Бей­біт Қой­шыбаев: Ашаршылықтың ащы шындығын әлем білсін
Бей­біт Қой­шыбаев: Ашаршылықтың ащы шындығын әлем білсін
273
оқылды
Зұлмат жылдар қасі­реті туралы әңгіме қоз­ғау­­дың өзі өте ауыр. ХХ ға­­сыр басында қа­­зақ хал­­қы ауыр нәубетті бас­­­тан кешірді. Атылды, асы­л­­ды, аштан қырыл­ды. Сол бір нәубет ке­зең­нің ақиқатын айта ал­дық па? Жазушы Бей­біт Қой­шыбаев «бұл шын­­­­дық­ты әлем білуі ке­­рек» деген пі­­кірде. Қа­лам­­­гер бүгін бізге сол бір зұл­мат жылдардың тақ­­­сі­реті туралы сыр шертті. – Біз жыл сайын 31 мамырда қуғын-сүргін құрбандарын еске аламыз. Зұлмат жылдардың нағыз құрбандарын толық ақтай алдық па? Ұмыт қалған жандар ше? Олар көп пе? – Әрине, бәрі түгелдей ақтал­мағаны анық. Өйткені патшалық заманды былай қойғанда, советтік дәуірде түрлі реформалар кезінде қуғындалғандар, солақайлықпен жүргізілген саяси науқандарға қарсы ереуілдегендер, 30-жыл­дар­дағы халық көтерілісіне қа­тыс­қандардың баршасы аяусыз жазаланғанмен, бүгіндері ескеріл­мей, ұмыт қалды. Қаншама жұрт ешқандай сотқа тартылмастан-ақ тергеліп-тексерілместен, ақ-қарасы анықталмастан бірден атылып кетті. Топтап қырып жіберулер орын алды. Бізде кеңес өкіметі тұсындағы қуғын-сүргін кезеңдерін түбегейлі анықтап, кең көлемде зерттеулер жүргізу жолға қойылмады. Бұл мәселемен арнайы шұғылданатын ұйым құ­рыл­мады. Ғылыми негізде ұйым­дасқан ешқандай мекеме бол­ма­ғандықтан да, қажетті деңгей­де жүйелі жұмыс жүргізілген жоқ. Тиісінше, есімдері қалтарыста қалып келе жатқан құрбандар әлі де анықталып, ақталуын тосуда. – ХХ ғасырдың басындағы аш­тық­ты үш уақытқа бөліп қарас­ты­руға болады. Дегенмен сол кезеңнің «шын­дығы» қаншалықты ашық айтылып жүр? – Дұрыс, 1917 жылы советтік билік орнағаннан бастап 30-жыл­дарға дейін қазақ елінде үш дүркін үлкен ашаршылық өтті. Үшеуінің де жасанды сипаты басым еді. Олар іс жүзінде қазақты жойылып кетуге тіреген алапат аштық, яғни ұлттық апат, ұлттық катастрофа болатын. Осы үш кезеңде – 1917-1919, 1921-1923, 1931-1933 жыл­­дары – қазақ халқының 4,5 мил­­лиондай ұл-қызы тікелей құр­­бан болды. Егер сол жылдарғы нәу­бетте аталған шығынмен бірге белгілі дәрежеде ықтимал табиғи өсім қоса жоғалғанын есепке алсақ, совет билігінің алғашқы 16 жылында халқымыз 10 миллиондай жанынан айырылғанына көзіміз жетеді. Тәуелсіз еліміздің алғашқы парламенті құрған комиссия қа­зақ­ты жазықсыз қызыл қырғын­ға ұшыратқан бұл келеңсіз құбы­лы­сты сонау 1992 жылы-ақ жан-жақты қарастырып, тиісті ба­ға­сын берген. Содан бері тарих инс­титуты, қоғамдық ұйымдар, же­ке­леген ғалымдарымыз ашар­шы­­лықтың себеп-салдарын, зар­­да­бын зерттеу жөнінен