Ақтау қаласында карантин режимі мүлдем жоқ сияқты әсер қалдырады. Маңғыстау облысының бас санитары шығарған карантин кезде сақталуы тиіс талаптар «тайға таңба басқандай» көрсетілген қаулы тіпті қауқарсыз қағазға ұқсап тұр. Сауда нүктелері мен тамақтану орындарында адам лық толы. Эпидемияға қарсы қағидалар оңды-солды бұзылып жатыр. Арнайы мобильді топ рейдке шығып Ақтаудағы ірі сауда орталықтары мен техника дүкендеріне, тамақтанатын орталықтарға бақылау жұмыстарын жүргізді. Нәтиже көңіл көншітетіндей емес. Атап айтар болсақ, «Дина» гипермаркетіне келушілердің қарасы қалың. Есік алдындағы күзетшілер тұтынушыларды ішке бетпердесіз өткізбей барлығын егжей-тегжей қадағалап тұр. Алайда, ішке бетпердемен кірген тұтынушылар, артынша шешіп тастап сауда жасайтындары да белгілі болды. Сол сияқты «Олжа» сауда орталықтарында да жағдай дәл осындай. «Ара қашықтық 1-1,5 метр болуы керек» деген талап мүлдем сақталмаған. Сатып алушылар өте көп, әрі бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста тұр. Ал, «James burger» дәмханасының иесі бетперде кигенімен қызметкерлері қауіпсіздік ережерлерін сақтамаған. «Samarqand» кафесінде де осындай жағдай. Аспаз да, даяршы да бетперде мен қолғапсыз халыққа қызмет көрсетіп жүргені белгілі болды. Қоғамдық тамақтану орындарының иелеріне ескерту берілді. Сақтық шараларын қатаң ұстау нәтижесі тұтынушыға да, нысан иесіне де аса маңызды екенін қос тарап тең түсінуі қажет. «Бұл рейдтен түсінгеніміз, халық та, қызмет көрсету орындарының жұмысшылары да карантин жауапкершілігін жете түсініп отырған жоқ. Соңғы қаулыны, оның талаптарын білмейтіндер көп. Ғимаратты ашатын кезде, жұмысқа кірісетін қызметкерлерге карантин тәртібі түсіндірілмеген. Сақтық шараларының сақталмай отырғаны да сондықтан деп ойлаймын. Осындай түсініспеушілікті жою мақсатында рейдтік шараларды алдағы уақытта да жалғастырамыз»,- дейді Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Аманат Махмутов. Өңірде індет жойылып, карантин режимінің жылдам бітуі үшін тиісті талапты бұлжытпай орындаса игі. Қазір өңірде COVID-19 жұқтырғандар әлі де анықталып жатыр, оның кейбірі вирусты кімнен және қайдан жұқтырғанын да дөп басып айта алмай отыр. Сондықтан да «Сақтансаң сақтаймын» дегенді естен шығармаған абзал.
Жазира Қуанышбекқызы