«Жапон тыңшысы» қайдан шыққан сөз?
«Жапон тыңшысы» қайдан шыққан сөз?
1937 жылдары 60 мыңнан астам адам «Жапон тыңшысы» деген жаламен қанды қырғынның құрбанына айналған. Негізі, саяси қуғын-сүргінді бастауға түрткі болған да осы жала еді. Сол саяси қуғын-сүргіннің зардабын тартқан олар өмірінде жапондарды көрмеген де екен. Онда тағылған айып қайдан шықты, нендей дәлелдер бар?  

Әңгіменің төркіні

Әуелі Алаш қайраткерлерінің мұ­ратынан бастасақ. 1917 жылы Ке­­ңес өкіметі Ресейдің құрамын­да­ғы отар ұлттардың өзін-өзі билеуіне мүмкіндік беруге уәде еткен. Содан кейін Тәуелсіздік декларациясы жа­рияланды. Бұл отар ұлттар үшін сөзсіз мүмкіндік болды. 1917 жылы 5-13 желтоқсандағы Бүкілқазақтық ІІ құрылтайда Қазақ автономиясы, ал 20 желтоқсанда Башқұртстанның үшінші құрылтайында тәуелсіз Баш­­құртстан Республикасы жария­ланып, ресми заңмен бекітілді. Он күннен кейін Қоқанда Түркістан үкіметі құрылды. Әр республиканың ұлттық әскері жасақталды. Кеңес өкіметіне ұнамайтын жағдай туды. Бұл үш үкімет Сібір Колчак, Самара құрылтайшылар үкіметі мен боль­ше­виктер өкіметі тарапынан үш жа­қ­ты әскери майданның қыспа­ғы­на түсті. Міне, осындай аласапыран тұста Мұстафа Шоқай Каспий ар­қылы Грузияға, одан Түркияға, одан Парижге эмиграцияға кетті. «Алаш­орда» үкіметінің өзге қайраткерлері болса «Қазақтың Қазақстаннан басқа Отаны жоқ. Сондықтан қазақ үкіметінің мүшелері қазақ ішінде қалуы тиіс» деген ұстаныммен елде қалды. Содан кейін 1918 жылы 15 мамыр күні астыртын жағдайда «Алашорда» өкілдері Қостанайда жасырын кеңес өткізді. Онда Қазақтардың саяси жағдайы жайлы мәлімдеме жазылып, бүкіл әлемге тарату үшін Жапония үкіметіне жет­кізуі тиіс болды. Жапония Ресейдің одақтасы болатын. Сол арқылы ха­лықаралық үрдісті сақтау көздел­ді. Қалыптасқан әскери қоршау жағдайында Орал мен Қазақстан аймағында біріккен мұсылман мем­лекетін құру идеясы да ұсынылды. Колчактік Сібір үкіметінің өткізетін 18-21 шілде аралығындағы құ­рыл­тайға ұсыну үшін Башқұртстан мен «Алашорда» үкіметінің 12 баптан тұратын ұсынысы Семейде тал­қы­лан­ды. Оған Башқұртстаннан – Сеиітгерей Мағазов, «Алашорда­дан» Әлихан Бөкейханов, Түр­кіс­тан-Қоқан автономиясының төра­ға­сы Мұхамеджан Тынышбаев қа­тысқан. Жапония үкіметіне қатысты бұл оқиғаны тәпіштеп отыруымыз­дың себебі осы оқиға 1922-1953 жыл­дардың арасындағы қазақ зия­лы­ларын «Жапон милитаристік мем­ле­кетінің шпионы», «жапон барлау мекемесінің қызметкері», «Қазақ­стан­ды Ресейден бөліп алып, Жапо­нияға астыртын сатпақ болды» деп кінәлап, жазалауға мүмкіндік берді. – Неге Жапония таңдалды дей­тін боларсыз. Біз айтып отырған – бір жағы ғана. Екінші жағынан, Алаш қайраткерлері Жапонияның ұлттық идеологиясын үлгі етіп, қазақ қоғамына да жол ашқысы кел­ді. Егер сол идеология жүргізіл­генде, бүгінде Қазақстан Жапония секілді өнер, ғылым дамыған ел болар ма еді?! Астыртын мәжілістен кейін, екі жылдан соң (1920) астра­хандық зиялы қазақ Мұхамеджан Тұңғашиннің қағаздарымен қоса жоғарыдағы 12 пункттен тұратын құжаттың және «Алашорда» үкіме­тінің құжаттары Кеңес өкіметінің қолына түседі. Міне, осыдан кейін Кеңес өкіметі қазақтың зиялыларын «Жапон тыңшысы» деп танып, ше­тінен қуғынға түсірді, – дейді алаш­танушы, ғалым Тұрсын Жұртбай.  

Қуғынның басталуы

«Алашорда» қайраткерлері мен ұлттық интеллигенцияға «1927-1930 жылдары Орынбор мен Ташкентте құрылған контрреволюциялық ас­тыртын ұйымға қатысқаны үшін, Орта Азиядағы бастамашылардың қозғалысына қосылып, әскери жа­сақ құруға ұмтылғаны үшін, сөйтіп қарулы көтеріліс арқылы Қазақ­станды Ресейдің құрамынан бөліп әкетпек болғаны үшін, Англиямен (отызыншы жылдан бастап бұл сөз Жапониямен алмастырылған) ас­тыртын байланысып, жапон әскері Қазақстанға басып кіре қалған жағ­дайда, қырда көтеріліс ұйымдас­тыруды жоспарлағаны үшін» деген айып тағылды. Бұл құжаттар Қазақ­стан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивінде әлі күнге бар ( №78754 іс). 1927 жылы – 40 адам, 1930 жылы 32 адам тұтқынға алынған. Олардың алды 1930 жылы атылды, соңы ай­дауға кетті. 1937 жылғы репрессия­дан кейін олардың бірде-біреуі тірі қалмапты. 1937-1938 жылғы қасірет ешкімді мамандығына, лауазымына, атағына қарап таңдап жатпады. Зауал жалпыға төнді. Алаш зиялы­лары мұндай айыптың жалғандығын дәлелдеуге тырысты. Сол кезде Ах­мет Байтұрсынов «Жапония соғыс ашамын десе, оны қазақтан сұра­майды» деп жауап беріпті. Мұның барлығы қатыгездік пен қинаудың нәтижесінде алынған мәліметтер. – Мақалалардың бірінде ақын Сәкен Сейфуллинді әшкерелеп жазған, кейін өзі де айдалып кеткен академик Мұхамеджан Қаратаев сексен алтыншы жылы маған: «Мұ­ны таспаңа (магнитофонға) жазба. Есіңде жүрсін. Кім біледі, көлең­ке­міз қысқарып келеді. Тергеу камера­сында жатқанымда қасыма біреуді әкеп қосты. Өскеменнің омарташы орысы екен. Ол да ұзақ жатыпты. Жөн сұрастық. Сонда Сәкенді (Сей­фуллинді) есіне алды. Менен бұрын сол кісімен бір камерада бо­лыпты. Ол «Мен өзім орнатқан өкі­меттің жауы емеспін», – деп ұзақ қаса­ры­сыпты. Бар қорлыққа шы­дап­ты. Бір күні тергеуге кеткен Сә­кен кіріп кеп «Мен біттім, төзбе­дім қорлыққа!» деп айғайлап сөй­леп, төсекке етпетінен жата кетіп, солқылдап жылапты. Талай қыс­паққа салғанда қайыспаған Сәкен­нің морт сынуына сенбеген омар­ташы себебін сұрайды. Сонда Сәкен «Бәріне шыдар ем ғой. Жас ұрпақты бізге қарсы қойғанына қалай шыдаймын. Орындыққа отырғызып қойды да, қазақтың екі жас баласын алып келіп, екеуіне екі құлағымды создырып: «Ой, әкеңнің аузын... Сейфуллин, ой шешеңді... Сейфул­лин! Сен халық жауысың!» дегіз­генде шыдамадым. Қорлық қой. Олар­дың көзіне жексұрын боп кө­рін­генше өлгенім жақсы деп жалған айыпты мойындап қол қойыпты» деп құпиялап айтты. Намысты ­аза­мат үшін, әке үшін бұдан ас­қан қандай қорлық пен мазақ бо­луы мүмкін?! Андре Моруаның: «Кез келген билеуші үшін ең қауіпті адам – жазушы» дейтіні сол, – деді Тұрсын Жұртбай. Көп деректерде «Жапон тың­шысы» деген айыппен 60 мыңнан астам құрбан болғаны айтылады. Ал алаштанушы Тұрсын Жұртбай бұл сан 64-67 мың арасында еке­нін айтып отыр. Алаш қайрат­кер­лері Жапо­нияның ұлттық идео­ло­гиясына қы­зыққаны рас. Бірақ олар берілу үшін емес, ұлттық бол­мысын сақтай оты­рып, дамыған елден үлгі алғысы келді. Мұхтар Әуезов те не­бәрі 20 жасында «Жа­пония» атты ма­­қала жазып, осыны баяндаған екен.   Түйін:  

1930-1950 жылдары Қазақстанда 100 мыңға жуық жапон әскери тұт­қын еңбек еткен. Бірақ олар да Кеңес өкіметінің залалын тартып, Карлагта тұтқын болған. Соның бірі Қарағанды облысы, Ақтас кентінде тұратын Ахико Тецураға арнап «Ақтастағы Ахико» атты пьеса жазылып, сахна­ланған еді. Осылайша, жалған айып мыңдаған адамның қасіретіне айна­лып шыға келді.

 

 width=Мадияр ТӨЛЕУ