Мореналық көлдерден Алматыға келер қауіп бар ма?
Мореналық көлдерден Алматыға келер қауіп бар ма?
фото: ашық дереккөз
Алматы тауларындағы мореналдық көлдердің жағдайын жан-жақты бағалау мақсатында «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі мен Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы аэровизуалдық тексеру жүргізді, - деп хабарлайды қалалық ТЖД. Жалпы Алматы қаласының аумағында барлығы 45 морена көлі бар, оның ішінде 15 көл қауіпті болып саналады Тексеру нәтижелері бойынша, мұздық мореналдық көлдер қысқы режимнен шығып жатыр. Көлдерге аз көлемде су толуда, су деңгейі ең төменгі мөлшерде. «Үлкен Алматы өзені бассейніндегі №13 көлде сифон құбырлары арқылы су босатылады. Олар су деңгейі көтерілген кезде автоматты түрде іске қосылады. Ағымдағы жылы мореналық көлдерді босатудың алдын алу жұмыстары Қарғалы, Ақсай, Кіші және Үлкен Алматы өзендерінің бассейндерінде орналасқан жарылуға қауіпті 7 морена көліне жоспарланған. Оған республикалық бюжеттен 39 миллион теңге бөлінді. Жарылуға қауіпті болып саналатын мореналық көлдерге алдын алу жұмыстары 15 маусымнан басталады. Оларды іске асыру үшін жоғары қуаттылықтағы 9 сорғы, 10 тұрғын үй модулі, сифон құбырлары және басқа да қажетті техникалық ресурстар әзірленді»,– деп хабарлайды қалалық ТЖД баспасөз қызметінен. Департаментің мәліметінше, өткен жылы сел пайда болған Қарғалы өзені бассейніндегі №1 көлде су мөлшері төменгі деңгейде болғандықтан, қауіп тудырмайды. Биыл аталған бассейнге су ағатын арна салынады, оған 14 миллион теңге қарастырылған.