Архивтерді ашатын кез келген жоқ па?
Архивтерді ашатын кез келген жоқ па?
354
оқылды
Қуғын-сүргін мен ашар­шы­лық­қа қатысты баға бер­генде қалың көп­шіліктің де, зерттеу­ші­лердің де ал­дынан кесе-көлденең шыға беретін бір мәселе бар. Ол – архив құжат­та­рының барлығын ашып, онда бір-бірінің үс­тінен арыз жазған­дардың есім-сойын жария­лау не­месе жария­ламау мә­селесі. Мұндай құжаттарды жария­лауды жақтайтындар ұлт зиялыларына домалақ арыз жазғандар кім екенін білу са­нада сілкініс жасап, тарихтан шы­нымен сабақ алуға бас­тайтынын айтады. Қарсылар құжат­тарды ашу арыз-ша­ғым жазғандар­дың ұрпағы бар екенін, оларды әшке­релеу ел ішінде өнбейтін даудың басталып, бір-бірін айыптап, өштік пен қастыққа апарып соғуы мүмкін деп қауіптенеді. Алайда екі жақ та мұндай құжаттардың ерте ме, кеш пе ашы­латынына кәміл сенеді. Ал қуғын-сүргін кезінде азаматтардың аты­лып, түрмеге қамалуына себеп болған арыздарды жазғандарды қазір неге атамасқа? Архивтерді ашатын кез келген жоқ па? Бұл сауал­дарға тарихшылар жауап берсін.      width=Светлана СМАҒҰЛОВА, тарих ғылымда­рының докторы, профессор: – Қуғын-сүр­­гін нәубе­ті­не қа­тысты әлі де болса құпиялығын сақ­тап, іздеу­шіге берілмей отыр­ған архив құжаттары жетерлік. Бұл – саяси қуғындалуға себепші болған арыздар. Қазірде мұндай мазмұндағы құжаттар Ұлттық қауіпсіздік ко­митеті архивінде сақтаулы. Қу­ғындалу барысын ашуда бұл құ­жаттар аса қажет. Дегенмен де осы құжаттардың бәрін шынайы деп айтуға бол­майды. Себебі кеңестік жүйе тұ­сында қинау, ұрып-соғып мойын­дату сияқты тәсілдерді қол­дану арқылы қазақ азаматтарын айдап салумен бір-бірінің үстінен қара­лап, арыз-шағым жаздыртқан­да­ры да бар. Десе де, сол кездегі бол­ған жағдайларды байы­бына барып зерттеп, шын­дықты қал­пына келтіру үшін бұл құжаттар­мен зерттеуші-ғалымдар таны­суға тиіс. Өкінішке қарай, Ұлттық қауіп­сіздік комитеті архивінің құжаттары арнайы рұқсаты бар ғалым­дарға ғана қолжетімді. Қуғындалған кейбір қайраткер­лердің айыпталу ісіне қатысты жинақтарда үзінді ретінде жария­ланып та жүр. Алайда бұл оларға жабылған айыптардың ақ-қара­сын нақты дәлелдеуге аздық етеді. Міне, сондықтан қуғын-сүр­гін­нің айқын тарихын ашу үшін барлық зерт­теушілерге архив қо­рындағы құжаттармен танысуға мүмкіндік беру керек. Бұл мәселе мемлекет тарапынан шешілсе, көп жайттарға қанық болар едік    width=Абдулуақап ҚАРА,  Мимар Синан университе­тінің про­фес­соры,  тарихшы, Түркия: – Бұл та­қы­рып кө­кейкесті мә­­селе. Менің­ше, бұл тақырып­ты қоз­ғау­дың мезгілі келді. Бірақ Қа­зақ­станда мұндай оқиғаларға қа­тысты адамдарды кінәлай бе­ретін бір қателік бар. Менің ойым­ша, бұған басқаша көз­қа­рас­­пен қараған дұрыс. Бұл жерде арыз жазған адамда кінә жоқ. Бар кінә жүйеде болып отыр. Жүйе адамды адамға қарсы қойып отыр. Мәселеге сондай жағдайға итермелеген отарлық, қанаушы жүйенің қылмыстарын ашу тұрғысынан келуіміз керек. Отар­лаудың ерекшеліктерін мысалға ала отырып қарастырған дұрыс. Өкі­нішке қарай, өз басым арыз жазған адамды, оның ұрпағын кінәлап жүргендерді байқаймын. «Бір адам қуғын-сүргін көріп ұрпақсыз кетті, ал арыз жазған­ның тұқым-жұрағаты аман-есен жүр» деп сол адамның ұрпағына халықты өшіктіріп отыр­ғандар да бар. Бұл – үлкен қателік. Бұған бармауымыз керек. Жалпы, сізді, еліңізді бөгде біреу басқаратын болса, онда адамды адамға, зиялыны зиялыға қарсы қойып, осындай арыз-шағым жазуға мәжбүрлейтін тәсілді пайдаланады. Біреуіне лауазым беріп, тағы біреуіне ақша беріп жасатады. Енді бірін қорқытып-үркітіп арыз жазуға мәжбүрлейді. Арыз жазған адам­ның не өзі, не жүйенің қырына іліккен адам өлетіндей етіп, қиын жағдайда қалдырады. Азат елде адамдарды адам­дарға қарсы қою саясаты бол­майды. Тәуелсіз демократиялық елдерде сөз бостандығы болған­дықтан, айтқан ойы, жазған пі­кірі үшін адамдар сотқа тартыл­майды. Ал өзгелердің боданды­ғында болған елде мұндай әрекет­терді саяси жүйе ұйымдастыра­тындықтан, айып тағылған адам­ға сот та дайын тұрады. Олар арыз­ды тергеп-тексерген болып, адамды қуғын-сүргінге ұшы­ра­тып жібереді. . Жалпы, тәуелсіздігінен айырыл­ған елдерде ұлтының қамын ойлап, халықтың мүддесін қорғаған зиялылар туралы мұн­дай оқиғалар көп кездеседі. Сондықтан тәуел­сіздіктің қадірін білу үшін деректерді ашу керек. Алайда оны адамдардың жеке кінәсі ретінде емес, адамдарды осыған итермелеген жағдайларды және отаршылық жүйенің жы­мысқы саясатын ашу үшін зерттеген дұрыс. Әйтпесе, одан пайда орнына қоғам зиян шегеді.    width=Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және  этнология институты директоры: Негізі, бірін­ші кезекте құқық қорғау органда­рының архивтерін ашу керек. Біз тәуелсіз елміз. Тари­хымызды да тәуел­сіз көзқараспен зерттеуге тиіспіз. Меніңше, мәселе арыз жаз­ған адамдар мен олардың ұрпағына қатысты емес. Алдымен зерттеу үшін ақпарат алуымыз керек. Біз тергеу органдары құжаттарының көшір­мелерін Ресей, Қырғыз Респуб­ликасы, Өзбекстан тәрізді өзге ел­дер­дің архивтерінен өз қаржымызға, мемлекеттің ақшасына алып ке­ле­міз. Әрі ондай құжаттар үнемі қолға түсе бермейді. Оның үстіне, «кісіде­гінің кілті аспанда» деген бар. Сондықтан ХХ ғасырға, одан бұрынғы дәуірлерге қатысты өз архивтерімізде жатқан құжаттарды ашып тастау керек. Олардың біршама бөлігі құқық қорғау мен қауіпсіздік органдары архивтерінде жатыр. Ескі құжаттарды ашудан сескенудің қажеті жоқ. Бір ғана мысал айтайын, Украина 2015 жылы парламенттік деңгейде шешім қабылдап, барлық архивті ашты. Барлық құжаттардың «құпия» деген грифін алып тастады. Тіпті, онда Украинаның қауіпсіздік қызметі зерттеушілерге көмектесіп те жатыр. Сол себепті оларда тарихты, қуғын-сүргін, ашаршылықты зерттеуге ғалымдар толық мүмкіндік алды. Олар аштықтан қырылған 4 млн-дай азаматының аты-жөнін, туған-жыл­дары мен не себепті ажал құшқанын анықтап алды. Сондықтан «арыз жазушылардың ұрпағы зардап шекпей ме?» деп қорқудың қажеті жоқ. Украинада ешкім ұрыс-керіс шығарған жоқ. Өйткені арыз жазған адамдардың барлығы дерлік өмірде жоқ. Ал «әкелер үшін балалар жауап бермеуі керек» деген қағида бар. Демек, арыз жазушылардың ұрпағы зардап шекпейді. Керісінше, мұндай оқиға болашақта арыз жазушылар қатарын азайтады. Тарихта жаман атпен қалғанды кім қалайды дейсің?! Мәселе арызқойларды әшкерелеуде емес, жалпы қуғын-сүргін, ашаршы­лық, депортацияның қалай өткенін анық көрсетуде. Біздің арамызда Алаш қозғалысы, ашаршылық, қуғын-сүргін тақырыптарын зерт­теп, көптеген деректерді оқырманға жет­кізген Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков, Тұрсын Жұртбай, Дихан Қамзабекұлы тәрізді тамаша зерттеушілер бар. Алайда ішкі істер саласының, прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивтеріне қол жеткізе алмай отыр­мыз. Бір кездері бұл құжаттардың бірқатарын ғалымдарымыз алғаны­мен, кейін «құпия» грифі соғылды да, оларға зерттеушілер қол жеткізе алмай қалды. Екіншіден, мұндай мәселенің келесі жағы тағы бар. Қа­зақтың мықты, қайраткер азамат­тарына зұлмат жылдарда тергеушілер көп азап тарттырды. Бүгінде ел мақтанышы болып жүрген сондай қайраткерлер тергеу кезіндегі қинау мен азаптауға шыдамай, жанындағы серіктерін қаралап, жүйенің ың­ғайына жағатын құжаттарға қол қойып жіберген болуы да ғажап емес. Демек, ондай деректерді жа­рия­лағанда да «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» жөн. Сондықтан тек арыз жазғандарға қатысты дерек­терді ашып көрсету деп мәселені төтесінен қоймаған дұрыс деп білемін. Оқиғалардың барлық қыр-сырын мейлінше тұтас зерттеу үшін сол дәуірге қатысты барлық архивті ашу керек. Ал ғалымдар өздері қол жеткізген құжаттарды жариялаған кезде еліміздің заңдары мен халқы­мыздың танымын, этикалық норма­ларды назардан тыс қалдырмайды деген ойдамын.    width=Данагүл МАХАТ, Л.Н. Гумилев атындағы  ЕҰУ «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының меңгерушісі,   тарих ғылымдарының докторы, профессор: ХХ ғасырда жазба деректер көп жинақталды. Жазба деректердің ішінде көп жариялана бермейтіні, деректі ішіне бүгіп ұзақ жылдар зерттеушісін күтіп жататыны – ол хаттар, сонымен қатар сіз айтып отырған архивтегі арыз-шағымдар. Тарих ғылымы үшін өткен ғасырдағы кеңестік тоталитарлық жүйенің қуғын-сүргіндері кезеңіндегі жазылған арыз-шағымдар да деректің бір түрі, олардың мазмұны да бір-біріне ұқсамайтын әр алуан болып келеді. Қуғын-сүргін кезінде арыз жазғандар туралы архив деректерін ашу қажет пе, жоқ па? Осы сұрақ көп қойылады. Бұл мәселеде тарихшы маман ретінде ұстанымым мынадай: алдымен ол деректер кімге қажет? Егер белгілі бір зерттеу аясында, тарихтың ақтаңдағын ашуға қосымша дерек ретінде қажет болса, онда ХХ ғасырдың қарама-қайшылықты, күрделі кезеңінің деректерін, оның ішінде арыз-шағымдарды деректанулық талдаудан өткізіп, ғылыми түсініктерімен жариялауға немесе зерттеуде пайдалануға болады. «Кезінде арыз жазғандар туралы», яғни арыздың иесі туралы мәліметті жариялау деген мәселеде де дерекке ғылыми талдау жасамай, жариялаған дұрыс болмайды деп ойлаймын. Себебі біздің қоғам кешегі ХХ ғасыр тарихын біледі дегенмен де, сіз сұрап отырған архивтен алынған қуғын-сүргін кезіндегі арыз және арыз жазғандар деген мәселеде мұқият болатын тұстар бар. Олай дейтінім әкімшіл-әміршіл жүйе тұсында халықты қорқытып-үркітіп, күштеп немесе  арнайы тапсырыспен жазғызған арыздар да бар. Ақиқат архивтегі және басқа да тарихи деректерді салыстыра терең зерттеп, талдау жасау барысында ашылады. Егер қуғын-сүргін кезіндегі арыз және арыз жазғандар туралы деректерді жариялағанның өзінде де деректанулық ғылыми талдаудан өткізіп, ғылыми түсінік, ғылыми анықтама беріп көпшілік оқырманға ұсынған абзал.  

Аманкелді ҚҰРМЕТҰЛЫ