Елімізде COVID-19 жұқтырғандардың саны 9,5 мыңнан асты. Соның 50 пайызға жуығы емделіп шыққан екен. Дегенмен қоғам арасында коронавирустың барына күмән келтірушілер көп. Яғни, кейбір адамдар «вирус жоқ» дегендей қауесет таратып жүр. Оған себеп те бар, жұрт індетпен ауырған танысының жоғын алға тартады. Осыған орай, біз вирус жұқтырып, қайта сауыққан азаматпен сұхбаттасқан едік. Аурудың қалай әсер ететінін, белгілері мен кезеңдерін баяндап берді.
Әділбек Нұрымбетов – инфекционист дәрігер. Сәуір айының соңында Орал қаласында вирус көптеп тарала бастаған соң, оны науқастарды емдеуге ат салысуға шақырған екен. Індетпен күрес осы кезден басталғанын айтады.
– 2014 жылдан бері Орал қаласындағы №4 жұқпалы аурулар емханасында жалпы тәжірибелік дәрігер болып қызмет атқарамын. Инфекциялық аурулармен күресте 6 жылға жуық тәжірибем бар. Сол себепті сәуір айының 25-нен бастап індет жұқтырғандармен тікелей жұмыс істей бастадық. Арнайы қорғаныш киімдеріміз, жабдықтарымыз толық болды. Бірақ 30 сәуірде қасымда жүрген дәрігерлер мен медбикелерден коронавирус жұқтырып алғаны анықталды. Артынша мені де карантинге жатқызып, оқшаулады. 3 мамыр күні менен сынама алған. Оң нәтиже көрсетіпті, бойымнан вирус табылды. Әйелім жүкті болатын, уайымдайды деп айтпадым. Не де болса, артын баққанды жөн санадым.
– Коронавирусқа сынаманы қандай әдіспен алады?
– Вирусты анықтау үшін кәдімгі мақта оралған таяқшалар қолданады. Оны ауыз қуысы мен мұрынға терең бойлатып, сынама алады. Әрі қарай зертханада нәтижесі шығады.
– Індет қалай сезілді, белгілері мен кезеңдерін айтып өтсеңіз?
– Ең алдымен инкубациялық кезең болады. Ол 2-14 күн аралығында жетіледі. Яғни вирус осынша уақыт адам бойында тұрады, тіпті денеңіз ауырсынбауы да мүмкін. Белгілі кезеңде ғана байқалады. Біреу 2 күн, біреу 1 апта ауруы мүмкін. Әр адамның иммунитетіне байланысты. Мен алты күн бойы бас көтере алмадым. Алғашында дене қызуым 37,3 градус болды. Белім, буындарым сыздап, күн өткен сайын әлсірей берді. Ол аздай жөтел мен кеуденің ауырсынуы қосылды. Өкпемнен екіжақты пневмония анықталды. 5 күн бойы нәр татпадым. Көп адам сенбеуі мүмкін, алайда шындығы сол.
– Вируспен ауырғандарға қандай дәрілер егіледі?
– Бұрын науқастардан тұмау жұқтырғанда дене қызуымыз 38-38,5 градус болса да, парацетамол ішіп, жұмысты жалғастыра беретінбіз. Ал COVID-19-дың жөні бөлек екен. Әдетте қандай инфекциялық ауру болса да, 7-9 күннен аспайтын. Індетке қарсы дәрілер әртүрлі болады, науқастың жағдайына қарай дәрігерлер тағайындайды. Бірақ дәрі атауы айтылмайды. Нақты емдейтін дәрі жоғы белгілі. Көбіне антибиотиктер мен витаминдер егіледі. Сол дәрілердің көмегі тиіп, коронавирустан 15 күн дегенде әрең ес жидым. Жалпы, 24 күн бойы жаттым. Соңында 2 рет анализ алды. Таза болған соң, үйіме жіберді.
Сұхбаттасқан Мадияр ТӨЛЕУ