елеулі іс тын­дырды. Дегенмен біздің бүгінгі зерттеушілеріміз ұлттық апаттың бірінші кезеңін – Түркістан Советтік Республикасында болған ашаршылықты мүлдем елемеуді әдетке айналдырды. Ұдайы 20-шы және 30-жылдарғы екі аштық жайын ғана айтады. Алайда 1917 жылғы Қазан төңкерісінің шеруі Түркістан өлкесіне шап­шаң жетіп, совет билігі салтанат құрған шақта өлкеде 3 мил­лиондай қазақ тұрғанын ұмы­туға болмайды. Олардың 1 мил­­лионнан астамы, Мұстафа Шо­қай­дың сөзімен айтқанда, «боль­шевиктердің аштық саясаты» сал­да­рынан 1917-1919 жылдары опат болған-ды. Кейбір кеңес қайраткерлері сонда революция ісіне «қызыл әскерлердің қан майданда бесатармен шайқасып қаза табу арқылы үлес қосқаны секілді», жылқыларын Қызыл Армияға беруге мәжбүр болған «мұсылмандар да» мардымсыз азық-түлікке ортақтаспай, «аштан өлулері арқылы қызыл революция ісіне елеулі үлес қосты» деп арсыз­дықпен мәлімдеген-ді. Сонау қасіретті кезеңнің осы тақылеттес шындығы, әрине жеткілікті дәре­жеде ашық айтылып жүрген жоқ. Жалпы, мойындау керек, бізде ашаршылық трагедиясына сон­ша­лықты терең мән берілген емес. Рас, 1997 жылдан «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» ретінде аталып келе жат­­қан 31 мамырды соңғы 2-3 жыл­да «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» деп атау арқылы біршама елегендей болдық. Әйтсе де, бұл оның деңгейіне сай келмейтін жартыкеш шара болса керек. Шын­туайтына келгенде, біз ашар­шылықты – ұлттық апатты – бү­кіл­қазақстандық халықтың са­на­­сына терең сіңіретіндей жұ­мыс жүргізуіміз керек. Арнайы Ашар­шылық институтын ашып, жаны­нан еврейлердің Холокост құр­бандарына арналған «Яд ва Шем» («Жад және Есім») музейі тәрізді, көрген кісінің төбе құйқасын шы­мырлатарлықтай қаралы әсері мол үлкен музей орнатуға тиіспіз. Оның ішінде «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» ұранымен ұлттық апаттың үрейлі, қорқынышты эпизодтарын, жасанды аштықтан өлім құшқандардың есімін жаң­ғыртуы­мыз керек. Бұған саяси ерік-жігер көрсетілсе, көрнекі түр­де жасап шығуға толық мүмкін­дік бар. Осы уақытқа дейін талай естелік жазылды, ғалымдардың толымды зерттеулері жеткілікті, енді оларға қосымша мұрағаттық деректер, үлкен-кішілі рулық, әулеттік шежірелердің деректерін жинастырса, тұтастай құрбан бол­ған ауылдар, ата-баба үрім-бұтағы түгенделіп, әсері ересен зор экспо­зи­циялар жасалары сөзсіз. – Жаппай сол кезеңге қалай баға беруге болады? – Ел басына күн туған уақытта көзі ашықтардың бәрі болмаса да, бірқатары іс жүзінде қазақ еліндегі ұлттық апатқа апарып соққан солақай саясатпен қолдарынан кел­генше күресті. Алапат ашар­шы­лықтың