Жол қауіпсіздігі – басты назарда

Жол қауіпсіздігі – басты назарда

Алматы құшағына екі миллионға жуық халықты еркін сыйғызып жатқан, қаржы айналымы елдегі ең үлкен ресурсты ортаны құрайтын аса ірі шаһар болғандықтан күнделікті мегаполиске ат басын тірейтін көліктердің де саны көп. Тәртіп сақшылары, әсіресе, ауыр жүк тиеген автокөліктерді жіті қадағалап, олардың автомобиль жолына зиян келтірмеуін, шамадан тыс жүк тиеп жол бойында қауіпті жағдай тудырмауын қатаң бақылайды.

Осыған орай, Алматы қалалық көліктік бақылау инспекциясында 19 маусым күні «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының қала­лық филиалының өкілдері, Жетісу көлік прокуратурасы және қала­лық мобилдік басқарма­сы­ның өкілдері бас қосып, жалпыға ортақ автомобиль жолдарындағы ауыр салмақты инертті жүк та­сымал­дарын жүзеге асыратын автокөлік құралдарына бақылау жүргізу мә­селесін талқылады. Жиын қоры­тындысы бойынша қолға алына­тын бастамалар кө­көніс және жеміс-жидек тасы­малдайтын жүк көліктерінің біраз түйткілдерін шешпек. Жол бо­йында жүкті бе­кітілген пара­метр­ден асыра тиеп алатын жүргізуші көп көрі­неді. Ондайлар жеке бастың пайдасын ойлаймын деп, тасжол мен жан-жағындағы жүр­гіншілерге орасан қауіп төндіріп келе жатқанын да түйсінуі тиіс екен.

Жиында осы мәселелерді ше­шу жағы баса айтылып, ол үшін арнайы телефон жұмыс істейтінін де жария етті. Қазіргі таңда ауыр салмақты көліктерге байланысты көлік комитетінің ахуалдық орта­лығы жұмыс істейді. Яғни, ол жердегі +7 708 0880 800 телефон нөмірі тәуліктің кез келген уақы­тында қоңырау қабылдауға да­йын. Сондай-ақ аталған нөмірге WhatsАpp және Telegram қосым­шасы арқылы да хабарлама жол­дауға болады. Халық пен инфра­құры­лымға жаны ашитын азамат­тар ереже бұзушылық көрген жағ­дайда осы нөмірге хабарлас­қаны абзал дейді инспекция қызмет­керлері.

– Егер азаматтар ауыр салмақ­ты карьер автокөліктерін көрген жағдайда – жолдың атауын, ша­қырымын, жақын жерде қандай елдімекен бар екенін және мүм­кін­дік болса көлік нөмірін фото немесе видео түрінде түсіріп атал­­ған нөмірге жолдауы тиіс. Бұдан кейін көлік комитеті ауыр жүк та­симын деп жолды құртатын кө­лік иелеріне тиісті шараларды қол­данатын болады, – дейді ­Ал­маты қалалық көліктік ба­қылау инс­­пекциясы басшысы­ның ор­ын­­­басары Хамитбек Петрәлиев.

Осыған байланысты елімізде уақытша шектеулер енгізілген бо­латын. Ол бойынша 1 маусым мен 15 тамыз және 1 маусым мен 31 та­­мыз аралығын қамтыды. Бұл жерде шектеу уақыттары оңтүстік және солтүстік климаттық бел­деу­леріне байланысты енгізілген. Көліктік инспекция алдағы уа­қыт­та да жол және жүк көліктері қауіпсіздігін басты назарда ұстамақ.