Ақтоқтылар АЛЖИР дейтін Түнекте
Ақтоқтылар АЛЖИР дейтін Түнекте
©А.Ахметқазы
– Есе алды да ессіздік пен есірік, Көз жасы ақты – көктің түбі тесіліп. Ақтоқтылар АЛЖИР дейтін Түнекте Шырылдады бұрымдары кесіліп! Керуен бастап кердеңдеген кесірмен – Жендет біткен келеді ойнап жесірмен: АЛЖИР дейтін Алапаттың ішінде – Ақтоқтылар – бұрымдары кесілген! Бұл – ақын Серік Ақсұңқарұлының өле­ңінен үзінді. Бұл өлең Алжир-де азап шек­кен, зорлық-зомбылық көрген әйелдер­дің қа­сіретін айғақтап тұр. АЛЖИР туралы айту – тіптен қиын. АЛЖИР және сұлулық ту­ралы сөз қозғау мүмкін бе? Түрмеде «халық жауларының» әйелдері отырды. Қап-қара түнек пен адам төзгісіз азап тұнып тұрған айнала оларға бір сәтке жарқ етіп сәулесін төкті ме екен деп ойлай­сың?!. Тұтқында сауатты, көзі ашық, ғылым мен техниканың соңғы жаңалық­та­рынан хабардар әйелдер отырғаны анық. Өйткені музейге барсаңыз, гүлден, қы­на­дан бояу алып, ұн илеп, мүсіндер жа­са­ғанын көзі­ңізбен көресіз. Олар азап түрме­сінде отырып, кесте тоқыды. Іш­тегі шерін кестеге төк­ті. Көз жа­сын да сонда жасырды. Атылған, азап шеккен, қорлық көрген ұлт зиялыларының әйел­дері де бұл азаптан азат болған жоқ. Олар да осынау зұлматты бірге бас­тан кешірді. Карлаг – ер-аза­мат­тарды тұншықтырған азап лагері болса, АЛЖИР – анала­рымыздың қайғысын жамылған қасірет алаңы. АЛЖИР-де талай қазақ әйелі тұтқында отырғаны белгілі. Со­лардың бірі – қазақ­тың аяулы ұлы, ұлт қайраткері Бейімбет Май­лин­нің жары Гүлжамал Майлина еді. Ол жарынан, бала-шағасынан айы­рылып, тұтқынға айналған шақ­та небәрі 37 жаста болыпты. Тұт­қындардан: «Кім қой баға­ды?» деп сұраған кезде «Әйтеуір, қой баға алармын» деген Гүлжамал апай бес жүз қойды алдына салып, шашау шығармай, баққан екен. Лагерьдегі азапты 4 жыл осылай өте шығады. Бір күні қаңтардың са­қылдаған сары аязында Гүл­жа­мал апайдың отарынан елу қой жоқ болып шы­­ғыпты. Лагерь бас­тығы қаһарына мі­ніп, 3 күн ішінде елу қой отарға қосылмаса, тағы да 8 жыл жаза мерзімі қосылатынын ескертеді. «Жазамның жарты мер­зімін өтеп біттім» деген Гүлжамал апай тағы да 8 жыл тұтқын болмауы үшін елу қойды қалай да табу керегін түсі­неді. Содан сүйектен өткен суыққа қарамастан, жаяу-жалпылап дала кезіп кетеді. Алайда елу қой табыла қойсын ба? Екінші күн дегенде кештетіп, бір ауылдың шетіне іліккен Гүлжамал апай ең шеткі үйге кіре салып, босағаға отыра кетіп, солқылдап жыласа керек. 4 жыл бойы шеккен азап, шемен боп қатқан шер – түгел болмаса да, біразы ақтарылады. Мән-жайға қаныққан ауыл адамдары анаға қол ұшын созып, ер-азаматтар қой іздеуге шығады. Тіпті, сол елу қой табылмаса да «әр үй екі-үш қой берсек те, елу қой шығарармыз» деп ана­ны жұбатады. Іздеуге кеткендер құр қайтпай, қойды тауып беріпті. Бұл – сол бір аяулы жандарға қа­рапайым адамдардың көрсет­кен кісілік келбеті болар. Оларға жүйе қан­шалықты қатыгездік көрсетсе де, сол бір қарапайым адамдардың ізгілік қасиеті оларды жоғалудан, азаптан сақтап қалды. Ал Дәмеш Жүргенова – қазақ­тың білімді қыздарының бірі бол­ған. Қазақ ССР-іне еңбек сіңірген дәрігер атанған Дәмеш Әмірха­н­қызы Ермекова – Темірбек Жү­р­геновтің аяулы жары. Ол 1905 жы­лы Қар­қаралы ауданына қа­расты №1 ауылда дү­ниеге келген. 1927 жылы Ташкент қала­сын­дағы Орта Азия Мемлекеттік уни­вер­си­тетінің медицина мамандығын ойда­ғыдай бітіріп, 1930-1933 жылдар аралы­ғында әуелі орди­натор болып еңбек етіп, кейін Өз­бек Мемлекеттік медицина инс­титутының аспи­рантурасына тү­седі. Оның жар­қын өмірінің шы­райын 1937 жыл­ғы зобалаң бұз­ғаны анық. Әуелі жолдасы «халық жауы» атанды. Кейін Дәмешке де осы бір қаралы хабардың қамытын киюге тура келді. «1938-1946 жылдар аралығында жа­зықсыз ұсталып, лагерьдің ащы дәмін таттым. Мұның өзі аққа жа­ғылған қара күйедей уақыт еді» деп жазған екен өз өмір­баянында. Ол лагерьде трактор айда­ған. Күндік нормасын асыра орындауға бар күшін салады. Ондай тұтқынға бір бөлке нан беретін тәртіп болған. Сол бір бөлке нан үшін Дә­меш апамыз өзін аямай жұмысқа жеккен. Кешкісін бір бөлке нанын құшақтап, баракқа қайтады екен. Сосын ол нанды жұмыс істеуге жағ­дайы келмеген өзге тұтқын­дарға қылдай етіп бөліп беріп отырған. Қасірет лагерінде азап тартқан анала­рымыздың бірі – Әзиза Рыс­құлова. Әзиза ана лагерьде 10 жыл отырды. Онымен бірге Әрипа апа да азап шекті. Бауырындағы кіш­кентай баласын қолынан жұлып алып, балалар үйіне өткізді. Сүйген жары «халық жауы» атанды. Бұл қасіреттің бәрі анаға оңай соқ­пағаны анық еді. Дәмеш Жүр­ге­нова өз естелігінде: «Әзиза лагерьде де шыдамдылық пен қай­раттылық таныта білді. Жас сә­биімен бірге көштен қалмай, қаталдыққа қайыспай қарсы тұ­руымен-ақ өзгелерге жігер бер­ген­дей. Ақыры маман­дығы бойынша жұмысқа орналасып алды. Осында жүріп маңайындағы әйелдерден көмегін аямады. Тіпті, баласы үшін алатын бір литр сүтті де басқалармен біріге отырып шай ішуге бөлетін. Өмір тақсыреті тар қапаспен бітпепті. Алда тосып тұрған тауқымет бұдан да зор екен. Баласы екі жарым жасқа жеткен­де оны анасынан бөліп, бөлек ла­герь­ге жөнелтті. Ол сонда жүріп қайтыс болды. Бос­тандыққа шыққан соң да оның айы оңынан туып кеткен жоқ. Әр ба­ла­лар үйіне өткізілген басқа сәбилерін іздеумен қажыды. Ал бүлдіршіндер болса арада өткен жылдар әсерінен туған анаға жат атанған. Әсіресе, кіші қызымен табысу ұзаққа созылды. Өзінен жатырқай қашқан балаға қарай тұрып Әзиза жүрегінің сан үзіл­генін түсіну онша қиынға түспес. Оның арғы жағында баспа­на, жұмыс табу тұрған» деп жазады. АЛЖИР күзетшілерінен қор­лық пен зорлық көрген талай әйел аяғы ауырлап, осы жақтан балалы болған екен. Олардың әкелерінің кім екенін сол әйелдердің өзінен басқа ешкім айта алмайды. Ол баланы өз күйеуімнің сәбиі деп бауырына басқан әйелдер де көп болған деседі. Мұның бәрі олар үшін үлкен қасірет еді. АЛЖИР-ге анасымен еріп келген балалар­дың да жағдайы жақсы болмаған. Қарны ашып шырқыраған сәбилер үні айнала­дағылардың аза бойын қаза қылады екен. «Күніне елу шақты бала қайтыс болған күндер бар болған» деп жазады деректерде. Ал үш, кейде бес жастан асқан ба­ланы анасынан алып, жеке баракқа алып кетіп отырған. Өлген немесе бауырынан тартып әкеткен бала­сын аңсаған ана баракта отырып жоқтауын айтқанда, барлық ана қосыла жылайды екен. Себебі олардың әрқайсысының басында осындай ауыр қайғы болды. Азап лагері 1937 жылдың жел­тоқса­нын­да ашылады. Небәрі бір ай өткенде, яғни 1938 жылдың қаң­тарында бұл лагерьге Қазақ­станнан, одан қала берді Кеңес Одағына қарасты Белоруссия, Кавказ елдері, Орталық Азия ел­дерінің түкпір-түкпірінен ва­гон­дарға тиеліп, қаншама әйелдер әкелінген. 1937-1953 жылдарға дейін осы бір азап түрмесіне 18 мыңнан аса әйел қамалған екен. Алғашқы уақытта тұтқын­дардың паналайтын жері болмаған. Сонда да мойымаған әйелдер қа­мыс орып, саз илеп, саман кірпіш құйып, өз түрмелерін өздері салып алады. Суық пен ыстыққа, аш­тық­қа шыдамаған қаншама әйел осы жерде көз жұмды. Тегінде адам ба­ласы аштық пен суыққа шыдар ма еді, оларды қинаған нәрсе – ертеңгі күніне сенбеуі, болаша­ғы­ның бұлдыр болуы, бала-шаға мен сүйген жарының қайда жүргенінен хабарсыздығы болса керек. Азап лагерінде 20 мыңнан астам әйелдер отырды. Олар бұл түрмені 10 жылдай мекен етіпті. Оның ішінде 8 мың әйел лагерь ашылған алғашқы күннен соңғы жабылған күнге дейін болған екен. Сондай-ақ түрме ішінде 1 000-нан астам әртіс, 100-ден астам суретші болыпты. Бұл күнде олар салған суреттер тарихи құнды жәдігерге айналды. Аналар шеккен қиянат олар­дың жүре­гінде, жанында қалды. Оны тек қасірет көргендер ғана түсінеді. Бастысы, тағдыр тау­қы­меті аяусыз сынаса да, морт кеткен жоқ. Жүйе қатыгездік танытса да мойы­мады. Олар ұлтқа қызмет еткен сүйікті жарларының «жау» болғанына сенген жоқ. Өле-өл­генше күйеулерін ақтап өтті.   P.S.

Жазықсыз қуғын-сүргінге ұшы­раған әйелдер жайлы айтқанда ең ауыр жазаға кесілген қос аруды атап өтпеу арымызға сын болар еді. Қа­зақтың тарихында ерлі-зайыпты­лардың да атылып кеткен кездері болған. Біз білетін екі дерек бар. Олар Телжан мен Шахзада, Мәжен мен Торғай дейтін азаматтар еді. Шахзада Шонанова күйеуі, белгілі ғалым Телжан Шонанов атылған соң 10 күн өткенде 1938 жылдың 9 наурызында, Торғай Сүлейменова мен күйеуі Мәжен Сүлейменов 1937 жылдың 21 тамызында атылды...

 

 width=Гүлзина БЕКТАС