бірінші кезеңінде Түркатком құрған Аштықпен күрестің орталық комиссиясын басқарған Тұрар Рысқұловқа, әлгінде айтқанымыздай, қазақ мүддесін көзге ілмейтін, «марк­сизм тұрғысынан болашағы жоқ көш­пенділерге» азық-түлік бөлудің қажеті жоқ деп есеп­теп, олардың «аштан қыры­луын революцияға қосқан үлес­­теріне» теңгеретіндермен кү­­­рес­ке түсуге тура келді. Апат­тың екінші кезеңінде құра­мын­да Халел Досмұхамедов, Мұха­меджан Тынышбаев, Жанша Дос­мұха­медов, Иса Қашқынбаев, Қоңырқожа Қожықов, Сұлтанбек Қожанов, Санжар Асфендияров және басқалар бар зиялылардың Ташкенттегі үлкен тобы «Ақжол» газетінде үндеу жариялап, ашығып жатқан арқалық бауырларға көмек беруге шақырды. Нақты жұмыстар жүргізу үшін жер-жерге аттанды. Мәселен, Ж.Досмұхамедов Прже­вальс­кіде азық-түлік жинауға ұйытқы болып, оны Қазақстанның солтүстік және батыс облыстарына жіберуді ұйымдастырды. Міржа­қып Дулатов «Қазақ тілі» газе­тіндегі мақаласында Семей губер­ниясының қазақ қыз­мет­керлерін аштыққа ұшыраған аудандарға елден мал жинап жеткізуге шақыр­ды. Ол өзі жаз бойы бірнеше үйезді аралап, үгіт-насихат жүр­гізді. Мұндай жанқиярлық әрекетті өкімет ұнатпады, ол тұтқындалып, ГПУ-дің тергеуінен соң ғана боса­тылды. Жүсіпбек Аймауытов бастаған зиялылар тобы шығыс аудандардан мал жиып, ашар­шы­лық жайлаған Торғай халқына жеткізгенде, үстерінен қылмыстық іс қозғалды. Батыр деу шарт емес, бірақ оларды, олардың жүрек қалауымен елі үшін істеген істерін ұмытпауымыз керек. Тағы бірер мысал келтірейін. 1922 жылы Жеті­суда жер-су реформасын жүргізу кезінде Сұлтанбек Қожа­нов­тың комиссиясы патшалық дәуірде отарлаушылар тартып алған ата­қоныстарын қазақтарға қайтару арқылы тарихи әділеттіліктің салтанат құруын қамтамасыз ет­пек болды. Алайда комиссияға «ұлт­шылдық» айдар тағылып, кері шақырып алынды. Таптық жікті айыра түсу, байлардың дүние-мүлкін тартып алып кедейлерге үлестіріп беру жолымен «әске­ри коммунизм» саясаты тұралат­­қан ел экономикасын «жандан­ды­ру» сынды қатерлі бағытқа 1923 жылы Қазақ облыстық 3-парт­кон­­ференцияда Смағұл Сәдуа­қасов сын айтты. Ол халық­ты «жаңа сілкіністер емес, ғылым мен білім­ге сүйенген бейбіт еңбек құт­қарады» деген өжет пікір білдір­ді. Апаттың ең қорқынышты үшін­ші кезеңінде аштан бұралған ал­­ғаш­қы босқындардың пайда бо­луы мен үдеп келе жатқан аш­тық күйзелістері жайында жер-жер­ден жекелеген азаматтар Мәс­кеу­дегі биік үйге, Алматыдағы автономия басшылығына аштық қасіретінің алғашқы белгілерін хабарлаудан бастап, жаппай сипат алған мысалдарды айтып дабыл қақты. Өлкепарткомының бірінші хатшысы Филипп Голощекиннің атына 1932 жылғы 4 шілдеде