Үлкен кеңістікке шығуға мүмкіндік сыйлайды
Үлкен кеңістікке шығуға мүмкіндік сыйлайды
5,148
оқылды
Жастар елімізді дамытуда айрықша қозғаушы күшке ие. Әрі олар қоғамның ең белсенді мүшесі саналады. Елі­мізде қолға алынып жатқан жұмыстың бәрі де ел бола­шағына, өскелең ұрпақтың ертеңіне бағытталып отыр­ғаны белгілі. Ал болашағын бағамдайтын мемле­кеттің қашанда жастар санасын оятуға, білімінің жоғары болуына баса мән беретіні түсінікті. Осы ретте елімізде Президенттің кадрлық резервінің түзілуі – құптарлық бастамалардың бірі болды деуге болады. Бұл – жас буынның жоғары лауазымдарға келуіне жол ашатын бірден-бір оңтайлы мүмкіндік. Жастардың ерік-жігері, батыл қадамы, жаңа идеяларды алып келуі және жастық максимализмі де қоғамның алға жылжуына айтарлықтай ықпал етері сөзсіз. Осыдан бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Twitter-дегі парақшасында «Біздің негізгі басымдық – жастарға арналған әлеуметтік лифтінің тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету. Осы мақсатта «Президенттің кадрлық резерві құрылады» деп жазған еді. Алғашқы кадрлық резервтің тізімі өткен жылдың желтоқсан айында дайындалды. Жалпы, финалға 13 мыңнан астам өті­нім берілді. Оның ішінен тек 330-ы ғана іріктеліп алынды. Соңғы шешімді шығарған Ұлттық комиссия Президенттік жастар кадр резервіне 300 үміт­керді таңдап алды. Ендігі ке­зекте «Президенттің кадрлық ре­зерві» аясында мемлекеттік қыз­меттің барлық деңгейінде да­рынды жас басқарушыларды дайын­дау туралы міндеттеме қойы­лып отыр. Бұл жөнінде Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің жастарымыз – мақсаткер, еңбекқор, креативті, сондықтан Қазақстанның келешегі се­німді қолда» деп жастарға се­нім артты. Жуырда өткен Ұлт­тық кеңес отырысында да Мем­лекет басшысы тиісті депар­таменттерді, Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігі мен Пре­зидент әкім­шілігін таланттарды іздеуге шақырған болатын. – Сіздерді жаңа таланттарды іздеуге шақырамын. Олардың қабілетін мемлекеттік билік жүйесінде, мемлекеттік қызмет жүйесінде пайдалану үшін кәсіби қабілетті, патриот жас­тарды іздеуге шақырамын. Қазір біз мемлекеттік қызметті реформалау және мемлекеттік аппарат құру туралы айтып отырмыз. Әрине, бұл үшін бізге жаңа адамдар қажет болады, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл өз кезегінде «Прези­денттің кадрлық резервіне» енген жастардың да мансаптық тұрғыда үлкен кеңістікке шы­ғуына зор мүмкіндік сый­лайды. Сондай-ақ аталған ше­шім мемлекеттік басқару құры­лымына «қан жүгіртуге», ха­лықпен ашық әрі сенімді диалог орнатуға, күрмеулі мәселені дер кезінде шешуге, ең бастысы басқару құрылымын жасартуға оңтайлы болғалы тұр. Біз кадр­лық резервтің мүмкіндігі жөнінде жастар кадры резер­віне енген мамандардан да пікір алып, аталған мәселеге қатысты ойларын білдік.    width=Азамат ЖОЛМАНОВ, Мем­лекеттік қызмет істері агенттігі Стратегиялық әзірлеу және  халықаралық бағдарламалар департаментінің директоры: – Жас мамандар үшін мемлекеттік қызметте әлеуметтік лифт құру мақсатында 2019 жылы Мемлекет басшысы Президенттік жастар кадрлық резервін құру мәселесін көтерді. Кадр резерві сындарлы серпіліс жасауға және еліміздің дамуына үлес қоса алатын талантты және қабілетті жастар үшін меритократияның тиімді тетігі болуға арналған. Яғни, кадрлық резервтің құрылу мақсаты – ол білікті де білімді патриот жастарды мемлекеттік қызметке тарту. Олар үшін бұл әлеуметтік лифт әрі еліміздің дамуына елеулі үлес қосуға бірден-бір тамаша мүмкіндік. Біріншіден, кадрлық резерв ол – Мемлекет басшысының жастарға деген сенімі. Кадрлық резервке өткен жастар бұл сенімді ақтауға тырысатыны күмәнсіз. Менің жастар кадрлық резервіне қатысуыма 3 себеп бар. Соның бірі елімнің өркендеуіне үлес қосу болды. Екіншіден, басқа жастармен өз құзыретімді, біліктілігімді, бәсекеге қабілеттілігімді басқа үміткерлермен салыстырғым келді. Үшіншіден, біз әрқашан жастардың абырой-беделін көтеруіміз керек. Мемлекет бізге сенім артқан соң, сол үмітті ақтауға міндеттіміз.    width=Тілектес АДАМБЕКОВ, Eurasia Blockchain Fintech Group Limited компаниясының бас директоры, президенттік «Болашақ» бағдарламасының түлегі: – Президенттің кадрлық резерві жастарға арнайы әлеуметтік лифт жасау үшін құрылды. Жобаның стратегиялық мақсаты – мемлекеттік билік жүйесінде білікті басшылардың жаңа буынын қалыптастыру және жастар үшін әлеуметтік лифтінің ұтымды жүйесін құру. Кадрлық резервке әртүрлі саладан мықты-мықты мамандар іріктеліп, таңдап алынды. Іріктеу тесттері ашық жүйеде өткенін көпшілігі жақсы біледі. Басқару жүйесіне жастар үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын. Бүгінгі таңда еліміздегі білікті әрі тәжірибелі азаматтарға жол ашылды. Сайланған мамандар алдағы жылдарда мемлекеттік басқару жүйесіндегі жауапты қызметтерді атқарады. Ендігі кезекте олар өзінің білімі мен тәжірибесін жүзеге асыру үшін еңбектенетін болады. Қорыта айтқанда, келешекте «Президенттің кадрлық резерві» шын мәніндегі халықшыл, іскер, қарапайым, әділ басқарушылар мектебіне айналады.  

 width=Абылайхан ЖҰМАШ