Алғашқы редактор да атылып кеткен еді
Алғашқы редактор да атылып кеткен еді
Мыңдаған жазықсыз жан­ның өмірін қиған сталиндік қуғын-сүргін  халықтың жүре­гін­де жазылмас жара қал­дыр­ды. Шығыс Қазақстанда Сая­си қуғын-сүргін құрбан­да­рын еске алу күніне орай ауқымды та­ным­­дық, тарихи іс-шаралар ұйым­дастырылуда. Ең бас­ты­сы, тарихтың ақтаңдақ бет­те­рі әлі де зерттелетіні, мұның бә­рін кейінгі ұрпақтың сана­сы­на әлі сі­ңіре түсу керектігі айты­лу­да. Шыны керек, жүрегі елім деп соққан Алаш арыстарының бар мұрасы, тарихы қарт Семейде қат­­талып жатыр. Өйткені Семей Алаш қозғалысының орта­лы­ғы болған. Саяси қуғын-сүргін 1928 жылдары нақ осы Алаш қоз­ғалысына қатысқан қайрат­кер­лерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшыл ұлтшыл» деген айып тағылып, әртүрлі мер­­зімге түрмеге қамалып, ату жа­за­сына кесілді, еріксіз жер ауда­рылды. Репрессияның алғашқы тол­қы­нына Алаш партиясының мү­шелері мен Алашорда бас­шы­­лары ілікті. 1928 жылдың ая­­­ғын­да жалған айыппен ұстал­ған 44 адам­ның қатарында А.Бай­тұр­сынұлы, М.Дулатов, Ж.Ай­ма­уы­тов, Х.Ғаббасов, И.Әлім­бе­ков болғанын бүгінде архив деректері арқылы білеміз. Ал қазақ зиялыларын саяси қуғындау 1937 жылы қайта қол­ға алынды. Алашорда ісімен 4 297 адам қуғынға ұшырап, 2 062 адам атылды. Бұлар аса да­рын­ды, ұлт жанашырлары еді. Ол аздай, социалистік өнді­ріс­ті ұйымдастырушылар да реп­рес­сияға ұшырады. Риддер ке­ніштерінің басшылары Р.Дрей­ман мен А.Кельмансон, «Ульбастрой» тресінің менеджері А.Спекторов, Құлынжон кен басқармасының директоры А.Беляков, Зырян тау-кен басқармасының бастығы Ж.Таттыбаев та ең жоғары жаза ату жазасына кесілді. – Тек 1937 жылы ғана Қазақ­стан­да қуғын-сүргінге 7 500 адам ұшырап, олардың 2 500-і атыл­ды. Біздің облыста 1 350 адам тұт­қын­ға алынып, олардың 300-і ату жазасына кесілді, – дейді іс-ша­ра барысында Өскемендегі сая­си қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейінің меңгерушісі Фари­да Бегімханова. Зұлмат жылдарда аталары мен әке­лері саяси қуғын-сүргінге ұшы­­­ра­ған­дардың ұрпақтары Нұр­зия Мұқашева, Әсипа Бажеке­но­ва, Лидия Роот жиында ес­те­лік­те­рімен бөлісті. Бүгінде жасы тоқсанға та­қап қалған Нұрзия Мұқашева апа­мыздың да әкесі сол зұлмат за­манда «халық жауы» атанып, на­қақтан ату жазасына кесіліп кет­кен екен. – Әкем Нұрғазы Жұрдыбаев 1892 жылы Ұлан ауданының Ұрын­хай ауылында дүниеге кел­ген. 1918 жылы Алаш пар­тия­­сының мүшесі болған. Ке­дей ша­­руадан шыққан, үш клас­тық мұ­ға­­лімдер даярлайтын семи­на­­рияны бітірген. 1937 жылы 20 қара­шада тұтқынға алынған ке­зін­де Бұқтырма ауданының Киров колхозында мұғалім болып қыз­мет етіп жүрген. Ең жоғары жазаға кесіліп, ату жазасы сол жылдың 24 желтоқсанында орындалған. Әкем қамалғанда мен небәрі жеті жаста екенмін. Үйден екі әскери шанаға салып әкеткенде мен де әкемнен қалмаймын деп артынан жүгіре беріппін. Қыстың күні қарда құ­лап жатқан жерімнен көршілер кө­теріп, үйге алып келіпті. Ал әкем­мен бірге кеткен анамды аяғы ауыр болған соң артынан бо­сат­ты, – дейді Нұрзия апа. Ал әке­сінің қай жерде атылып, қайда жер­ленгені бүгінге дейін белгісіз. Жиында сонымен қатар Шы­­ғыс Қазақстан облыстық «Ди­­дар» газетінің тарихы баста­ла­­тын, сол кездегі Риддер қала­сын­­да жұ­мысшы табының мүд­десін қор­ғау мақсатында ашыл­ған ал­ғаш­қы қазақ газеті «Жұмыс­шы­ның» бірінші редакторы болған Мақсұт Тайшыбаев туралы да мағлұматтар айтылды. Өкінішке қарай, алғашқы редактор да 1938 жылы наурыз айында Алматы қаласында атылып кеткен. Бұл жө­нінде жиналғандарға М.Тай­шы­­баев туралы жазылған «Қызыл қырғынның құрбаны» кітабының авторы, ардагер журналист Айт­мұхам­бет Қасымов жиналған жас­тар­ға кеңінен айтып берді.  

Қазақстан жер аударылғандардың екінші Отанына айналды

Саяси сүргіннің салқыны өзге ұлттарға да тиді. Мәселен, көп­теген халық туған жерлерінен күш­­теп жер аударылды. Бұл да өт­кен ғасырдағы зобалаң жылдар­дың бір парағы десек болады. КСРО Халық Комиссарлары Кеңе­сінің және КОКП Орталық Комитетінің 1937 жылғы 26 тамыз­дағы «Корей халқының Қиыр Шығыстан шығарылуы туралы» қаулысы корейлердің тағдырын шешсе, 1941 жылғы 29 тамыздағы немістерді қоныс аударту туралы шешім олардың екінші Отаны ретінде қазақ даласын белгіледі. Шығыс Қазақстанға 72 мың адам жіберілді (40 мыңы Семей облы­сына, 32 мыңы Шығыс Қазақ­стан­ға). Сондай-ақ 1944 жылдың 23 ақ­панында шешендер мен ин­­гуштерді мәжбүрлеп шы­ға­ру бас­тал­ды. Қазақстанға 344 589 адам­ды қоныс аудару жос­пар­лан­ған. Оның ішінде шығысқа 65 403 адам (Семей облысына 31 236, Шығыс Қазақстан облысына 34 167 адам) қоныстанды. Шығыс Қазақстан облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының жанындағы не­міс этномәдени бірлестігінің белсен­дісі Лидия Роот Кеңес Одағының Жоғарғы Кеңесі 1941 жылы 28 тамызда немістерді жер аудару туралы бұйрық шығарғаннан кейін сол жылдарда 1 млн 200 мың адам жер аударылғанын айтады. – Әкем Генрих Роот және апам Мария Беккер Вальце қала­сында дүниеге келген. Ол жақ­та мәдениетті, жоғары білім­­ді адам­­дардың санатында болды. Ста­линнің бұйрығынан соң 24 са­ғат ішінде туған жерден күш­пен көшірілдік. Апамның ор­тан­шы ұлы Александр Оралға жіберілді, 16 жастағы кіші ұлы Виктор Қарағанды қаласындағы шахтаға кетті. Апам өзі Мария және Марина есімді екі қызы­мен Ресейдің Алтай өлкесіндегі Бутырке селосына жер аударыл­ды. Сол жақта ағаш дайындап жүргенде өзі бір көзінен айырыл­са, ауыр жағдайға шыдамаған ең кіші қызы Марина сол жақ­та қайтыс болды. Ал менің әкем Генрих Роот соғысқа барып, артиллериялық полкта неміс басқыншыларына қарсы шай­қасты. Менде әкемнің соғыс­қаны туралы құжаттары, суреттері бар. Осылайша, репрессия жыл­да­рын­да біздің отбасымыздың ойраны шықты, – дейді Лидия Роот. Кейін Лидия апаның әкесі шы­ғыстағы Глубокое ауданына қа­расты Белоусовка кентіне жер ау­дарылып осындағы шахтада ауыр еңбекке жегіледі. Осы жер­де анасы Мариямен танысып, отба­сын құрады. Сонымен қатар қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары ал­да­ғы уақытта облыс орталығы Өс­кемен қаласында Саяси қу­ғын-сүргін мен ашаршылыққа ұшырағандардың рухына тағзым ететін арнайы ескерткіш ашылса, осы күні сол ескерткіштің басына барып, еске алып тұрсақ деген ұсы­ныстарын да жыл сайын біл­ді­ру­мен келеді, бұл да алдағы күнде қолға алар шаруаның бірі.  

Дәурен АЛЛАБЕРГЕН, Шығыс Қазақстан