдылықты шатастырмау керек деп санайды. Себебі сырқат адам дәрі-дәрмекті қабылдағаннан кейін аллергиялық реакциясы шыға келуі мүмкін. Сондықтан дәрігер медициналық оқыс оқиға үшін жауапқа тартылмауы тиіс, бірақ пациент өзіне келтірілген зиян үшін өтемақы алуы керек. Депутаттың пікірінше, дәрігер заң тұрғыда қорғалса ғана өзінің іс-әрекетіне сенімді болады. Бұл оның қате жіберу ықтималдығын азайтады. Онсыз да әрбір қате – дәрігер үшін үлкен эмоционалды соққы. Ал Абзал Құспан дәрігерді өтемақы төлеу арқылы жауапқа тарту бұрыннан заңда бар екенін айтады. Ол бап бойынша адам қылмыстық жауапкершілікке тартылса да, тартылмаса да өтемақы төлейді. Оның пайымынша, заңдарды халықтың көңіл күйіне беріліп өзгерте берудің соңы жақсылыққа апармайды. Кінәліні жазасыз қалдырмау принципі сақталуы керек. Конституцияда заң алдында жұрттың бәрі тең деп жазылған, бұл норманы бұзуға әсте болмайды. Себебі ертеңгі күні құрылысқа жауапты инженерді, адам басып өлтірген полицейді ақтап алуға тура келеді. Иә, Президент дәрігер жауапкершілігін қайта қарауды ұсынды. Бұл ұсыныс қана. Талай талқылауға өзек болары анық. Ал қандай шешім қабылданарын уақыт көрсетеді.