Қиындықта қол ұшын созу – қайырымды іс. Дана қазақ бұны байырдан біліп, мұқтаж жандарға асарлатып көмек көрсетуді салт санаған. Кеңестік кезеңде бұл үрдіс көмескіленіп, ұмытыла бастағандай еді. Алайда кейінгі онжылдықта «Асар» ұғымы айрықша көрініс тауып, жұртшылықтың жүрегіне жол салды. Жамбыл облысы Байзақ ауданының тұрғындары «жұмыла көтерген жүк - жеңіл» деген ұғымды ұғынатын халық. Әсіресе, ынтымағы мен берекесі жарасқан Мәдімар ауылы тұрғындарының тіршілігі көпке үлгі. Әлемдік пандемия кезінде ауыл ағайындары асарлатып көпбалалы ана Ғалия Құрмановаға тұрғын үй салып беруде. Ынтымақ ауылдық округінің әкімі Мейірбек Ноғаевтың төрағалығымен өткен ауыл кеңесінде жалғызбасты ананың жылдар бойы жалдамалы пәтерде күн кешіп, бүгінде әке-шешесінің қолында тұрып жатқандығы ескеріліп, оған ауыл болып үй салып беру шешімі қабылданған. Ауыл тұрғыны Жамбыл Дәулетов ескі үйін бұзып, шыққан құрылыс материалдарын тегін беретіндігін жеткізген. Көпбалалы ананың ағайындары мен ауыл тұрғындары қаржылай көмектесіп, ал жастар мен құрылысқа ебі бар жігіттер үй салып беруге ұйғарым жасайды. Округ әкімінің шешімімен 15 сотық жер телімі бөлінгеннен соң, бірден құрылыс жұмыстары қолға алынады. Ауыл азаматтарының күшімен Жамбыл Дәулетовтің ескі үйі бұзылып, жарамды құрылыс материалдарынан бөлек, қосымша 4 мың дана кірпіш құйылады. Қазір ауыл ағайындары 4 бөлмелі үйдің іргетасын құйып бітіріп, қабырғасын қалауда.
– Исламда мешіт салу немесе салдыру сауапты іс болып cаналады. Сондай-ақ аурухана, мектеп, көше, жол, көпір, үй тұрғызу мен ауызсу тарту да мешіт салудың сауабынан кем емес. Алайда ауданда әр ауылдық округте 2-3-тен мешіттен болғандықтан қазір 18 елді мекеннен мұқтаж жандарға 18 үй салу бастамасын көтеріп жатырмыз. Бұл үндеуімізге демеушілер мен ауыл ағайындары үн қосады дегенге сенім мол, – дейді Байзақ ауданының әкімі Нұржан Нұржігітов.Иә, бұл қос қолдап қолдауға тұрарлық тірлік. Байзақтықтардың тың бастамасы өзгелерге де үлгі болса игі.
Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы