Қазақ байлары қалай қуғындалды?
Қазақ байлары қалай қуғындалды?
661
оқылды
ІІ Николай патшаны отбасымен бірге азаптап, ешбір сотсыз-ақ бір түнде қырып салған қанышер Филипп Голощекин қазақ жерін басқарған тұста қазақтың басына қасірет төнді. 1928 жылдың 27 тамызында Қазақ АКСР Орталық атқару комитеті ірі бай шаруашылықтардың және жартылай феодалдардың мал-мүлкін тәркілеу және жер аудару туралы жайлы қаулы шығарды. Мұның соңы күштеп тәркілеуге жалғасып, байлардың қолындағы малы зорлықпен тартып алынды. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген сұрқия сая­сат ұстанған Филипп Голо­щекин мен оның жандайшаптары байлар ғана емес, тұрмысы орташа ха­лыққа да қырғидай тиді. Соңыра қазақ даласын зұлмат аштық жайлады. Қазақ байлары не үшін қуғын­далды? Олардың малын неге тар­тып алды? Мұның бәрі Иосиф Сталиннің 1925 жылдан басталған елді индустрияландыру жайлы саясатының салқыны еді. Кеңес өкіметі индустрияландыру аясын­да зауыт-фабрикалар салып, ірі-ірі нысандар құрылысын қолға алды. Алайда мұндай игіліктің ешбірі қазақ аумағында бой көтерген жоқ. Керісінше, барлығы Ресей топы­рағында іске асты. Ал қазақ жері­нен керісінше, мол мөлшерде ет пен астық алынды. Белгіленген мөлшерді өтеу мақ­сатында кеңестік билік бай­лар­ға бас салды. Қолындағы малын тартып алып, Ресей асырды. Та­рихшы Талас Омарбековтің ай­туын­ша, 1931-33 жылдары қазақ даласында 40 млн бас малдан 4 млн ғана қалған. Осының салдарынан алапат аштық кезінде сол кездегі 4,8 миллион қазақтың 2,3 мил­лионы аштан қырылған. Қасірет емес пе? Байлар қалай қуғындалды, солай елден береке қашты. Өйткені бұрынғының дәулеттілері еліне, жұртына мейір-шапқатын жауды­рып, қараша халыққа қарайласқан еді. Қара халықты жұмыспен қам­тыған кім? Байлар. Той-томалақ, ас-ауқат ұйымдастырып, қазақ мәдениетіне жан бітірген кім? Байлар. Қазақтың алғашқы газет-журналдарын қаржыландырған, Алаш арыстарының жолында тө­сеніш болып жайылған сол байлар болатын. Кеңес билігі таптық қай­шылық жоямыз, бай мен кедейді бір қыламыз деген дүрмекпен бай-бағландарды аяусыз жазала­ды. Мұның соңы жалпыхалықтық нәубетке ұласты. Алаш үні «Сарыарқа» газеті мен «Абай» журналының шығуына демеушілік көрсеткен Алаштың ауқатты қайраткері Мұхамедхан Сейітқұл төрт рет тәркіленді. Мұ­хамедхан Сейітқұлдың немересі, PhD докторы Дина Мұхамед­ханның айтуынша, атасының мал-мүлкі 4 рет, 1921, 1928-1929, 1932 және 1937 жылдары тәркіленіпті. «1920 жылдары Мұхамедхан атам­ды бай адам болғаны үшін тәр­кілесе, 1937 жылы тартып алар ды­­мы қалмағасын, алашордашыл деп айыптаған. Себебі ол ислам дінінің шырағын жағып, көп ­адам­ға көмек қолын созған бо­ла­тын», – дейді Дина Мұхамедхан. Ол уақытта бай баласы болудың өзі маңдайға басылған белгі секілді еді. Соның салдарынан 1928 жылы бастауыш мектепті тауысқан ұлы Қайым Мұхамедхан мектептен қуылды. Алаш арыстарына қаржылай қолдау көрсеткен тағы бір қазақ ауқаттысы Медеу Оразбайұлы еді. Әлихан Бөкейхан 1908 жылы сегіз ай Семей абақтысына қамалғанда Алаш көсемінің сырқаттанғанын естіп, он құлынды бие байлап, күн сайын абақтыға бір саба қымыз апарған осы Медеу болатын. Алаш әскері жасақталған кезде ақша­сын аямай, қазақ баласы үшін мектеп соққан Медеу Оразбайұлы 30-жыл­дары азапты күндерді бастан өткерді. 1931 жылдың 8 сә­уірінде оны екі ұлы Санияз, Сләм­қайдармен бірге қамауға алып, ату жазасына кесті. Қазақ баласы үшін мектеп сал­дырған тағы бір Алаш ауқаттысы Хасен Ақаев болатын. Қарқаралы өңірінің ірі байы, атақты Қоянды жәрмеңкесінің негізгі қолдау­шысы, сол кездегі Қарқаралы пе­тициясын ұйымдастырушы­лар­дың бірі Хасен Ақаев та байларды қудалау кезінде жапа жекті. 1905 жылғы Қарқаралы петициясы сол кездегі қазақ ауқаттылары мен зия­лыларын бір мүддеге тоғыстыр­ған құжат болды. Хасен Ақаев Алаш арыстарын қолдап отыруды өз мойнына алды. Міржақып Дулатов, Жақып Ақ­баевтар абақтыға қамалғанда ақысын төлеп шығарып алған осы Хасен бай еді. Өкінішке қарай, 20-жылдардың басында оның бүкіл байлығын тәркілеп, дымсыз қалдырған. 