Ақмола облысының Зеренді ауданындағы «Milk Project» ЖШС Голландиядан алғашқы 99 голштин сиырларын жеткізді. Аудан әкімдігінің мәліметінше, асыл тұқымды ірі қара Симферополь ауылындағы «MilkProject» серіктестігінің 350 сиырға арналып салынған тауарлы-сүт фермасына орналастырылды. «Қазақстанда теңдесі жоқ замануи технологиямен жабдықталған ферма өткен жылы «Қарапайым заттар экономикасы» шеңберінде салынды. Ол үшін серіктестік «Пайыздық ставканы субсидиялау» бағыты бойынша екінші деңгейлі банктен 300 миллион теңге көлемінде несие алды. Бұл қаржының 200 миллион теңгесіне тауарлы-сүт фермасын ашса, қалған ақшаға шетелден асыл тұқымды ірі қара сатып алды», - дейін әкімдіктегілер. Ферманың артықшылығы - мұнда сиырлар интеллектуалды жүйе арқылы басқарылады, әр жануардың денсаулығына мониторинг жүргізіледі, бір кнопка арқылы «ақылды жүйемен сауылады», мал шаруашылығы кешенінің жүйесі бірыңғай автомандырылған орталық арқылы басқарылады. Бұл компьютердің көмегімен кез келген параметрді (сауу деңгейі, жануардың жағдайы) әлемнің кез келген жерінен бақылауға болады. Айта кетейік, осыдан 10 жыл бұрын Садовое ауылында ашылған «MilkProject» ЖШС-нің сүт зауыты елімізде озық технологияға негізделе отырып, сүт өнімін өңдеудегі кәсіпорындардың алғашқы қарлығашы. Зауыттың шығарылған табиғи таза сүт өнімдері еліміздің бірнеше облысымен қатар, Ресей нарығына да шығуда. Бүгіндері кәсіпорын аяғынан нық тұрып, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Степногор, Павлодар, Қостанай, Өскемен, Ақтау, Жезқазған, Жаңаөзен және Алматы қалаларына өз өнімдерін тұрақты жеткізіп келеді.