Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов дәрігерлердің жауапкершілігі туралы пікірімен бөлісті. «Дәрігерлер ешқандай жауапкершілік артпауы керек деп ақ халатты абзал жандардың бірі де айтпайды. Әлемдік нормалар мен талаптар бар. Дәрігерлер де қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін, қателік жіберсе тартылуы да керек. Атап айтқанда егер дәрігер медициналық көмек көрсетпесе немесе есірткі айналымымен байланысы болса әлбетте жазаланады. Алайда Президент дәрігердің қателігі мен олақтықтың ара-жігін ажыратуды тапсырды. Міне, осы мәселе төңірегінде талқылау болады. Себебі біз – медицинадағы келеңсіздіктермен күрес жүргізу және медициналық көмектің стандарттарын сақтауда толыққанды жауапкершілікті мойнымызға аламыз және оған кепілдік береміз деуіміз керек», – деді Елжан Біртанов. Оның айтуынша, дәрігердің барынша жұмыс жүргізгенін, алайда медициналық оқиғаның тіркелу жағдайын да ажыратып алу керектігін айтып өтті. «Дәрігер медициналық қызметті көрсету кезінде қандай да бір стандарттардың сақталмағаны анықталса – ол қылмыстық жауапқа тартылмауы керек. Ол үшін әкімшілік жауапкершілік бар. Ең бастысы ол жерде дипломнан айыруға дейінгі кәсіби жауапкершіліктің де барын ұмытпау керек», – деді министр.