Ет экспортында мүмкіндігіміз қандай?
Ет экспортында мүмкіндігіміз қандай?
456
оқылды
Қазақстан 2025 жылға қа­рай сиыр еті экспортынан 370 млн доллар табыс түсіре­ді.  26 мамыр күні Премьер-Ми­нистр А.Маминнің төраға­лы­ғымен өткен отырыста осылай деп айтылды. Ет өндірісінен экс­порт көлемінің өсетіні жақсы жаңалық. Алайда 2014 жылы сыртқа 60 мың тонна ет сата­мыз деп жінігіп көргені­міз­бен, ол межені араға бес жыл са­лып барып былтыр бағын­дыр­ға­нымыз да рас. Мұн­дай жағ­дайда амбициялы жоспар­ды жүз пайыз орындай алары­мызға қандай негіз бар? Көңілге медет көрсеткіштің бірі – еліміздің мал шаруашы­лы­ғында 4% деңгейінде тұрақты өсім сақталып отыр. Үкімет оты­рысында баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Сапар­хан Омаров осы жылдың ая­ғы­на дейін саладағы жалпы өнім кө­лемі 2,6 трлн теңгеге же­те­­тінін айтты. Министр мәлімдегендей, мал ша­руашылығы секторында не­гіз­гі шаралар мал басын көбей­туге бағытталған. Қолдағы ірі қараны – 7,8 млн басқа дейін, қой мен ешкі санын 17,5 млн басқа жет­кі­зу жос­парланған. Елімізде 2018 жылдан бастап аналық мал басын сатып, фер­мер­лік шаруашылықтарды несие­лендіру бағдарламасы қолға алын­ған. Бүгінге дейін 1,5 мың фер­мерлік шаруашы­лық несие алып, мал сатып алған. Ми­нистр­лік осы істің нәти­же­сі­нен 350 млрд теңге көлемінде инвестиция қара­жатын әрі 42 мыңнан астам жұмыс орнын күтіп отыр. Мал басын асылдандыру ісін­де де жұмыстар жалғасады. Был­тыр фермерлік шаруашы­лық­тар ше­тел­ден 63 мың бас ірі қараны әкеліп, асыл тұқымды малдың үлесі 12%-ға жетті. «Биыл 95 мың бас аналық малды сатып алуға фер­мерлік шаруашылықтарды несие­лендіру­ді жоспарлап отыр­мыз. Жыл басынан бастап 21 мың бас сатып алуға фермерлер қар­жы­­ландырылды. Былтыр пи­лот­ты түрде сатып алынатын малды кепілге қою арқылы қар­жы­­­ландыру механизмі тә­жі­ри­беден өткізілді және атал­ған меха­низм биыл кеңінен қол­да­­­ны­ла­ды», – деді С.Омаров оты­рыс­та. Қазақстанның әлемдік ет экспорты нарығында көздеп отыр­ған негізгі межесінің бірі – Қытай. Себебі соңғы жылдары Қы­тайдың ветеринария маман­дары біздің зертханалардың жұ­мы­сымен танысып, оң бағасын берді. Нәтижесінде, еліміз ҚХР-ға ет экспорттау мүмкіндігін алды. Дәл қазіргі сәтте сиыр, қой және шошқа еті экспорты бо­­­йын­­ша келісімдер жаса-луда. Шы­ғыс­тағы көршіге сиыр етін жөнелтіп жатқанымызға біраз жыл болды. Ал қой еті мен шош­қа сату алдағы күннің жос­па­­ры. Сонымен, дүниежүзілік ма­ңыз­дағы «тұтынушы» – Қытай­ға өткізе алар етіміз қандай? Жеке-жеке тоқталып көрейік. Сиыр еті. Сөз жоқ, сиыр пұл болып тұр. Бұрнағы жылдарды айт­пағанның өзінде биылғы қаң­тар-наурыз аралығында ірі қара еті­нен 4,5 млн доллар пайда түс­­кен. Ста­тис­тика коми­те­ті­нің де­ре­гін­ше, 2020 жылдың үш айын­­да Өз­бекстанға – 670,6 тон­на, Қы­тайға – 599,5 тонна, Ре­сейге 42,1 тонна сиыр етін жет­кі­­зіппіз, экспорттың жиын­тық кө­­лемі – 1,3 мың тонна. Әйтсе де, осы ке­зеңде өзімізге 8,2 мың тонна им­порт­тап үлгеріппіз. Қа­зақ­­стан ірі қара