жазу­­­шы Ғабит Мүсірепов, Қа­зақ мемлекеттік баспасының меңге­ру­шісі Мансұр Ғатаулин, Комвуз (коммунистік жоғары оқу орны) проректорының орынбасары Мұташ Дәулетғалиев, проректоры Емберген Алтынбеков, Госплан энергетика секторының меңгеру­шісі Қадыр Қуанышев қол қойған «бесеудің хаты» түсті. Хатта ауыл шаруашылығындағы құлдырау деректері келтіріліп, 1930 жылғы 40 миллион бас малдан 1932 жылы 5 миллион ғана қалғаны көрсетілді. Қазақтар арасында аштан өлудің тым көбейіп кеткені және осынша мүш­кіл халге «солшылдық» асыра сілтеулер мен Қазөл­ке­комның қате саясаты жеткізгені айтылды.    width= – Елдегі жағдайға алаң­да­ған азаматтар тек осы­лар ғана емес шығар... – Ф.Голощекиннің қа­сі­ретті 32-жылы Мәс­кеу­ге бара жатқан са­парында мынадай оқи­ға орын алды: Қа­зақ автономиялық рес­пуб­­ликасының дикта­торы мінген пойыз шілде-тамыз аптап күн­дерінің бірінде Ақтөбе вокзалына тоқтайды. Пер­ронда жиналған қалың жұрт алдында сөз сөйлеуге үкіметтік вагоннан Қазөлкекомның бас­шы­сы Голощекин шығады. Ел ішін жайлаған ашаршы­лықты әдеттегісінше, «тап жауларының малды жаппай сойып тастауды әдейі ұйым­дастырған тіміскілік зымиян әрекеттерінің салдары» ретінде түсіндірмек болуы ықти­мал. Бірақ сол жолы ол құді­реті үстем сөзін сөйлей алмайды. Көпшілік назары топты жарып алаңға шыққан жайдақ арбаға ауады. Арба үстінде отырған жүдеу шал өте әйгілі тұлға болатын. Ол кезінде қазақтардың шұрайлы жер-суын тартып алып, өздерін шөлге ығыстырған патша  өкіметін ІІ Мемдума мінберінен өткір сөзі­мен сынаған қайраткер-тін. – Ондай батыл қайраткер кім еді?   – Ол – 72 жастағы зейнеткер Бақытжан Қаратаев еді. Сіңірі шығып, тізесі қалт-құлт еткен дімкәс қарт тарантас үстінде түрегеп тұрып, бар даусы­мен қазақ коммунистерінің көсе­мін жазғырған сөздер айт­қан. Революцияның қасиетті мұрат­тарын арамдап, қазақтарды шы­бын­ша қырған аштық қасіретіне ұшыратқанын бетіне басыпты. Бұл үшін республиканың бірінші басшысы жауапты екенін жұртшы­лық алдында бетіне басқан көрі­неді. Ф.Голощекин: «Шал шар­шап қалыпты» деп күбір етіп, ваго­нына қайта сүңгуге мәжбүр бол­ған... Ал «шаршаған шал» ұза­май аштықтан дүние сал­ды. Ол өзінің артында қал­ған жазба мұраларында ала­пат ашар­шы­лыққа жалғыз Голо­щекин ғана емес, оның айналасындағы қазақ қайраткерлері де айыпты деп түйіпті. Б.