Павлодардағы даулы интернат екі жыл лицензиясыз жұмыс істеген
Павлодардағы даулы интернат екі жыл лицензиясыз жұмыс істеген
фото: ашық дереккөз
Мүгедек балаларды бағып отырған психоневрологиялық орталық екі жыл бойы рұқсатсыз жұмыс істеген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz . Бұл туралы Nur Otan партиясының облыстық филиалы жанындағы балалар құқығын қорғау жөніндегі топтың қатысуымен өткен партиялық бақылау комиссиясының отырысында прокурорлар мәлімдеді. "Орталық медициналық-әлеуметтік мекеме болып саналады, бірақ тиісті лицензияны тек 2019 жылдың 16 желтоқсанында алған, яғни, екі жыл бойы медициналық қызметтер заңсыз көрсетілген, бұл, әрине, балалар үшін зардаптарға әкеп соғуы мүмкін еді. Мысалы, 2019 жылы 4 маусымда тәрбиеленушілердің біріне невропатолог бұлшықетке "Аминазин" препаратын салуды жазып берген, алайда ол психотроптық дәрі болып саналады және оны тек психиатр бере алады. Алайда мұндай тағайындау болған жоқ", - деді Павлодар облыстық прокуратура басқармасының басшысы Асхат Көкүмбаев. Оның айтуынша, медициналық дәрі-дәрмектердің өзі де арнайы тоңазытқышта емес, азық-түлікпен бірге сақталған. "Сондай-ақ, орталықта жоғары педагогикалық емес, техник-механик, ауыл шаруашылығы механигі мамандығы бойынша оқыған адамдар, яғни білімі бейінді емес қызметкерлер жұмыс істеген. Бұл да өте дөрекі заңбұзушылық болып саналады. Мекеме арбамен қамтамасыз етілмеген, балаларды ұзақ уақыт бойы серуендеуге мүлдем шығармаған, бұл бейнебақылау жазбаларымен расталады. Олар үнемі ғимаратта отырған. Түнгі уақытта кезекшілікке түсетін тәрбиешілер балалармен болудың орнына, оларды байлап, өздері басқа бөлмеге ұйықтауға кетеді", - дейді Көкүмбаев. Қадағалау органдарының ақпараты бойынша, мекемедегі балалар мерзімі өтіп кеткен азық-түлікпен тамақтанған. Отырыста әлеуметтік мекеменің директоры Қорлан Сансембинова мен Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бұрынғы басшысы Қайрат Нұрмағанбетов Nur Otan партиясының мүшесі болғаны айтылды. Облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко оларды партиядан шығаруды және барлық кінәлілерді қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартуды ұсынды. Еске салайық, Павлодар облыстық балалар психоневрологиялық орталығында балаларға жәбір көрсеткен төрт қызметкер үш жыл және алты айға бас бостандығынан айырылды. Қазіргі уақытта Павлодар қаласының қылмыстық сотында балалар орталығының тағы бір қызметкеріне қатысты іс қаралып жатыр.