етін Беларусь пен Ре­сей­ден сатып алады, ішінара Ук­раина мен Польшадан да келе­ді. Дегенмен Үкімет алдағы жыл­дары сиыр етін Қытайға көптеп жө­нелтіп, мол пайда табуды көз­деп отыр. Өйткені ҚХР ірі қара­ның мұздатылған етін мұхит ар­қы­лы тасымалдайды. Үлкен на­­р­ығы бар көршімізге Бра­зи­лия мен Аргентина, Австра­лия секілді мемлекеттер етін су жолымен әкеліп сау­да­лай­­ды. Енді осы мүм­кін­дікті жақын жер­ден біз де тиімді пайда­ла­нуы­­­мыз керек-ақ. Бірақ Қытай ірі қа­раны Қазақстаннан тірі­дей алғысы келетін ниет бай­қат­­­қан. Бұл талапқа біздің Үкі­мет келіспейтінін білдіруде. Се­бебі Қазақстаннан тірі мал экс­портына рұқсат жоқ, тек ет күйінде өткізу керек. Десе де, елі­міз­дің Ет одағының мамандары сиырды тірідей сатқаннан пай­да көбірек түсетінін айтуда. Ет ода­ғының басшысы Мақсұт Бақты­баевтың айтуынша, ҚХР-ға Бразилия, Австралия, А­р­ген­­­тина секілді мемлекеттер мұз­­­­да­тылған етті мұхит арқылы жет­кізеді. Яғни, кемемен келген ет­тің жолға кететін шығыны 1 ке­лісіне 5 центті құрайды. «Ал біз ет комбинатынан Қытай ше­ка­­расына жеткізгенше еттің өзін­дік құны келісіне 20 центті құ­райды. Демек, біз жеткізудің өзі­нен ұты­­ламыз. Сондықтан тірі мал экс­портын ұлғайтып, олар­дың на­рығын осы тұстан бағын­ды­руы­­мыз керек», – дейді ол. Екіншіден, оның сөзінше тірі мал өткізгенде сатқан өгізіміздің етінен бөлек, терісі, сүйегі, ішек-қа­рынын да қосымша бағалап, құнын екі есеге жеткізуге болады. «Егер Қытайға малды тірідей өт­кізсек, Қазақстандағы 1 мың доллар бағаның орнына 1,5-1,8 мың доллар пайда түсіреміз. Мал­­­дың құны өссе, оның ба­сын көбейтуге қызығушылық ар­та­ды. Оның үстіне, Қытаймен ір­ге­­лес жатқандықтан, тірі мал­ды жет­кізудің өзіндік құны да бізге ар­занға түседі», – дейді М.Бақтыбаев. Бір есептен бұл пікірдің де жаны бар. Шынын айту керек, мал­дың терісінің біздің елде құны жоқ, ит сүйретіп далада жатыр. Бас-сирағы мен ішек-қарыны мүйіз-тұяғы туралы да солай айту­ға болады. Ал өзге елдерде малдың қаны фармацевтикалық өнім үшін өңделеді. Вьетнамда сиырдың өті 25 доллар тұрса, асқазаны көп елде деликатес тағам түрінде бағала-нады. Бір сөзбен айтқанда, сойылған сиырдан түк қалмайды. Бізде оның барлығы қоқысқа тасталады. Әрине, мұнай шикізаты дәуірі аяқталған кезде мал шикізатының қызығына түсіп кетуіміз қауіпті де, бізге ке­­ре­гі отандық өңдеу саласының да­­мы­ғаны. Бұл тұрғыда Ауыл ша­руа­шылығы министрлігі еліміз­де қуаттылығы 240 мың тонна ет ком­бинаттарының жұмы­сын кү­шей­тіп, өнімді өңдеу сала­сы­ның қарқынын арттырған жөн деп санайды. Құс еті. Қытай құс етін алуға да дайын. Дегенмен «өз пайдасы» дегенде өзгеге ұтыла қоймайтын көршіміздің мұнда да қояр талабы бар. Министрліктегі сенімді ақ­па­рат көздерінен білгеніміздей, «олар бізден тауық етін импорт­тау­ға дайын, бірақ орнына Қазақ­станға тауықтың сирағы мен қа­натын экспорттайық» деген келісім ұсынуда. Мұндай келісім бізге тиімсіз. Ресей және өзге де елдерде тауықтың сирағы, өкпе, бауыр, жүрегі жеңсік ас