Қазаққа кім қорған?
Қазаққа кім қорған?
290
оқылды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласында болған оқиғамен танысу үшін Түркістан облысына ұшып барды. Президент оқиға орын алған бетте Қорғаныс, Ішкі істер министрлеріне және Түркістан облысының әкіміне Арыстағы жарылыстың зардаптарын жою жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және жарылыстың себептерін анықтауды тапсырған болатын.

Кенеттен елдің басына түскен мына жағдай оңай емес. Сын са­ғатта сабырлы болу, қауіпсіздік ша­раларын қамтамасыз ету, ең бастысы, азаматтардың аман­дығын сақтау – маңызды мәселе. Осы ретте Мемлекет басшысының шешімтал әрекеті құптарлық.

Айтайын дегеніміз не? Құзырлы органдар жедел қимылдау жағынан уақыт жоғалтқаны анық. Бірақ Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің ширақтығы бірталай мемлекеттік мекеменің оралымсыздығын жуып-шайып жібергенін айту керек.

Қорғаныс саласында былық пен шылық онсыз да аз емес еді. Мемлекеттің мықтылығы қор­ға­ныс саласына тікелей байла­нысты. Қорғанысың әлсіз болса, қор болғаның. Осыны ұғыну қиын ба?

Қазаққа қорған болады деген қорғаныс саласы осындай бол­ғанда, басқа не сұрайсыз?

Атырауда «Шеврон» деген компания бар. Қауіпсіздік шара­ларын қалай жүргізуді солардан үйрену керек. Мұнда кез келген көлікке – ұшаққа, автобусқа, жеңіл көлікке мінетін болсаңыз: қауіп­сіздік белдігін тағынбайынша, еш­қайсысы орнынан қозғалмайды; компанияға қарасты территория ішінде көліктер тек белгіленген жылдамдықпен ғана жүреді, бар­лық жерде қатаң тәртіп. Осының бәрі не үшін? Жұмысшылар мен қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін жасалған әрекет.

Қазақстан бойынша дәл осы «Шеврон» компаниясының қауіп­сіздік ережесін енгізу қажет секілді. Бірінші кезекте әр азамат өзіне өзі қорған болуы қажет. Қауіпсіздік пен сақтық шарасын қатаңдатқан­нан ешкім ұтылмайды. Қазіргідей жолда шамадан асқан жылдамдық­пен жүру, көлікті қалай болса, со­лай айдау, жол ережелерін қасақана бұзу дегеннің бәріне тосқауыл жасамасақ, халқымыз қайғы-қасіреттен көз ашпауы мүмкін...

Жапонияда жер сілкінісі жиі болады. Соған байланысты бұл елдің халқы кез келген тосын жағ­дайға дайын. Еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін түрлі апат-күлпаттар кезінде қандай әрекет жасауды біледі. Біз құсап бей­қамдыққа салынбайды.

Ұшақпен жиі ұшамыз. Сонда қауіпсіздік ережелерін хабарлап жатқанда жолаушылардың көбісі еш мән бермей, басқа жаққа қарап отырады. Өз амандығымызға
деген салғырттықтың ең үлкен көрінісі – осы. Солай емес пе?!.