Қарт тарихтың қойнауына көз салсақ, қазақ халқының мерейі үстем болған дәуірлермен қатар, қайғы-қасірет тартқан кезеңдері де аз емес екенін байқаймыз. Тарихтың ақтаңдақ беттерін парақтаған сайын 31 мамыр – саяси қуғын-сүргiн және ашаршылық құрбандарын еске алу күнiнің маңызын тереңірек ұғына түсеміз. Бұл — ескерткiштердiң басына гүл шоқтарын қойып, боздақтардың рухына Құран бағыштап қайтатын күн ғана емес, ұлттық Тәуелсіздік пен бүгінгі бейбіт күнге қандай қиямет-қайым жолдармен жеткенімізді санада саралап, тарихтан сабақ алар тұс. Өткеннің өкінішті кезеңдерін еске алсақ, большевиктердің Қазақстанда толық билiкке қол жеткiзуi 1925 жылы ҚазКСР басшылығына Ф.Голощекиннiң тағайындалуымен басталды. Ол қазақ халқын бiржолата күйрету үшiн екi тәсiл қолданды. Оның бiрi – «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранымен басталған, халықты 40 миллион бас малынан айырған ұжымдастыру науқаны. Салдарынан халық жаппай ашаршылыққа ұшырап, 2,1 миллион адам құрбан болды. Миллиондаған қандасымыз атамекенін жастап, әр қиырға босып кетті. Қазақ халқы ашаршылыққа дейінгі санына, араға жарты ғасырға жуық уақыт салып әзер жеткені – бұл зұлматтың қаншалықты қасіретті болғанын көрсетеді. Голощекиннің екiншiсi тәсілі қазақтың зиялы қауымын, көзi ашық, көкiрегi ояу азаматтарын олардың саяси көзқарастарына қарамастан жаппай репрессиялауы болатын. Соның кесірінен қазақ жұрты жанашыр басшысыз қалды. 1930 жылы НКВД «ұлтшыл» деген жаламен 43 зиялы тұлғаны Мәскеудегi «Бутырка» түрмесiне қамады. Ахмет Байтұрсынов жер аударылды, Мiржақып Дулатов «Соловки» лагерiне айдалып, кейiн, 1934 жылы сонда қайтыс болды. Жүсiпбек Аймауытов 1931 жылы алғашқы құрбандардың қатарында оққа ұшып, шейiт кеттi. Ал Мағжан Жұмабаев Колыма лагерiне жабылды. М.Әуезов пен Ә.Ермеков 1930-1932 жылдары түрмеге қамалып, тергеуде болды. 1931 жылы қазақ руханиятының алыбы Мәшһүр Жүсiп Көпейұлы дүние салды. Сол жылы Шәкәрiм Құдайбердiұлы атылып, Иманжүсiп Құтпанұлы қаза болды. Ал 1932 жылы Үкiлi Ыбырай сынды асыл туған ер оққа ұшты. 1933 жылы Смағұл Сәдуақасов Мәскеуде қайтыс болды. 1937-1938 жылғы саяси қуғын-сүргiн Сталин құрған жауыз саяси режимнiң шынайы бет-бейнесiн ашып бердi. Қазақ халқының бетiндегi бар қаймағы сылынып, зиялы атаулысы саяси ұстанымдарына да қарамастан шетiнен қуғын-сүргiнге ұшырады. Алаш қозғалысына қатысты Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Хәлел және Жаһанша Досмұхамедовтер, М.Тынышбаев пен М.Жұмабаев та құрбан болды. Большевизмдi қолдаған С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, С.Қожанов, Н.Төреқұлов, С.Меңдешов, Т.Жүргенов, Ж.Сәдуақасов, С.Асфендияров, Б. Майлин мен I.Жансүгiров және басқа да елдiң қадiрiн бiлген, көкiрегi ояу, адами қалпын сақтаған, арлы азаматтардың барлығы шетiнен – ұлтшыл, шпион, зиянкестер ретiнде айыпталып, «халық жауы» атанып, атылып кетiп жатты. Жалпы, сол жылдары Қазақстанда 125 мың адам қуғындалып, оның 25 мыңнан астамы өлiм жазасына кесiлген. Бұл тек зиялы қауымға қарсы жасалған қуғын-сүргiн емес, тұтас қазақ руханиятына қарсы қолданылған репрессия еді. Тоталитарлық жүйенің ұлт руханиятын жою арқылы қазақтың өзiн де тарих сахнасынан бiржола ысырып тастауды көздеген геноциді болатын. Осынша қанды қасапты, зұлматты бастан өткізгеніне қарамай қазақ халқы өзінің ұлттық болмысынан біржола айырылып қалған жоқ. Болашаққа деген сенімін жоғалтпады, үмітін үзбеді. Әйтпесе, халқымыз қазақ жеріне күштеп депортацияланған миллиондаған адамға бір үзім нанын бөліп беріп, пана болар ма еді?! Үздіксіз жалғасқан саяси науқандар мен қуғын-сүргіннен есін жия алмай жатқанына қарамастан, қазақ халқы, тағдырдың тәлкегіне түскен барша ұлысты бауырына басты. Кеңестік биліктің пәрменімен қазақ жеріне қоныс аударған сол этнос өкілдері бүгінде біздің бауырларымызға, отандастарымызға айналды. Тәуелсіздік жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих – өткеннің сабағы. Біз өткенімізге қарап, ертеңімізді түзеуіміз керек» деген сындарлы сөзі тарихи сананы жаңғыртуға, ұлттық рухтың өрлеуіне жол ашты. Егемендік жылдарында ел тарихының көмескі беттері қайта ашылып, мемлекетіміздің соңғы жүзжылдықта жүріп сүрлеуіне жаңаша баға берілуде. 1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен 31-мамыр Саяси репрессия құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Біздің халық қуғын-сүргін кесірінен жазықсыз жапа шеккен қайраткерлердің есімдерін еске алып, олардың рухтарына құрмет көрсетуді әр уақытта да есінен шығарған емес. Бұл – тарихтан тағылым алып, биік мақсат – «Мәңгілік елге» бет алған ұлы халықтың ұлағатты ісі.
Бахадыр НАРЫМБЕТОВ, Nur Оtan партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары