Қазақстан 2025 жылға қарай сиыр еті экспортынан 370 млн доллар табыс түсіреді. 26 мамыр күні Премьер-Министр А.Маминнің төрағалығымен өткен отырыста осылай деп айтылды. Ет өндірісінен экспорт көлемінің өсетіні жақсы жаңалық. Алайда 2014 жылы сыртқа 60 мың тонна ет сатамыз деп жінігіп көргенімізбен, ол межені араға бес жыл салып барып былтыр бағындырғанымыз да рас. Мұндай жағдайда амбициялы жоспарды жүз пайыз орындай аларымызға қандай негіз бар? Көңілге медет көрсеткіштің бірі – еліміздің мал шаруашылығында 4% деңгейінде тұрақты өсім сақталып отыр. Үкімет отырысында баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров осы жылдың аяғына дейін саладағы жалпы өнім көлемі 2,6 трлн теңгеге жететінін айтты. Министр мәлімдегендей, мал шаруашылығы секторында негізгі шаралар мал басын көбейтуге бағытталған. Қолдағы ірі қараны – 7,8 млн басқа дейін, қой мен ешкі санын 17,5 млн басқа жеткізу жоспарланған. Елімізде 2018 жылдан бастап аналық мал басын сатып, фермерлік шаруашылықтарды несиелендіру бағдарламасы қолға алынған. Бүгінге дейін 1,5 мың фермерлік шаруашылық несие алып, мал сатып алған. Министрлік осы істің нәтижесінен 350 млрд теңге көлемінде инвестиция қаражатын әрі 42 мыңнан астам жұмыс орнын күтіп отыр. Мал басын асылдандыру ісінде де жұмыстар жалғасады. Былтыр фермерлік шаруашылықтар шетелден 63 мың бас ірі қараны әкеліп, асыл тұқымды малдың үлесі 12%-ға жетті. «Биыл 95 мың бас аналық малды сатып алуға фермерлік шаруашылықтарды несиелендіруді жоспарлап отырмыз. Жыл басынан бастап 21 мың бас сатып алуға фермерлер қаржыландырылды. Былтыр пилотты түрде сатып алынатын малды кепілге қою арқылы қаржыландыру механизмі тәжірибеден өткізілді және аталған механизм биыл кеңінен қолданылады», – деді С.Омаров отырыста. Қазақстанның әлемдік ет экспорты нарығында көздеп отырған негізгі межесінің бірі – Қытай. Себебі соңғы жылдары Қытайдың ветеринария мамандары біздің зертханалардың жұмысымен танысып, оң бағасын берді. Нәтижесінде, еліміз ҚХР-ға ет экспорттау мүмкіндігін алды. Дәл қазіргі сәтте сиыр, қой және шошқа еті экспорты бойынша келісімдер жаса-луда. Шығыстағы көршіге сиыр етін жөнелтіп жатқанымызға біраз жыл болды. Ал қой еті мен шошқа сату алдағы күннің жоспары. Сонымен, дүниежүзілік маңыздағы «тұтынушы» – Қытайға өткізе алар етіміз қандай? Жеке-жеке тоқталып көрейік. Сиыр еті. Сөз жоқ, сиыр пұл болып тұр. Бұрнағы жылдарды айтпағанның өзінде биылғы қаңтар-наурыз аралығында ірі қара етінен 4,5 млн доллар пайда түскен. Статистика комитетінің дерегінше, 2020 жылдың үш айында Өзбекстанға – 670,6 тонна, Қытайға – 599,5 тонна, Ресейге 42,1 тонна сиыр етін жеткізіппіз, экспорттың жиынтық көлемі – 1,3 мың тонна. Әйтсе де, осы кезеңде өзімізге 8,2 мың тонна импорттап үлгеріппіз. Қазақстан ірі қара етін Беларусь пен Ресейден сатып алады, ішінара Украина мен Польшадан да келеді. Дегенмен Үкімет алдағы жылдары сиыр етін Қытайға көптеп жөнелтіп, мол пайда табуды көздеп отыр. Өйткені ҚХР ірі қараның мұздатылған етін мұхит арқылы тасымалдайды. Үлкен нарығы бар көршімізге Бразилия мен Аргентина, Австралия секілді мемлекеттер етін су жолымен әкеліп саудалайды. Енді осы мүмкіндікті жақын жерден біз де тиімді пайдалануымыз керек-ақ. Бірақ Қытай ірі қараны Қазақстаннан тірідей алғысы келетін ниет байқатқан. Бұл талапқа біздің Үкімет келіспейтінін білдіруде. Себебі Қазақстаннан тірі мал экспортына рұқсат жоқ, тек ет күйінде өткізу керек. Десе де, еліміздің Ет одағының мамандары сиырды тірідей сатқаннан пайда көбірек түсетінін айтуда. Ет одағының басшысы Мақсұт Бақтыбаевтың айтуынша, ҚХР-ға Бразилия, Австралия, Аргентина секілді мемлекеттер мұздатылған етті мұхит арқылы жеткізеді. Яғни, кемемен келген еттің жолға кететін шығыны 1 келісіне 5 центті құрайды. «Ал біз ет комбинатынан Қытай шекарасына жеткізгенше еттің өзіндік құны келісіне 20 центті құрайды. Демек, біз жеткізудің өзінен ұтыламыз. Сондықтан тірі мал экспортын ұлғайтып, олардың нарығын осы тұстан бағындыруымыз керек», – дейді ол. Екіншіден, оның сөзінше тірі мал өткізгенде сатқан өгізіміздің етінен бөлек, терісі, сүйегі, ішек-қарынын да қосымша бағалап, құнын екі есеге жеткізуге болады. «Егер Қытайға малды тірідей өткізсек, Қазақстандағы 1 мың доллар бағаның орнына 1,5-1,8 мың доллар пайда түсіреміз. Малдың құны өссе, оның басын көбейтуге қызығушылық артады. Оның үстіне, Қытаймен іргелес жатқандықтан, тірі малды жеткізудің өзіндік құны да бізге арзанға түседі», – дейді М.