Қаратаевтың ойынша, мәселе олардың көзбояушылыққа жол беруінде, «қазақ істеріне жүліктік тұрғыдан келуінде» жат­қан. Солар­дың бірі санатындағы Қазақ өл­ке­  парт­комының бюро мүшесі, рес­пуб­лика Халық комиссарлары кеңе­сінің төрағасы Ораз Исаев 1932 жылғы тамызда Сталин­ге үлкен хат берді. Онда өлке­де орын алып тұрған ахуалды адал баян етті, себеп-салдарын тал­дады, қиындықтан шығара­тын шаралар хақындағы ұсыныс­та­рын тұжырымдады. Сонымен бірге орнаған ахуал үшін өзге бюро мүшелерімен қатар өзінің де жауапты екенін мойындай отырып, «бірінші хатшының көпке мәлім ерекше рөлін» еске­ре келе, «басшылықта өзіне-өзі сын көзбен қарауға қабі­леті жетпейтін» орталықтың эмис­­сары Филипп Голощекин отыр­ғанда, республикадағы «ауыр жағдайды сауықтыру еш мүмкін емес» деп санайтынын жазды. – Әдетте Исаевты айыптау­шы­лар көп болушы еді ғой... – О.Исаев Голощекинді орнынан босатпайынша, іс оңалмайтынын айтып, оны Қазақ өлкекомының жетекшілігінен кері шақырып алуды тікелей Бас хатшы Иосиф Сталиннен жалғыз өзі ашық талап етті. Бұл өті­ні­ші қанағаттандырылды. Оның хатында көрсетілген жайт­тар сталиндік Орталық Ко­митеттің Қазақстанның мал шаруа­шы­лы­ғын дамыту жайында 1932 жылғы 17 қыркүйекте қа­был­да­ған қаулысына негіз етіп алын­ды.  Келеңсіздіктер талда­нып, мін­деттер белгіленеді. Тек Ф.Голо­ще­кин бұрынғы лауа­зымында қала берді. Тиісінше, ол және оны қол­паш­таушылар партия белсен­ділерінің жиналыстарында атал­мыш қаулыны өлкеком ба­ғытын мақұлдағандық си­пат­та түсіндіруге кірісті. «ОК өл­­ке­ком бағытын қазақ ауыт­­қу­­шыларының, қың­қыл­­шыл-уайымшыл­дары­ның, топ­шыл­да­рының байба­лам­­да­рына қа­са­­қана... дұрыс деп тапты», өйт­кені өлкелік партия ұйымы «Қазақстанның социалистік құры­лы­сының барлық сала­ла­рында өте ірі жетістіктерге» қол жеткізді деп дүрілдетті. Алайда халық аштық, індет зардаптарын тарта берді, қырылу, босқындық тыйылмады. Ақыры Алматы көшесін толтырып аштан өліп жатқандарды елең қылмаған «адал лениншіл-сталин­шіл» Ф.Голо­щекинді 1933 жылғы қаң­тарда коммунистер мақ­та­ныш-мадақтауға толы сал­та­натты жағ­дайда, бүкілодақтық деңгейдегі жаңа лауазымымен Жоғарғы төрелік сотты басқаруы үшін Мәскеуге шығарып салды. 1933 жылғы 24 ақпанда ОК Бас хатшысы И.Сталин мен Қазақ өлкекомының жаңа бірінші хатшысы Л.Мирзоянның атына қызыл профессура инсти­туты­ның тыңдаушылары Ғатаулла Исқақов, Ильяс Қабылов, Жүсіп­бек Арыстанов, Бірмұхамед Айбасов, Қазөлкеком мүшесі Ғаббас Тоғжанов, студент Оразалы Жандосов қол қойған «алтаудың хаты» жіберілді.  

Шын­туайтына келгенде, біз ашар­шылықты – ұлттық апатты – бү­кіл­қазақстандық халықтың са­на­­сына терең сіңіретіндей жұ­мыс жүргізуіміз керек. Арнайы Ашар­шылық институтын ашып, жа­ны­нан еврейлердің Холокост құр­бандарына ар­нал­­ған «Яд ва Шем» («Жад және Есім») музейі тә­різ­ді, көрген кісінің төбе құйқасын шы­мыр­ла­тар­лық­­тай қаралы әсері мол үлкен музей орнатуға тиіспіз.

    – Ол хатта не жазыл­ды? – Онда 300 мыңнан астам қазақ қожа­лығының Сібір және Орта Азия теміржол стан­саларына, қала­ларына, орта­лықтағы қалалар­ға, көрші республикалардың об­лыс­та­рына босып кеткені, көбінің қайыр­шылық хал кешіп жат­қаны ай­тылды. Шұғыл көмек көр­­се­тілмесе, көктемге қарай олар­дың арасындағы өлім-жітім тым көбейіп кететіні хабарланды. Қа­зақ­станның жаңа басшылығы ашар­шылық зардаптарын жоюға бағытталған кешенді жоспар­ды жүзеге асыруға кірісті. Респуб­ли­кадағы 162 ауданның ішінде аштық нәубетінің зардабын көшпенді мал шаруашылығын кәсіп еткен Сарысу ауданы ерекше тартқан еді. Өкімет өкілдері Ораз Жандосов пен Жанайдар Сәдуақасов сол ауданның үштен бірі ғана аман қалған, малдан жұтаған жұртын жаңа қонысқа көшіріп, әкімшілік бағынысын өзгерту және отырықшылық жағ­дай­дағы экономикасын жандан­дыру орайында көп жұмыс атқарды. Ашаршылық салдарынан көрші республикаларға босып көшіп кеткендерді елге алып келу үшін автономиялық өкімет атынан жан-жаққа арнайы өкілдер ат­тан­ды. 1933 жылғы 9 наурызда Т.Рысқұлов ОК Бас хатшысы И.Ста­линге (көшірмесін ОК ауыл­ша­­р­уашылық бөлімі мен КСРО Хал­ком кеңесіне) Қазақстандағы ашаршылық зардаптарын жою жөніндегі баянхатын жолдады. Мұның көшірмесін 11 наурызда жөнелтпе жазбасына тіркеп, Ал­ма­тыға Мирзоянға жіберді. Ол онда­ғы пайымдарды қазақ партия ұйымының жаңа басшысы жұмыс барысында ескерер деп үміт білдірді. Осылайша, бұлардың әрқайсысы өз мүмкіндігінше ұлт мүддесіне қызмет етуге тырысты. Аталғандардың көпшілігі коммунист, ал коммунис­тік партия бір орталыққа қатаң бағын­­дырылған империялық пар­тия болатын. Осынау билеуші пар­тия үшін ұлт мәселесі тап мұра­ты­на бағындырылған, екінші ке­зек­те ғана ескерілетін, шындап кел­генде аса жан ауырта қоймайтын жайт-тын, сол себепті ұлт комму­нис­тері шектеулі шеңберде ғана әрекет ете алған-ды. Жалпы, ахуал осындай еді. Яғни, отарлық бұғауды қаусатып, мемлекеттілігі қалпына кел­тірілді дегенмен, Ресейдің само­державиелік империясы орнына келген коммунистік импе­рияның жаңа тұрпатты отарында өмір сүріп отыр­ған қазақ халқы шынайы азат­тыққа қол жеткізбеген-тін. Тиі­сінше, коммунистік отардағы қазақ саяси элитасы мәскеулік орта­лыққа бағынышты күй кешті... – Аумалы-төкпелі уақыт. Көзқа­рас­тар қайшылығы болғаны да рас. Ұлт зиялыларын біріктіре алған не нәрсе? – Иә, революциялық өзгерістер заманы ғой, сол аумалы-төкпелі уақытта өмір сүрген ұлт зиялылары ішінде көзқарас та, іс-әрекетте қилы қайшылықтар да, ұлт мүд­десіне келгенде ортақ мақсат жолын­да бірі­ге алушылық та болып тұрды. Әйтсе де, мен олардың, атап айт­­қан­да Қазақ өлкелік партия ко­ми­­теті бюро мүшелерінің, ең бір шешуші сәтте, 1925 жылдың жа­зында бірнеше ай бойы бірінші басшысыз отырған кезінде біріге алмағанын, өз араларынан бірінші хатшыға лайық тұлға тауып ұсынуға ниеттенбегенін, соның салдарынан халықты ұлт­тық апатқа ұшыратқан алапат ашаршылыққа өздері жол салып бергенін ұмытпаған жөн, одан мәңгілік сабақ алу керек дер едім. Мұның себебін Бақытжан Қара­таевтың әлгінде еске алған құл­дық психология жайындағы түйінімен түсіндіруге болар еді. Қазөл­кеком бюросының мүшелері бірін­ші хатшы лауазымын қанда­сы­на қимады, басшылыққа ұлттық мүд­деге адал өз кадрын таңдап, соны сайлауды табанды түрде та­лап ету қажетін ойларына да ал­ма­­ды. Оларға араларындағы үзең­­­­гілесін өсір­геннен, өздерін бас­­қаруға мәс­кеулік орталықтың қа­зақ үшін бей­мәлім лениншіл-сталин­шіл эмис­­сарын жібергені жақсы көрін­ді... – Сұхбатыңызға рақмет!  

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС