Бразилияға безгендер жоқ
Бразилияға безгендер жоқ
Бразилияда қылмыс­кер­ге қарастырылған жаза Қа­зақстанға қарағанда жұм­сақ екенін білген депу­тат­тар таңданысын жасыр­ма­ды. Палата спикері Нұр­лан Нығматулиннің төраға­лы­ғымен өткен Мәжілістің ке­зекті жалпы отырысында олар Бразилиямен арадағы адамдарды ұстап беру жә­не қылмыстық істер бо­йын­ша өзара құқықтық көмек туралы шарттарды мақұл­дап, Сенатқа жолдады. Бас прокурордың орын­ба­са­ры Марат Ахметжановтың ай­туын­ша, тәуелсіздік жылдары Ама­зонка жағалауындағы осы ел­мен арада қылмыспен күрес са­­ла­сында небәрі 3 шарт жа­салыпты. – Бүгінде екі ел арасындағы бай­ланыс жоғары деңгейге көте­рілді. 2016 жылдан бері мемлекет­теріміз өзара визасыз тәртіпке көшті. «Қазақстан мен Бразилия Федеративтік Республикасы ара­сындағы адамдарды ұстап беру туралы шарт» іздеуде жүрген адам­дарды қылмыстық жауапқа тарту және сот үкімін орындау үшін экстрадициялау мәселелерін шешеді. Қазақстанда қылмыс жа­саған адам Бразилияда жасы­рынса, ол қамауға алынып, бізге ұстап беріледі. Біз де ұқсас міндет аламыз, – деді Марат Ахметжанов. Әзірге Оңтүстік Америкадағы бұл елге қазақстандық қылмыс­кер­лердің аяғы жетпепті. «Бұл ел­де бүгінде Қазақстанның құқық қорғау органдарынан жасырып жүрген адам жоқ. Бізде де олар іздеу салған қылмыскер жоқ. Де­мек, шарттың бір мақсаты – ал­дын алу», – деді Бас прокурордың орынбасары. Ол өзге елдермен арада дәл осын­дай 21 екіжақты шарт жа­сал­ғанын жеткізді. Ұқсас келісімдерге жуырда Аргентина, Перу, Доми­ни­кан, Кипр, Малайзия және Гре­кия­мен бірге қол қою жоспар­лануда. Айтқандай, Қазақстанда да, Бразилияда да өлім жазасы қол­данылмайды. Бірақ кей жаза­лары өзгешеленеді екен. Мы­салы, Бразилияда қылмыс­кер­ді 30 жылдан артық мерзімге сот­тауға тыйым салынған. Барлық сотталғандар осы мерзімнің үш­тен бір бөлігін өтегеннен, яғни он жылдан кейін еркіндікке шығу мүмкіндігіне ие. Ал республикамызда қылмыс­кер өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ондай жаза кесілген адам рақымшылыққа ілікпейді және кем дегенде 25 жыл түрмеде отыруы тиіс. Тек содан соң шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуды сұрай алады. Құзырлы орган өкілі еліміздегі қылмыстық жаза БФР-дегіден әлдеқайда қатал екенін растады. «Бірақ біз Бразилия қайтара­тын адамға өмір бойы бас бос­тан­дығынан айыру жазасын қолдана алмаймыз. Себебі ұстап берілген тұлғаның ең жоғарғы жазаға ке­сілмейтіні туралы міндеттеме алып отырмыз. Ондай тұлғаға қа­тысты ең жоғарғы жаза мерзімі жалпы алғанда 25 жылдан аспауы тиіс», – деді Бас прокурордың орынбасары М.Ахметжанов.   Елдос СЕНБАЙ