1928 жылдың 2 қаза­нын­да қайта тұтқындап, 3 жылға жер аударған. 1931 жылы қуғында жүріп, дүние салды. Байларды қудалау кезінде қазақтың ірі байы Қаражан Үкібаев та сырт қалмады. «Қазақ» газетін, «Абай» журналын қаржылан­дыр­ған, Алаш арыстарының елдік жолында, қазақтың талантты бала­ларының білім алуы үшін қаржы аямаған Қаражан байдың 1927 жылы мал-мүлкі тәркіленіп, өзін Сібірге жер аударды. 30-жылдары қайтадан қамауға алынып, ату жазасына кесілді. Қудалау Жетісу өлкесінің ау­қаттылары Маман байдың әулетіне де қырғидай тиді. Бар байлығын ел игілігі жолында сарп еткен, мектеп соғып, бала оқытқан Маман бай­дың балаларына Алаш үкіметін қолдады деген айып тағылды. Ста­линдік репрессия кезінде Мама­новтар әулетінен 36 шаңырақ қу­ғындалып, 15 адам атылған екен. Есенқұл 1928 жылы мал-дүниесі кәмпескеленіп, Чкаловқа жер ауда­рылды. Айдауда жүріп, ауырып қайтыс болды. Байларды қудалау науқаны кезінде Абайдың ұрпақтары да аяусыз жаза тартты. 1928 жылдың 28 қарашасында Алаш қозға­лы­сының Семейдегі қызметінің қуаттаушысы Тұрағұл Абайұлы бірнеше рет қуғын көрді. Алдымен 1922 жылы Әлихан Бөкейхан, Мір­жақып Дулатұлымен бірге тұт­қын­далып, төрт ай түрмеде отырды. 1927-1928 жылдары тағы да тұт­қындалып, алдымен түрмеге қа­малып, босап шыққан соң бүкіл дүние-мүлкі тәркіленіп, өзін Шым­кентке жер аударды. 1934 жылы сол жақта дүние салды. Кеңес билігі Тұрағұлдың балала­рының да тоз-тозын шығарды. Оларға 1928 жылы «бай-феодалдың тұқымы, Алаш­ор­дашының бала­сы» деген айып та­ғылып, жер ау­дарды. Тұрағұл ұл­дары Жебрайыл 1930 жылы, Зұ­ба­йыр 1933 жылы дүние салды. Абай­дың тағы бір ұлы Мекайыл 1931 жы­лы бай баласы ретінде ұсталып, Семей түрмесінде сотсыз атылды. Қазақ даласына байлығымен аты шыққан Шорман бидің ұрпақ­тары да бар байлығынан айыры­лып, аштан қырылды. Баянауыл аймағының ауқатты байларының бірі Иса Шорманов пен оның ұлы Зинда Шорманов еді. Деректерге Зинданың бүтін бір аймақты асы­рағаны айталды. Міржақыптың қызы Гүлнар Дулатова «Алаштың сөнбес жұлдыздары» кітабында ол жайлы: «Исадан туған Сахизин­даны Зинда төре деп атаған. Ом­быда оқыған екі тілге жетік кісі екен. Ел-жұрт сыйлаған өте адал, мейірімді адам болса керек. Шор­ман әулетінің ішінде ең дәулеттісі, салтанатты тұрмыс құрған, іскер, шаруасына мықты болған деседі» деп жазады. 1928 жылы Павлодар округтік комиссиясының қаулысы бойын­ша ірі байлардың қатарында Зин­даның да мал-мүлкін тәркілеп, өзін Ақтөбеге жер аударыпты. «...1932-33 жылдардағы ашаршы­лықта Зинданың үй іші өте ауыр жағдайда жоқшылықтың зардабын аз шекпеген көрінеді. Айдау мерзімін өтеген соң, сағынған еліне бармақшы болып пойызбен Омбыға әзер жетеді. Мұндағы ағайын-туыстары ашаршылықтан жан-жаққа бытырап кеткенін көр­ген Зинда қайтадан үйіне кетуге оқталса да, жолы түспепті. Ошақ-отынан, балаларынан жырақ, панасыз қалған Зинданың өмірі ұзаққа бармай, аурудан қайтыс болыпты» деп жазады Гүлнар Ду­латова. Өкінішке қарай, бүтін бір елге шарапаты тиген Зинданың артында ұрпағы да қалмады. За­манында мол дәулетке ие болған жұбайы Мағида 1933 жылы тіске басар талғажу таппай жан тапсы­рыпты. Қандай қасірет! Иә, Кеңес билігі қолында малы бар деген адамның тышқақ лағына дейін сыпырып алған соң, қазақ даласын аштық жайлады. Қаншама қазақ қайғыдан қан жұтып, бақи­лық болды. Қаншама қазақ бас сау­ғалап, басқа елге қашты. Олжас Сүлейменов бір естелігінде: «Мәс­кеуге барған бетте Ленин кітап­ханасынан 1926 жылғы санақтың қорытындылары жарияланған кітапты тауып оқы­ғанмын. «Ка­захи самая крупная тюркоязыч­ная на­циональность советского союза – 6 млн 200 тыс человек» деген тұсын көшіріп те алғанмын. Ал 1939 жылы сол 6 миллионннан астам қазақтан 2 миллион адам ғана қалған. Мұн­дай қорлыққа тек қой мінезді халық қана шыдай алады. Ал біз жылқы мінезді халық емес пе едік?!» деп жа­зады. Міне, Кеңес үкіметінің қа­зақты қойша қыр­ға­нының дәлелі.  

Серікбол ХАСАН