Ресми статистика деректері Қазақстанның тұтыну себетінің (корзина) құны 1997 жылдан бері жеті есе өскенін айтады. Десе де, қағаздағы есеп пен күнделікті өмірдегі көрсеткіш арасында айырма көп. Еселеп көбейген себет толы өнімнің күнкөріске толық жетіп, аузымыздан ақ май ағызып отырмағаны анық. Тұтыну себетінің құны қалай есептеледі және оның ішіне не кіреді? Жалпы, тұтыну себетіне адамға ең қажетті тауарлар мен қызметтер жиынтығы кіреді. Оның тізімін түзгенде алдымен күнделікті ішіп-жемге керек азық түрі, дәрі-дәрмек, коммуналдық қызмет құны, көлік және де басқа да қызмет ақысы есептеледі. Яғни, тұтыну себеті ең төменгі күнкөріс деңгейімен шамалас. Еске сала кетейік, ең төменгі күнкөріс деңгейі 2020 жылдың1 сәуірінде 32 668 теңге болды. Әдетте, ең төменгі күнкөріс деңгейін ең төменгі айлық көрсеткішімен шатастыру жағдайы жиі кездеседі. Рас, екеуі де бір-бірімен тығыз байланысты болғанымен, бөлек ұғымды білдіреді. Төменгі жалақы мөлшері (2020 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша 42 500 теңге) ең алдымен жұмыс істеп жүрген жандарға есептелсе, төменгі күнкөріс деңгейі сол мемлекетте өмір сүріп жатқан барлық жан басына шаққандағы есеп. Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеу тәртібі Қазақстан Конституциясының «Ең төмен күнкөріс деңгейі туралы заңы бойынша жүзеге асырылады. Заңнамаға сәйкес, жұмыс беруші өзінің қызметкеріне ең төменгі айлық пен ең төменгі күнкөріс мөлшерінен аз жалақы төлеуге құқы жоқ. Айта кететін мәселе, ең төменгі күнкөрістің деңгейі әр өңірде әртүрлі түзіледі. Мәселен, 2019 жылы әдеттегідей Маңғыстау облысы алда болды – 39 400 теңге. Одан кейін төменгі күнкөріс деңгейі жөнінен Нұр-Сұлтан (37 700 теңге) мен Алматы (35 200 теңге) қалалары үштікті түйіндеді. Биылғы ақпан айындағы көрсеткіш – Маңғыстау облысы (35,7 мың теңге), Нұр-Сұлтан (34,1 мың теңге) және Алматы (33,4 мың теңге) болса, ең төмені – Павлодар облысы (26,3 мың теңге) мен БҚО (26,9 мың теңге). Тұтыну себетіндегі тауарлардың қымбаттауы Ақтөбе мен Алматы облысында және ШҚО-да тіркелді. Жоғарыда 1997 жылдан бері тұтыну себеті жеті есе өскенін айттық. Мәселен, дәл сол жылы себет ішіндегі өнімнің жиынтық құны 3,5 мың теңге (46,5 доллар) болыпты. Ал себеттің ішіндегі өнім мен тауар 20-ға жуық аталымнан аспаған. Қазіргі күні аталым саны 43-ке жетіп, жиынтық құны 31 мың теңгеден асып отыр. Ресми статистикадағы «жеті есе өсім» осы. Негізі, тұтыну себетінің минималды көрсеткіші ай сайын аз да болса өзгеріске ұшырайды. Себебі әр айдағы немесе тоқсандағы инфляция мен баға саясатының құбылуы осыған әкеледі. Осыған байланысты арнайы органдар сауда желісіндегі ең көп сатылған, ең көп тұтынылған өнімдердің орташа бағасын есептей келе оның нормасын түзеді.
СЕБЕТТІҢ ІШІНДЕ НЕ БАР?
Сонымен тұтыну себетіндегі азық-түлік тізіміне үңілсек, 35%-ы ет және балық өнімдері екенін байқаймыз. Яғни, жан басына шаққанда жылына 15 келі сиыр еті есептелген. Көкөніс пен жемістің бір адамға шаққандағы жылдық тұтыну көрсеткіші: орамжапырақ – 25 кг, сәбіз – 20 кг, пияз – 20 кг, қияр – 5 кг, қызанақ – 5 кг, қызылша – 5 кг, қарбыз – 10 кг, алма және өзге де балғын жемістер – 25 кг, жидек (жүзім, құлпынай, тағы басқалар) – 4,5 кг, кепкен жеміс – 0,5 кг. Тұтыну себетіндегі үлестің үлкен бөлігін картоп (95 кг) пен сүт өнімдері (84 кг) құрайды. Яғни, жан басына шаққанда жылына осы көлем бекітілген. Одан басқа, 142 дана жұмыртқа, ас тұзы – 2,19 кг, ашытқы – 0,05 кг және шай – 0,67 кг, тағы басқалар. Демек, тұтыну себетіндегі осы аталған өнімдерге жетерлік қаражатыңыз болса, аштан өлмеуіңізге кепілдік бар. Бұл – біздің емес, осыны түзген органдардың пайымы. Себеттің ішіндегі жиынтық азыққа орай, біздегі тәуліктік норма – 1 200-ден 1 500 килокалорий деп есептелген. Алайда бұл – аз. Мамандар адам тойып тамақ жеу үшін тәулігіне кем дегенде 2 000 килокалорий керек екенін айтады. Кейбір деректерде Екінші дүниежүзілік соғыс уақытында Германияның тұтқындарға беретін нормасы 2 500 килокалорияға жеткені жазылғанын ескерсек, ар жағын өзіңіз шамалай беріңіз. Қазақстанның азық-түлік себеті мен ең төменгі күнкөріс деңгейі бойынша көрсеткіші сын көтермейді. Бұл туралы сарапшылар мен қатардағы азаматтар да біраз жылдан бері айтып келеді. Диетологтар себеттегі азық тізімнен күріш пен ұнтақ жармасын алып тастап, жемісті көбейтуді (орташа статистика нормасына орай адам күніне 1 келі жеміс жеуі керек) ұсынады. Сондай-ақ еттің көлемін қысқартып, орнына бұршақ дақылдарын қосу керек. Осылайша, себеттің құнын қазіргіден 1,5-2 есе арттыру қажет деп санайды. Біраз уақыт бұрын Парламент депутаты Айқын Қоңыров бүгінгі күні қоғамды алаңдатып отырған негізгі мәселе халықтың кірісінің төмендеуі екенін мәлімдеген. «Біздің азаматтарымыздың елеулі бөлігі кедейшілік жағдайда өмір сүріп жатыр, тіпті жұмыс істеп жүргендерінің көбінің тұрмысы төмен. Яғни, «жұмысы бар кедейлер» саны артып келеді» деп атап көрсеткен болатын. Мәжілісмен кедейлік шегін анықтап, төменгі күнкөріс деңгейін әлемдік стандарт бойынша қайта есептеп шығуды ұсынады. Өткенге қарасақ, кеңестік кезеңде республикамызда тұтыну себеті 239 тауар және қызмет түрінен құралыпты. Мысалы, ол кезде бір адамға күніне 1 литр сүттен есептелген болса, қазір стақанмен шектеледі. Жеміс бойынша алсақ, кеңестік стандартта күніне жейтін жеміс 300 грамнан кем болмауы тиіс болса, қазір – 80 грамм мөлшерінде.ШЕТЕЛДЕ ҚАНДАЙ?
Кеңестік көрсеткішті қоя тұрып, бүгінгі өлшеммен қарасақ, Қазақстанның азық-түлік себеті Ресейдің себетінен екі есе жұпыны, ал Еуропа елдерінен үш-төрт есе төмен екенін байқаймыз. РФ-да тұтыну себетіндегі тауар мен қызмет түрінің жалпы саны – 156. Ал АҚШ-тың «себеті» 300 тауар мен қызмет түрінен құралса, Францияда – 250, Ұлыбританияда – 350, Германияда – 475. Бұл цифрларды тарқатып айтар болсақ, кісі қызығарлықтай тізім шығады. Мысалға, Германияда себетке кіретін тауарлар мен қызмет түрін тұрғындардың өздері тізіп, бес жыл сайын түзету енгізіп тұрады екен. Бес жыл сайын федералды статистика қызметі 60 мың отбасына сұрау салып, себеттің құрамын қалыптастырады. Немістің тұтыну себетіне балабақша қызметінің құнынан бөлек, қарттар үйіндегі күтімге, емделуге деген қызмет түрлері қосылған. Ал америкалықтарға арналған себеттің шығыны, негізінен демалысқа, білім алуға, тұрмыстық техника мен киім, пәтерақы, мобильді байланыс пен интернетке, көлік жөндеуге және жеке бас гигиенасына арналған құралдарға негізделген. Яғни, тек тамақ емес, жаныңызға қажетті дүниені түгендеген. Тіпті, себеттің ішіне «не саламызға» келгенде, әр халықтың «тәбетінен» бөлек, таным-түсінігі де ескерілетіндей. Яғни, ұлыбританиялықтардың тұтыну себетіне шоколад, аққайнар, сыра, тапсырыспен әкелетін дайын тағам, МР3 ойнатқышына шейін қосылған болса, француздарда сән салондарына кіру мен косметикалық бұйымдар сатып алу, сондай-ақ үйдегі ит пен мысықтың тамағы да кіргізілген. Тұтыну себетінің «тоқ» болуы сол елдегі экономикалық жағдай, ұлттық валюта құны,тауарлар бағасының тұрақтылығына байланысты. Әсіресе, төменгі күнкөріс деңгейіне келгенде олардың рөлі үлкен. Мысалы, Австралияда ең төменгі күнкөріс шамамен 600 австралия долларына тең, ал ең төменгі айлық көлемі 650 доллардан сәл ғана асады. Түйін: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің сөзінше, Қазақстанның ең төменгі күнкөріс деңгейі бес түрлі әлеуметтік төлемге негізделген. Ол – базалық зейнетақы төлемі, мүгедектігіне байланысты әлеуметтік жәрдемақы, асыраушысынан айырылуына байланысты төлем, мүгедек балалардың күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы және АӘК. Бұл бес атаулы төлемге бюджеттен бөлінетін бір жылдық қаражат көлемі 1,3 трлн теңгені құрайды. Аз ақша емес, әрине. Осындай жағдайда тұтыну себетін «толтыру» қаншалықты жүзеге асуы мүмкін? Әзірге министрлік 2016-2017 жылдардағы зерттеу негізінде себеттегі атауларды 43-тен 51-ге көбейтуге болатынын айтып отыр. Осылайша, Қазақстан Үкіметі де тұтыну себетіндегі тауарлар мен қызмет түрлерін қайта қарауға бейіл екенін байқатты. Одан басқа жол да жоқ. Өйткені қазіргі күні қазақстандықтарды суицидке, ажырасуға итермелейтін көп себептің бірі кедейлік екені анық.