Шығыс Қазақстан облысындағы Глубокое ауданына қарасты Белоусовка кенті тұрғындары бүгінде ауызсуға жете алмай отырған жайы бар. Ауызсу тек кестемен ғана беріледі. Халықтың айтуынша, оның өзі өте сапасыз. Оның үстіне, әбден ескірген су құбырында тазалық талабы сақталмайды. Бұған жақында аталған кентте арнайы болған тілшілер тобы нақты көз жеткізіп қайтты.
Глубокое ауданының әкімдігі көпқабатты үйлерге келетін су құбырын жаңалауды 3 жыл бұрын жоспарлаған. Алайда ол әлі сөз жүзінде қалып отыр. Сонымен, 10 мыңға жуық тұрғыны бар үлкен елді мекен тұрғындары сапалы ауызсуға қашан қол жеткізеді?
– Қыста біз жұмысқа кірісе алмадық, қазір күн райы бір қалыпқа түскеннен соң құбырды іске қосамыз, – дейді Глубокое аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дамир Ордаханов. Бұл – құбырды іске қосу жөнінде аудандық құрылыс бөлімі басшысының тура екі ай бұрын берген уәдесі. Бірақ проблема сол қалпы қалып қойды. Бөлім басшысының міндетін атқарушы шамасы қыстың қашан аяқталғанын есінен шығарып алғандай, одан да құрылысты жүргізуге коронавирус індеті кедергі келтірді десе нанымдырақ болар еді. Дегенмен қауіпті пандемия кезінде де өңірде құрылыс жұмыстары тоқтамағанын айта кетейік.
Ал халықтың бүгінде әлі кенезесі кеуіп отыр. Су тек кесте бойынша сағатпен ғана беріледі. Сапасы да күмәнді. Өйткені орталық құбырдың 70 пайызы ескі. Аудан әкімдігіндегі осы салаға жауаптылар елді мекенге 2013 жылдан бері су жүйесін жаңалау туралы айтып келеді. Бірақ нақты жұмыстың басталатын түрі жоқ. Өкініштісі, бүгінгі ХХІ ғасырда облыс орталығы Өскемен қаласынан жиырма-ақ шақырымда орналасқан кент тұрғындары ауызсудың азабын бір кісідей-ақ тартып келе жатыр.
– Мынадай індет кезінде не дұрыстап қолымызды жуа алмаймыз, не дұрыстап тамақ қайната алмаймыз, ең бірінші мәселе осы су болып тұр, – дейді Белоусовка кентінің тұрғыны Роза Рахметова.
Тұрғындар ескі құбырдың суы сапасыз болса да, тоқтаусыз берілуін сұрап отыр. Өйткені күн қатты ысығанда көршілердің бір-бірінен су сұрайтын кездері болады.
Дәурен АЛЛАБЕРГЕН, Шығыс қазақстан облысы