Тұңғыш рет Ұлттық ұлан сарбаздары үйлеріне ұшақпен қайтты
Тұңғыш рет Ұлттық ұлан сарбаздары үйлеріне ұшақпен қайтты
фото: ашық дереккөз
ҚР Ұлттық ұланы 5573 әскери бөлімінде әскери борышын атқарған сарбаздар 33 орындық АН-26 ұшағымен бірінші рет үйлеріне кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz. Ішкі істер министрлігімен келісе отырып, 2019 жылдың көктемінде Жамбыл облысынан шақырылған 27 сарбаз ұшақпен Тараз қаласына жеткізілді. Үлгілі-көрсетімді оркестрдің сүйемелдеуімен 5573 әскери бөлімінде салтанатты түрде сап түзеген сарбаздарды әскери бөлім басшысы Сәкентай Шекарбеков ақ жол тілеп, Отан алдындағы азаматтық міндетін адал атқарғандары үшін алғысын білдіріп, жолдағы сақтық шараларын орындауларын тапсырды. Әуежайға жеткен кезде сарбаздарға 5573 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Ерлік Ықыласов бөлім басшысының атынан алғыс хаттарды табыстады. Сарбаздар әскери борышын орындау уақыт аралығында өмірге деген көзқарастарын өзгертіп, жаңа бір деңгейді бағындырды деуге болады. Сондай-ақ, қызмет барысында дабыл беруші, аспазшы, қару-жарақ жөндеу шебері, қорғаныс маманы және әскери атыс полигонының операторы сияқты мамандықтарды игерді. Жалпы алып қарайтын болсақ, соңғы бес жылда Ұлттық ұланға әскери борышын өтеуге шақырту алған бес мыңнан астам жауынгер әскердің оқу құрамасында оқып, қызметтің түрлі мамандықтарын игеріп шықты. Олардың біршамасы күні бүгін әскери күштік құрылымдарда қызмет атқарып келеді. Сонымен қатар, бөлім басшысының шешімімен ішкі істер органдарында қызмет етуді қалайтындарға ұсыныс хаттар беріледі. Айта кететін жайт, жыл сайын республиканың барлық аймақтарынан жас жігіттер елорданың жедел бригадасына Отанды қорғау азаматтық міндетін орындауға шақырылады. Нұр-Сұлтан қаласындағы әскери қызмет Отандастардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда, оларды қылмыстық және басқа да заңсыз қол сұғулардан қорғауда үлкен жауапкершілік жүктейді. Еске салcf0, Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің 1-2019 әскери қызметшілері елдегі төтенше жағдай мен карантиндік шараларда өздері үшін және тұтас алғанда мемлекет үшін қоғамдық тәртіпті сақтау қызметін жүзеге асырды. Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан 5573 әскери бөлімі күн сайын елорданың төрт ауданында, кейде үш ауысымда әскери қызметке 1200-ге жуық әскери қызметшіні бөледі. Олармен бірге офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер де бар.