Тауарлық чек – бөтен қолға түспеуі тиіс
Тауарлық чек – бөтен қолға түспеуі тиіс
фото: ашық дереккөз
Кез келген адам сауда жасағаннан кейін түбіртекті түкке жарамсыз деп ойлауы мүмкін. Мәселен, сіз дүкеннен келе жатқанда алдыңыздан шыққан белгісіз біреу «бонус жинау үшін түбіртегіңізді бере аласыз ба?» деп сұрауы ықтимал. Әлбетте, ойыңызға ештеңе келмей чекті ұстата саласыз. Салық органдары  дәл осы жағдайдан алаяқ немесе толыққанды алаяқтар жоспарының қатысушысы болып кетуіңіз мүмкін екендігін айтады. «Мәселен, алаяқтар сіздің түбіртегіңізді алып дүкенге қайта барады. Белгілі бір заттың биркасын жұлып тастап, оны қолды қылуы мүмкін. Ал есік алдындағы күзетке сіз берген түбіртекті көрсете салады. Алаяқтықтың екінші түрі: еш затты ұрламай-ақ әлгі адам сіздің чегіңізді дүкен иесіне қайтарып, ақшаны талап ете алады. Себебі клиент заң бойынша алған тауарын қайтара отырып, ақшасын белгілі бір уақыттың ішінде талап етуге құқылы. Алаяқтардың түбіртекке қатысты әрекетінен зардап шегетін дүкендер ғана емес. Саудадан кейін карта арқылы төлем жүргізетін сатып алушы да мәселемен бетпе-бет келеді. Пластик картаны пайдалану арқылы банк операциясын орындасаңыз, сізге қатысты мәліметтерді пайдаланып та заңға қайшы әрекет жасалуы мүмкін. Чектегі транзакция мәліметтерінің көмегімен әккі алаяқтар белгілі бір ақпаратты біліп алып, артынша хаккерлер сіздің банктік шотыңызға да жетіп алады», - деп ескертеді Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті. Осы себепті департамент тауарлық чек – бөтен қолға түспеуі тиіс төлем құжаты екенін ескертеді. Оны дүкенге жақын қоқыс жәшігіне тастауға болмайды. Департаменттің мәліметінше, сіз чегіңізді өз пайдаңызға жарата аласыз. Ол үшін «Түбіртекті талап ет те, сыйлық ұтып ал!» атты кең ауқымды республикалық акцияға атсалысу керек. Биыл 13 мамырда басталған дәстүрлі акция жыл соңына дейін жалғасады.