Қазақстанда кәсіпкерлер саны азайған өңір белгілі болды
Қазақстанда кәсіпкерлер саны азайған өңір белгілі болды
©А.Ахметқазы
302
оқылды
Қазақстанда бір жыл ішінде сауда, көлік-логистика, жылжымайтын мүлік салаларындағы жеке кәсіпкерлер саны айтарлықтай азайған. Бұл туралы Finprom.kz мамандарының зерттеуінде айтылып отыр.  Сәуірдің соңында елде 1,2 миллионға жуық жеке кәсіпкер тіркелген, оның жұмыс істеп жүргені – 1,1 миллион. Былтырғы сәуірдегі мәліметке қарағанда жеке кәсіпкерлердің жалпы саны 3,3%-ға, жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлік саны 0,6%-ға азайған. Бір жыл ішінде сауда, автокөлік пен мотоцикл жөндеу саласындағы жеке кәсіпкерлер саны 7,9%-ға, көлік және қойма бизнесімен айналысушылар саны 7,7%-ға, жылжымайтын мүлік операцияларымен айналысатын жеке кәсіпкерлер саны 6,6%-ға азайған. Мамандар бизнестің бұл салалары карантин салдарынан көп зардап шекті деп мәлімдеуде. Тұтас алғанда, жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерліктің жартысынан астамы дағдарысқа көбірек ұшыраған сауда, автокөлік пен мотоцикл жөндеу (349,8 мың) және ауыл, орман және балық шаруашылығы салаларына тиесілі – (237,3 мың). Қазақстанда жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлердің көбі Түркістан облысында – 132,7 мың, одан кейінгі орындарда 118 мың жеке кәсіпкері бар Алматы мен 109,2 мың жеке кәсіпкері бар Алматы облысы тұр. Ал Республика бойынша керісінше бір жыл ішінде Шығыс Қазақстан (9,3%) мен Қостанай облыстарында (6,1%) жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлер саны ең көп азайған.

Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан облысы