Нәубет жылдардың кейбір парақтары ашылғанымен, толық зерттелді деп айта алмаспыз. Кеңес кезеңінің көші-қон саясаты мен Қазақстанның тарихи демографиясын кешенді зерттеп жүрген тарихшылардың бірі – БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Құндызай Ерімбетова. Зерттеуші осы бағытта 4 монография және 100-ден астам ғылыми мақала жазды. Біз тарихшымен сұхбаттасып, 1930 жылдардағы кеңестік қуғын-сүргін жүйесінің қалыптасу алғышарттары, қабылданған шаралар мен шешімдер, олардың салдары жөнінде сұраған едік. – Саяси айыптау бойынша қуғын-сүргін үрдістерінің белең алуына не түрткі болды? Жеке тұлғалар қандай көзқарастары үшін қуғын-сүргінге ұшырады? – 1920 жылдың аяғындағы құрбандар партия, Сталин саясатына қарсы оппозиция мүшелері партиялық қызметтегі публицистер, тарихшылар болатын. 1922 жылдың басында Қызыл профессура институтының алғашқы тыңдаушыларының бірі Иосиф Литвиновтың тағдыры туралы айтып өтсем деймін. Ол жеке күнделігінде былай дейді: «...Сұмдығы «марксизмнің дінге айналғаны», ал «революцияның қайта бөлісу жағына ауысуы» және оған қоса, кеңестік-партиялық шенеуніктердің «биік дәрежелі кастасы» құрылды, «өзіндік пайымы жоқ және ықпалды адамдардың ойынан шыққысы келетін, жеке қадам жасауға қорқатындар, қойдай өріп» азғындалды. «Птицегондарды» жек көремін. Бұл адамдарды алдау комедиясы іспетті. Ешкім енді идеяға сенбейді, бірақ сенетіндей келбет танытады». Профессордың осы жазбасы оның «халық жауы» атануына бірден-бір дәйек болды. Бұл 1920-1930 жылдардағы мемлекеттік басқаруға қатысты зиялылар арасында түрлі көзқарастардың болғанын айғақтаса керек-ті. 1930 жылдардың басында КСРО-дағы революцияға қарсы күрестің ушыққаны жөнінде директивалық құжаттар ғылыми басылымдардан орын ала бастады. 1933 жылдың 8 мамырындағы БК(б)П ОК және КСРО ХКК нұсқауы, 1935 жылдың 16 қаңтарындағы «Киров жолдастың қастандықпен өлтірілуіне байланысты оқиғалар тағылымы» атты жабық хаттан кейін, саяси айыптау бойынша қуғын-сүргін үрдістері белең алды. 1935 жылдың мамыр айында, партия мүшелерінің құжаттарын тексерудің кезекті кезеңі жалғасты. «Халық жауларын» буржуазияға қызмет көрсетушілер, социализмді орнатпау жолындағы зиянкестер тұрғысында тұрғындар санасына құю бағытында насихат жүргізілді. Осы жылдары И.Сталин, В.Молотов, А.Вышинский, Л.Каганович, Н.Ежов, Н.Крыленко, Л.Берия және басқалардың баяндамалары мен баспасөз бетіндегі мақалаларында «кеңестік өкіметке қарсы күдіктілер», таптық күрестің өрістегені жөнінде айтыла бастады. Бұл одақ көлемінде жүргізілетін саяси зорлық-зомбылықты идеологиялық негіздегі ұйымдастырудың, мемлекеттік заңсыздық пен бассыздықтың бастамасы ғана болатын. 1930 жылдары Одақтың түрлі ұлт-аймақтарында Кеңес өкіметінің саясатына, кеңестік идеологияға қарсылықтың өршуі күшейді. Өкінішке қарай, бұл оқиғалар барысы КСРО тарихы тарихнамасынан орын алған жоқ. Мысалы, ұжымдастыру үрдістері мен саясатына қарсылық, іс-қимылдар «реакциялық күш» ретінде біржақты бағаланды. КСРО тарихы – халықтың тарихы емес, «Пролетариат тарихы» ретінде кеңестік идеологияың басты қаруына айналды. 1937-1938 жылдары саяси қылмыстылар қатарына іліккендер ішінде 1 344 923 адам революцияға қарсы көзқарасы үшін айыпталып, оның жартысына ату жазасы кесілді. 1937 жылдың 23 ақпаны мен 5 наурызы аралығында социалистік құрылыс кезеңіндегі таптық күрестің асқынғаны жөнінде қорытынды жасаған БК(б)П ОК-ның Пленумы өтті. 5 наурыздағы Пленумның қорытынды жиналысында И.Сталин «халық жаулары» санының 30 мыңға жеткенін атап өтеді. Алайда осы пленумға дейін оның 18 мыңы тұтқындалған болатын. – 1929 жылы ауыл шаруашылығы саласы мамандарымен болған конференцияда И.