Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Birgemiz қоғамдық қоры төтенше жағдай кезінде тұрғындардың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына одан әрі көмек көрсетуде. Екінші кезең бойынша республикалық қордан өңірлік Birgemiz-Mangystau қорына 358 млн теңге бөлінді. Сөйтіп, 7 162 мұқтаж жанға 50 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетілді. Маңғыстау облысы бойынша Ақтау қаласында тұратын 4 мың адамға және Жаңаөзен қаласының 3 мың азаматына қаржылай көмек көрсетілді. 50 мың теңге әлеуметтік жағынан мұқтаж жандарға жеке есепшоттарына аударылды. Әр банктен көмек алушылардың шоттарының жағдайы нақтыланды. Birgemiz-Mangystau қоғамдық қорынан көмек алушылардың тізімдерін жергілікті әкімдіктер жасақтады. Өңірлік қорға түскен қаржының мақсатты жұмсалуы Nur Otan партиясы Маңғыстау облыстық филиалының бақылауында болады. Қаржылай көмек мұқтаж адамдарға жеті санат бойынша берілді: аз қамтылған көпбалалы отбасылар; І топтағы мүгедектер; мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар; ең төменгі мөлшерде зейнетақы алатын зейнеткерлер; жетім балалар (оның ішінде тұлдыр жетім балалар мен асыраушысының бірінен айырылған балалар); Ұлы Отан соғысына қатысқандар және мүгедектер, оларға теңестірілгендер және тыл ардагерлері. Аталған көмек облыс орталықтары мен коронавирус таралу қаупі жоғары ірі қалалардың көмекке мұқтаж тұрғындарына көрсетілді. Осы жайттар ескеріле отырып, республикадағы 23 қала белгіленген. Сол 23 қаланың тізімінде Ақтау және Жаңаөзен қалалары да бар. «Бірінші кезеңде республикалық Birgemiz қорынан өңірлік Birgemiz-Mangystau қорына 324 млн 350 мың теңге бөлінген болатын. Нәтижесінде, барлығы 6 487 мұқтаж жандарға қаржылай көмек көрсетілді. Оның ішінде 4 374 ақтаулық және 2 113 жаңаөзендік бар. BizBirgemiz республикалық акциясы Маңғыстау облысында қарқынды жүзеге асып жатыр. Елбасының тапсырмасы бойынша, «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» және «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобалары аясында меценаттар, кәсіпкерлер мен белсенді азаматтардың қолдауымен бүгінге дейін 3 142 отбасыға көмек көрсетілді», – деп атап өтті Nur Otan партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Елубай Әбілов. Жинақталған қаржыға бірінші кезектегі азық-түлік себеттері мен медициналық маскалар, антисептикалық құралдар сатып алынды. Әлеуметтік көмекті партиялықтар мен Jas Otan еріктілері арқылы халықтың тұрмысы төмен әлеуметтік тобына байланыссыз тарату жолымен берілді.
Жазира ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