Демографиялық институт болса қалай?
Демографиялық институт болса қалай?

2019 жылғы 1 мамырға еліміздегі халық саны 18 468,9 мың адамға жетті. Былтыр бұл уақыт­тағы көрсеткіш 18 321 606 адам еді. Араға бір жыл салғанмен демография­лық ахуалда айтарлықтай жаңалық болмай тұр. Мамандар, қоғам белсенділері осыған алаңдауда. Енді қайтпек керек? Халық санының өсуі мен тұрақтылық мәселесін қалай реттейміз? «Қазақстан халқының демография­лық даму бағыттары және әлемдік тәжірибе» атты халықаралық ғылыми конференцияда бас қосқан ғалымдар бірауыз­дан «Бізге демография­лық институт» керек деді. Бұл институттың жұмысы қалай жүреді? Бұл орда шын мәнісінде халық санының өсуіне мұрындық бола ала ма? Саналы ұрпақ тәрбиелеуге үлес қоса ала ма? Зерттеуші мамандар­дан сұрап білдік.

Жұматай ӘЛИЕВ,
«Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:

– Бұл бір адамның ғана қо­лынан келетін іс емес. Бұған ел, халық болып жұмылуымыз ке­рек. Әр аймақтан орталықтар ашу керек. Қыз бен жігітті та­ныс­тыратын орындар да артық етпес еді. Өйткені қазір, әсіресе, үлкен қалаларда жастар көбіне жұмысбасты боп кеткен. Олар­дың уақыттары бола бермейді. Еңбексүйгіш жастардың көбісі үйленбей жүр.

Сосын еліміздегі бала өлімі халық санының өсуіне кері әсе­рін тигізіп тұр. Еліміздегі жыл сайынғы бала туу көрсеткіші – шамамен 400 мың. Дүниеге кел­ген әрбір 1000 нәрестенің 19-ы өлі туады екен. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 4-5 саннан ас­пай­ды. Оған қоса қарагөз қызда­рымыз жыл сайын 95-100 мың аралығында түсік жасатады екен. Бұл – үлкен қасірет.

Біз айтып отырған ұсыныс­тың барлығын жергілікті әкім­діктер өз қарамағына алу керек. Қазақ ұлтының сандық көрсет­кішінің жоғарылауы, сапалық өрлеуге апарады. Ал сапалық өрлеу биік өркенге алып келеді. Осы мәселені ғалымдарымыз диалектикалық тұтастықпен байланыстыра қарайтын кезі келген сияқты. Бұл салада тын­дыр­ғанымыздан алдағы тынды­рарымыз көп. Айталық ана ті­лі­міздің мәртебесін көтеру үшін өзіміз республикада кемінде жартыға жетуіміз керек. Міне, осы тұрғыдан алғанда бізге бұл институт ауадай қажет.

Нұрсәуле КӨМЕКБАЕВА,
әлеуметтанушы:

– Мен мұны қолдаймын. Се­бебі, қазір «көбейдік» деп ауыз толтырып айтқанымызбен біз жететін меже әлі алда. Жал­пы, әлем бойынша 100-ге жуық демографиялық институт бар екен. Олар өз халқының өсуіне саналы ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосып келеді. Онда неге бізге де осындай институт құрып, халық санының көбеюі жолында жүйелі жұмыс жүргізбеске?!

Негізінен, біздегі демогра­фиялық өсім 2001 жылға дейін қар­қынды болды. Ал одан бер­гіде демографиялық ахуал жақ­сарғанымен әр жанұяда баланың туу деңгейі төмендеп кетті. Мы­салы, көп отбасы 1-2 баламен ғана шектеліп қалатын болды.

Енді мұның себептерін сара­лайтын болсақ, сан түрлі. Зерт­теулердің нәтижесі бойынша, оған отбасының ажырасуы, ер­кектер арасындағы өлім көрсет­кішінің жоғары болып отырған­дығы да әсерін тигізуде. Бірақ рес­публика бойынша кейбір облыстарда бала туу деңгейі өте жақсы деп айта аламын. Мы­салы, Түркістан сияқты оңтүстік облыстарда бала туу жылдан-жылға көбейеді. Өкінішке қа­рай, Солтүстік Қазақстан облы­сында жағдай керісінше.

Негізінен, біздегі демогра­фиялық өсім  2001 жылға дейін қар­қынды болды. Ал одан бер­гіде демографиялық ахуал жақ­сарғанымен әр жанұяда баланың туу деңгейі төмендеп кетті. Мы­салы, көп отбасы 1-2 баламен ғана шектеліп қалатын болды.

Мұның тағы бір себебі – қа­зіргі жас отбасылар арасында ба­тыстың сәнімен некеге отыр­май, тіркеусіз тұра беретін «азаматтық некенің» көбейген­дігі. Олар қашан «жарасып» кет­­кенше балалы болудан сақ­та­нады. Ал оның соңы түрлі оқи­ға­ларға себеп болады. Міне, де­мо­графиялық институт ха­лық­ты санап қана отырмай, осын­­дай маңызы бар, мәні бар әлеуметтік мәселелермен қоса ай­налысуы керек. Ұлтты көбей­туге үлес қо­сатын керемет бағ­дарламалар­мен жұмыс істеуі керек.

 

Қамқа ЖАСАНОВА,
«Жан» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

– Жылда елімізде 395-390 мың бала туылады. Ал 2016 жы­лы Тәуелсіз Қазақстан тари­хын­да ең көп көрсеткіш 400 мың балаға жеткен еді. Ең қызығы, рекорд­тық көрсеткіш 1987 жылы бо­лып­ты. Онда Қазақстанда 417 мың бала туылған. Содан бері халық саны қарқынды түрде артқан жоқ. Еселеп көбейген жоқпыз. Міне, бізге сондықтан да осы бағытта жұмыс істейтін арнайы орын керек. Демогра­фиялық институт ашу идеясын қолдай­мын. Бізге қажеті – осы. Бізде көпбалалы отбасылар баршылық. Шүкір. Халық баяу көбейіп жа­тыр дей алмаймын. Біздегі негізгі мәселе түрлі аурулардың шама­дан тыс артып кетуімен байла­нысты. Жап-жас адамдар түрлі жаман аурулардан дүние салуда. Зерттеулер спирт­тік ішімдік­термен әуестену, на­шақорлық деген факторлардың да бұған әсері үлкен екенін анықтап отыр.

Ауруға байланысты айтар болсақ, бұл жерде жүрек дерті­нен қаза табатындардың саны бірінші орында тұр екен. Со­нымен қатар Семей сияқты түр­лі экологиялық апат аймақта­рының зардабын шеккендердің әртүрлі деңгейдегі онкология­лық ауруға ұшырауы, одан қаза табуы әсер етуде. Осының барлығы біздің көбеюімізге өз әсерін тигізуде.