Сталин бай-кулактарды жою қажеттілігі туралы алғаш рет сөз қозғады ғой. Бұл кейін қаулығы айналып, бүкіл республиканы шарпыған аштыққа әкеліп соққаны белгілі. Елдегі ашаршылықтың алғышарты осы қаулымен байланысты ма? Әлде басқа да негіздері бар ма? – КСРО-да революция «жеңіске» жеткен соң, тезірек социализм құрудың бесжылдық жоспарын қолға алды. 1930 жылдың 6 қаңтарында Орталық комитеттің жаппай ұжымдастыру туралы Қаулысы жарияланады. 30 қаңтарда Саяси бюро кулактарды жою туралы Қаулыны бекітеді. 1930 жылдың 11 қаңтарында ОГПУ басшысы Ягода Одақ бойынша қарамағындағы жетекші қызметкерлеріне хат жолдайды. Онда былай делінген: «...ауылдық жерлердегі «байлар» тап ретінде жойылуы тиіс. Олар астықты өртеуде және өртейді де, олар белсенділер мен билік өкілдерін өлтіруде. Егер біз ... көктемгі егістік науқаны кезінде соққы бермесек, басымыз жаппай көтеріліс астында қалып, науқан іске асырылмай қалады ...». Мүліктер тәркіленгеннен кейін қоғамда зорлық-зомбылық, жаппай тәртіпсіздік, Кеңес өкіметіне қарсы насихаттар мен қарсы бой көтерулер белең алды. 1929 жылы 95 мың адам тұтқындалды. Ауыл тұрғындарына қарсы қысым 1929-1931 жылдары шарықтау шегіне жетті. Одақ бойынша және Қазақстанда жаппай наразылық толқыны артты. Мысалы, 1929 жылдың 1 желтоқсанына дейін «Батпаққара ісі» бойынша 335 адам тұтқындалған. Көтеріліс басылған соң 530 адам жауапқа тартылып, 115 адам атылып кетті, 170 адам 2-10 жыл аралығында бас бостандығынан айырылды. 1929 жылы республикадағы 44 723 200 бас малдан 1934 жылы 4,5 миллион бас мал ғана қалды. Босқындар саны артты. Нәтижесінде, Қазақстанда мемлекеттілікті құраушы қазақтар саны 1939 жылы жалпы тұрғындардың 37,8%-ын құраса, 1959 жылы бұл көрсеткіш 30%-ға дейін кеміді. Осылайша, ауыл-аймақ шаруашылығы мен мүлкі күштеп тәркіленді. Ауыл шаруашылығын әлеуметтендіру осылай іске асырылды. 1930-1931 жылдар аралығында тәркілеу кезінде одақ бойынша 2 миллионнан астам қарапайым шаруалар туған мекендерінен күштеп жер аударылды, оның 30 мыңға жуығы атылды. 1934-1944 жылдар аралығындағы он жылда 12-14 млн адамның тағдыры тікелей ГУЛАГ-пен байланысты өрбіді. – 1931 жылғы 20 ақпанда БК(б)П ОК-нің саяси бюросында тәркіленгендерді көшіру туралы арнайы мәселе қаралды ғой. Жалпы, сол жылдары елімізге қанша адам көшірілген? – БК(б)П ОК Саяси бюросының 1930 жылғы 15 қаңтардағы шешімімен В.Молотов басқарған, 21 адамнан тұратын арнаулы комиссия (Ф. Голощекин де оның құрамында болды) құрылды. Ол кулактарды тәркілеу жөнінде нақты шаралар әзірлеп, 30 қаңтарда Саяси бюроның қаулысымен ресми нұсқаулық күшке ие болды. Онда жазалаудың бірінші санаты – азапты лагерьлер немесе ату жазасы, екінші санаттағыларға – КСРО-ның жекелеген аудандарына жер аудару, үшінші санаттағылар – тұрғылықты жерлермен шекаралас, бірақ өз колхоздарынан тыс жерге орналастыру көзделді. Өлкеге төменгі және орталық Еділдің, Орталық Қаратопырақты және Мәскеу облыстарынан, Закавказье мен Орта Азия аймағынан 1930-1933 жылдар аралығында Қазақстанға 317 мыңға жуық адам жер аударылды. 1932-1933 жылдары арнайы қоныс аударылғандар арасынан ОГПУ деректері бойынша 55 441 адам қайтыс болған. – 1932-1933 жылдары аштық пен аурудан қаза болғандардың ішіндегі қазақтардың үлес салмағы қанша? – Тәркілеу салдарынан ашаршылық, жұт, босқыншылық та өріс алды. Қазақстанның ауыл тұрғындары 1930 жылдың шілдесінен 1933 жылдың 1 маусымы аралығында 3,4 млн адамға кеміп, ал қала тұрғындары 766,8 мың адамға өскен. Ашаршылық жылдары 2 миллионға жуық қазақ немесе халықтың 49%-ы құрбан болды деп жобалауға болады. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