Бақтыбаев. Бір есептен бұл пікірдің де жаны бар. Шынын айту керек, малдың терісінің біздің елде құны жоқ, ит сүйретіп далада жатыр. Бас-сирағы мен ішек-қарыны мүйіз-тұяғы туралы да солай айтуға болады. Ал өзге елдерде малдың қаны фармацевтикалық өнім үшін өңделеді. Вьетнамда сиырдың өті 25 доллар тұрса, асқазаны көп елде деликатес тағам түрінде бағала-нады. Бір сөзбен айтқанда, сойылған сиырдан түк қалмайды. Бізде оның барлығы қоқысқа тасталады. Әрине, мұнай шикізаты дәуірі аяқталған кезде мал шикізатының қызығына түсіп кетуіміз қауіпті де, бізге керегі отандық өңдеу саласының дамығаны. Бұл тұрғыда Ауыл шаруашылығы министрлігі елімізде қуаттылығы 240 мың тонна ет комбинаттарының жұмысын күшейтіп, өнімді өңдеу саласының қарқынын арттырған жөн деп санайды. Құс еті. Қытай құс етін алуға да дайын. Дегенмен «өз пайдасы» дегенде өзгеге ұтыла қоймайтын көршіміздің мұнда да қояр талабы бар. Министрліктегі сенімді ақпарат көздерінен білгеніміздей, «олар бізден тауық етін импорттауға дайын, бірақ орнына Қазақстанға тауықтың сирағы мен қанатын экспорттайық» деген келісім ұсынуда. Мұндай келісім бізге тиімсіз. Ресей және өзге де елдерде тауықтың сирағы, өкпе, бауыр, жүрегі жеңсік ас саналғанымен, біздің халықтың тәбеті «қаракесек еттен» өзгеге шаба бермесі белгілі. Сондықтан құс еті экспорты әзірге «бір қайнауы ішінде» тұрған жоба. Бұл бағыттағы ішкі өндіріске келсек, былтыр 1 жаңа құс фабрикасын және 5 жобаны жаңғырту арқылы құс етінің өндірісі 14%-ға (223 мың тоннаға дейін) өсімі қамтамасыз етіліп отыр. Дегенмен импорт үлесі – 45%. Шошқа еті. Қазақстанның ет экспорты саласындағы мүмкіндігі үлкен жобаның бірі – шошқа етін сату. Әрине, Қазақстан – мұсылман мемлекеті. Сондықтан өз ішімізде шошқа етіне сұраныс аз. Десе де ол көрші елдерге сатуға өтімді тауардың бірі. Қытай әлемде №1 шошқа етін импорттаушы болып саналады және оны тұтыну жыл сайын ұлғая түсуде. Себебі көршімізде шошқаның африкалық оба ауру тіркелгелі бері, шошқа шаруашылығы апатты жағдайға ұшырады. Инфекция шыққандықтан, елдегі шошқаның 48%-ын жоюға тура келді. Айта кетейік, шошқада кездесетін бұл жұқпалы ауру түрі алғаш рет 1903 жылы Оңтүстік Африкада тіркелгендіктен, «африкалық оба» деген атау берілген. Сарапшылар Қытайға шошқа шаруашылығын бұрынғы деңгейге жету үшін 5 жылдай уақыт қажет болатынын айтады. Ал бес жыл бойы миллиардтан аса тұтынушының етсіз отыруын елестету мүмкін емес, демек импортты ұлғайтуға мәжбүр. Қазақстан үшін осы сәтті пайдаланып қалу. Бұл мүмкіндікті бізден бөлек жақын жерден Ресей мемлекеті де көздеп отыр. Дегенмен біздің шошқа экспорты бәсекесінде теріскейдегі көршіден озар жеріміз ішкі нарығымызда шошқа етіне сұраныс аз және аурудан таза. Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров ҚХР-мен шошқа етін экспорттауға ветеринариялық сертификатқа қол қойылғанын хабарлады. «2019 жылы Қытайдың Бас кедендік қызметі тарапынан инспекциялық жұмыстардың бірінші кезеңі жүргізілді. Казір қазақстандық кәсіпорындарды импортерлер реестріне қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сөйтіп, ҚХР-на шошқа етін жеткізу жұмыстары жылдың соңына дейін жүзеге асырылатын болады», – деді министр. Қайта өңдеу. Ет экспортында малды тірідей шекарадан асыруға шектеу қойып отырған министрлік өнімді өңдеуге көңіл бөлу керегін алға тартады. Ведомствоның мәліметінше, өнделген мал өнімдерін өндіру көлемі артқан. «Мәселен, шұжық өнімдері 20,9%-ға (18,8 мың тонна), ет консервілері 9%-ға (3 мың тонна), өнделген балық 51,3%-ға (3,9 мың тонна) өсті. Үкімет трансұлттық компанияларды және стратегиялық инвесторларды мал шаруашылығы өнімдерін қайта өндеу секторына зәкірлік негізде тарту бойынша шаралар қабылдауда», – делінген министрлік хабарламасында. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров 26 мамыр күні өткен селекторлық жиында сиыр етін өңдеу бойынша АҚШ-тың алпауыт Tyson Foods компаниясымен, ал қозы етін өңдеу жөнінен Германияның Bauman компаниясымен келісім жасалғанын мәлімдеді. Осылайша, жыл соңына дейін Нұр-Сұлтан және Қостанай қалаларында 2 заманауи ет өндеу кешендері қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр.