Коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде бизнес субъектілерінің басым бөлігінің жұмысына шектеу қойылды. Содан бері табысынан қағылған кәсіпкерлер құқы қаншалықты қорғалды? Бизнестің билікке жолдаған өтініші орындалды ма? Қазақстан кәсіпкерлерінің құқын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновпен осы тақырыпта сөйлестік. – Рустам Манарбекұлы, бизнес субъектілері карантин кезінде билікке өтініш «Атамекен» ҰКП арқылы жолдады. Жалпы, кәсіпкерлерді қандай мәселе мазалап жүр, әңгімемізді осы сауалдан бастасақ? – Төтенше жағдай жарияланған кезден-ақ бизнестің басым бөлігі жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Себебі олардың бизнесі адамдармен тікелей байланысты еді. Адам көп шоғырланатын нүктелердегі бизнестің жағдайы қиындады. Сондықтан көмек сұрауға мәжбүр болды. Карантин енгізілгеннен бері бізге кәсіпкерлерден 44 мыңнан астам өтініш түсті. Оның 60 пайызы шарттағы міндеттерді орындай алмайтынын, сондықтан шартты бұзуға тура келгенін айтқан. Ал 54 пайызы қызметкерлерді мерзімсіз демалысқа жіберуге немесе толық емес жұмыс күніне ауыстыруға, 20 пайызы штат санын қысқартуға мәжбүр болғанын жазды. Жұмысын уақытша тоқтатқан бизнес субъектілерінің карантин кезінде кеңсені жалға алу, еңбек және коммуналдық қызметтерді төлеу міндеттемесі қаржылық жағдайына кері әсер еткенін баяндағандары да баршылық. Компаниясын төтенше жағдай кезінде қызмет етуге рұқсат етілген мекемелер тізіміне қосуды сұрағандар көп болды. Әрбір екінші өтініш осы мәселеге қатысты хат жазды. Мұның барлығы кәсіпкерлердің табыссыз қалмасақ екен деген ниеттен туған өтініш. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тауарларға шекті баға белгілеу мәселесіне қатысты да сұрақ туындады. Мысалы, азық-түліктің шекті бағасын белгілеуде сатып алу бағасы рұқсат етілген бағадан жоғары болып кетті. Мысалы, «Адал» маркалы сары майды сатып алу бағасы – 3 856 теңге, ал белгіленген шекті баға – 2 667 теңге. Кәсіпкерлер мұндайда қалай пайда табады? Қазіргі күні Қазақстаннан тыс жерлерге бидай шығаруға квота алу мәселесі де өзекті болып отыр. Квота элеваторлардан астық жөнелтетін және астық қолхатын пайдаланатын компанияларға ғана беріліп жатыр. Сондықтан экспорттаушылар Ауыл шаруашылығы министрлігінен квотаны экспорттаумен айналысатындардың барлығына беру туралы өтініш жолдады. Мемлекеттік қолдау шараларын алу үшін зардап шеккен салалар тізбесіне енгізуді сұрағандар да баршылық, олар – үкіметтік емес ұйымдар, ірі сервистік және өндірістік компаниялар, зерттеу ұйымдары. Бұл өтініштердің барлығын ескеріп, Үкіметке жеткіздік. – Ал Үкімет ұсыныстарыңызды қаншалықты қолдады? – Микро, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері үшін ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін салықтар мен басқа да міндетті төлемдердің, әлеуметтік төлемнің барлық түрін төлеуді кейінге қалдыру туралы ұсыныс қолдауға ие болды. Төтенше жағдай режимі кезеңінде Мемлекеттік кірістер комитетінің қолдауымен сыртқы экономикалық қызметтің 11 мың қатысушысы 28 сәуірден бастап тауарлар импортына ҚҚС төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігіне қол жеткізді. Мемлекет басшысы Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында банктер мен басқа да қаржы ұйымдары кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды ұсынатын экономика салаларының тізбесін кеңейтуге қатысты бастамамызды қолдады және мақұлдады. Бұған дейін экономика салаларының мұндай тізбесі толық емес еді. Онда өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған салалар ғана қамтылатын. Енді ол тізбе экономиканың 11 саласына дейін кеңейтілді. Біз жалпы, 16 наурыз бен 20 мамырға дейін Парламент, Үкімет және мемлекеттік органдарға коронавирустан бизнеске келетін залалды азайтуға септігін тигізетін шешімдер ұсынып, 53 хат жолдадық. Үкімет сол ұсыныстың 47 пайызын қолдады.
Барлық өңірде Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот ғимаратында «Атамекен қабылдауы» арнайы кабинеті ашылған. Онда Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары мен бизнес-омбудсменнің өңірлік өкілдері кәсіпкерлерді қабылдайды. Мұндай формат дауларды реттеудің сотқа дейінгі тәртібін сақтауға және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға септігін тигізеді. Ол төтенше жағдайлар мен карантин режимін енгізуге байланысты туындаған дауларды сотқа дейін және соттан тыс реттеу мақсатында іске қосылды.
– Демек, ұсыныстарыңыздың жартысына жуығы ғана қолдау тапты? Ал қалғаны неге қабылданбады? Нақты қай ұсыныс өтпеді? – Мысалы, республика көлемінде барлық бизнес субъектілеріне қатысты статистикалық есепті тапсыру мерзімін төтенше жағдай аяқталғанға дейін кейінге қалдыру туралы ұсынысымыз қабылданбады. Бұл ұсынысты Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті қолдаудан бас тартты. Есесіне, статистикалық есепті уақытында тапсырмаған бизнес субъектісін әкімшілік жауапкершілікке тартпайтын нормаға қол жеткіздік. «Майқапшағай» және «Бақты» өткізу пункттерін ашу туралы ұсыныс та мемлекеттік орган тарапынан қолдау таппады. Табиғи монополияларды реттеу комитетіне коммуналдық қызметтерді төлеуде кәсіпкерлерге жеңілдік беруге қатысты хат жолданды. Комитет аталған ұсынысты қолдады және бұл іс-шараға өңірлік кәсіпкерлер палаталары қызметкерлерін тарту туралы шарт қойды. Осыған байланысты Қазақстан кәсіпкерлерінің құқын қорғау жөніндегі уәкілдің кеңсесі Өңірлік кәсіпкерлер палаталарына кандидатураларды жіберу және осы жұмысқа белсенді қатысу туралы тапсырма берді. Біз жолдаған ұсыныстар әлі де қаралып жатыр, алдағы уақытта оң шешімін табады деп ойлаймын. – Карантин кезінде жұмысы тоқтап қалған кәсіпкерлерге кеңсенің жалдау ақысына жеңілдік жасалатыны туралы айтылып еді. Квазимемлекеттік секторда бұл мәселе шешілді. Ал ғимарат пен кеңсені жалға беретін жеке кәсіпкерлер жалға алушыларды жұмыс істемеген екі ай үшін жалдау ақысын төлеуге мәжбүрлеп отыр. Олардың жағдайы не болмақ? – Барлық өңірде Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот ғимаратында «Атамекен қабылдауы» арнайы кабинеті ашылған. Онда Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары мен бизнес-омбудсменнің өңірлік өкілдері кәсіпкерлерді қабылдайды. Мұндай формат дауларды реттеудің сотқа дейінгі тәртібін сақтауға және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға септігін тигізеді. Ол төтенше жағдайлар мен карантин режимін енгізуге байланысты туындаған дауларды сотқа дейін және соттан тыс реттеу мақсатында іске қосылды. Кәсіпкерлер кез келген даулы мәселе бойынша осы кабинеттен консультациялық-құқықтық көмек ала алады және даулы жағдайларды соттан тыс шеше алады. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласының Өңірлік кәсіпкерлік палатасының сарапшылары келіп түскен өтініштер негізінде «Рахмет», «Тұлпар», «Ырысты», «Ажар», «Джафар» сауда үйлері, Emerald Tower серіктестігімен келіссөздер жүргізілді, нәтижесінде тараптар келісімге келіп, жалдау ақысы төмендетілді. Егер жалдау ақысына қатысты мәселе туындаса, «Атамекен қабылдауы» кабинетінен кеңес алуға болады. – Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл ретінде шетелдерде жұмыс істейтін қазақстандық кәсіпкерлердің коронавирус жағдайындағы ахуалынан хабарыңыз бар ма? Олардың құқы қалай қорғалып жатыр? – Қазақстан көптеген мемлекеттермен, ең алдымен ТМД елдерімен құқықтық көмек жөніндегі халықаралық конвенциялардың қатысушысы саналады. Бұл біздің азаматтарымыз бен кәсіпкерлеріміз осы елдердің резиденттері пайдаланатын құқықтар мен міндеттерді пайдаланады дегенді білдіреді. Бұдан бөлек, Ресей, Өзбекстан, Грузия бизнес-омбудсмендерімен байланыс орнатып, өзара келісімге қол қойғанбыз, сол келісім бойынша тараптар іскерлік ахуалды жақсарту үшін кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша жұмыс істеуге бейімделген. Сонымен қатар мемлекеттің ұлттық заңдарын дұрыс қолдану бойынша консультациялық-құқықтық көмек көрсету, ғылыми-тәжірибелік конференцияларға, семинарларға және басқа да іс-шараларға қатысу қарастырылған. Біз үшін басты міндеттердің бірі – біздің кәсіпкерлер өзге елде басына түскен қиыншылықпен жалғыз қалмауы керек, оларға көмек көрсетілуі қажет. Шетелдік әріптестерім осы елдердің аумағындағы қазақстандық кәсіпкерлерге менің өтінішім негізінде қолдау көрсетеді. Мұндай мәселелерді шешуге Қазақстанның шет мемлекеттердегі елшілігін және Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаментін де тартамыз. – Мемлекет басшысы Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның 11 мамырындағы отырысында Үкіметке осы жылдың 1 қазанына дейін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қатысты банкроттық рәсімді тоқтатуды тапсырды. Бұған не себеп болды? – Бұл шара кредиторлар тарапынан болатын қысымға жол бермеу үшін жасалып отыр. Себебі карантин кезінде шарттағы міндеттерін орындай алмай отырған кәсіпкерлер қиындыққа форс-мажор салдарынан тап келді. Көптеген ұйым іс жүзінде төлем жасауға уақытша қабілетсіз болып қалды. Бұл кредиторлар беретін өтініштер негізінде банкрот деп тану туралы істердің көбеюіне алып келуі мүмкін. Бірақ бұл карантин кезінде қаржылық жағдайы нашарлаған бизнеске ғана қатысты. Ал төтенше жағдай режимі енгізілгенге дейін шарттағы өз міндетін орындай алмаған және ол төлем қабілетсіздігіне негіз болған компанияларға мораторий қолданылмауы тиіс. Мораторий енгізу алаяқтық әрекеттер үшін қолайлы жағдай туғызуы мүмкін деген пікір бар. Сондықтан борышкерлерге қатысты қамауға алу, пайдалануға тыйым салу, белгілі бір іс-әрекеттерді жүзеге асыруға тыйым салу кезінде жағдайды пайдаланып, активтерін шығарып алуына жол бермеу үшін шектеу шараларын қарастыру қажет. Осы мәселелердің барлығын Қаржы министрлігімен бірлесіп талқылап жатырмыз.Сұхбаттасқан Халима БҰҚАРҚЫЗЫ