санал­ғанымен, біздің халықтың тәбеті «қа­ракесек еттен» өзгеге шаба бер­месі белгілі. Сондықтан құс еті экс­порты әзірге «бір қайнауы ішін­де» тұрған жоба. Бұл бағыттағы ішкі өндіріске келсек, былтыр 1 жаңа құс фабри­ка­сын және 5 жобаны жаңғырту арқылы құс етінің өндірісі 14%-ға (223 мың тоннаға дейін) өсі­мі қам­тамасыз етіліп отыр. Деген­мен импорт үлесі – 45%. Шошқа еті. Қазақстанның ет экспорты саласындағы мүм­кін­­дігі үлкен жобаның бірі – шош­қа етін сату. Әрине, Қазақстан – мұ­сылман мемлекеті. Сондық­тан өз ішімізде шошқа етіне сұра­ныс аз. Десе де ол көрші ел­­дерге са­туға өтімді тауардың бірі. Қы­тай әлемде №1 шошқа етін импорттаушы бо­лып сана­ла­ды және оны тұты­ну жыл сайын ұлғая түсуде. Се­бе­бі көр­ші­мізде шошқаның афри­ка­лық оба ауру тіркелгелі бері, шошқа шаруашылығы апат­ты жағдайға ұшырады. Инфек­ция шыққандықтан, елдегі шош­қа­ның 48%-ын жоюға тура келді. Айта кетейік, шошқада кездесетін бұл жұқпалы ауру түрі алғаш рет 1903 жылы Оңтүстік Африкада тіркелгендіктен, «африкалық оба» деген атау берілген. Сарапшылар Қытайға шошқа шаруашылығын бұрынғы деңгейге жету үшін 5 жылдай уақыт қажет болатынын айтады. Ал бес жыл бойы мил­лиард­тан аса тұтынушының етсіз отыруын елестету мүмкін емес, демек импортты ұлғайтуға мәжбүр. Қазақстан үшін осы сәтті пайдаланып қалу. Бұл мүм­кін­дікті бізден бөлек жақын жер­­ден Ресей мемлекеті де көз­­­деп отыр. Дегенмен біздің шош­қа экс­­порты бәсекесінде теріскей­дегі көршіден озар жері­міз ішкі на­рығымызда шошқа етіне сұ­р­а­ныс аз және аурудан таза. Ауыл шаруашылығы ми­нист­рі С.Омаров ҚХР-мен шош­қа етін экспорттауға вете­ринариялық сертификатқа қол қойылғанын хабарлады. «2019 жылы Қытайдың Бас кедендік қызметі тарапынан инспекциялық жұмыстардың бі­рін­ші кезеңі жүргізілді. Казір қазақ­стандық кәсіпорындарды импортерлер реестріне қосу бо­йын­ша жұмыстар жүргізілуде. Сөйтіп, ҚХР-на шошқа етін жет­­кізу жұмыстары жылдың со­ңы­­на дейін жүзеге асырылатын бо­ла­ды», – деді министр. Қайта өңдеу. Ет экспортында малды тірідей шекарадан асы­руға шектеу қойып отырған ми­нистр­лік өнімді өңдеуге көңіл бөлу керегін алға тартады. Ведо­мствоның мәліметінше, өн­дел­ген мал өнімдерін өндіру көле­мі артқан. «Мәселен, шұжық өнім­дері 20,9%-ға (18,8 мың тонна), ет консервілері 9%-ға (3 мың тонна), өнделген балық 51,3%-ға (3,9 мың тонна) өсті. Үкімет трансұлттық компанияларды және стра­те­гия­лық инвесторларды мал ша­руа­шылығы өнімдерін қайта өндеу секторына зәкірлік негіз­де тарту бойынша шаралар қабыл­дау­да», – делінген министр­лік хабарламасында. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров 26 мамыр күні өткен селекторлық жиында сиыр етін өңдеу бойынша АҚШ-тың ал­пауыт Tyson Foods ком­па­ния­сымен, ал қозы етін өңдеу жө­­нінен Германияның Bau­man ком­па­ниясымен келі­сім жа­сал­ға­нын мәлімдеді. Осы­­лай­ша, жыл соңына дейін Нұр-Сұлтан және Қостанай қала­ла­рында 2 заманауи ет өндеу ке­шендері қол­­данысқа беріледі деп жос­пар­ланып отыр.  

 width=Бауыржан БАЗАР