Коронавирусқа шалдыққандардың 59 пайызы сауыққан
Коронавирусқа шалдыққандардың 59 пайызы сауыққан
Фото: Интернеттен алынды
134
оқылды
Өткен тәулікте Алматыда COVID-19 вирусын жұқтырған жаңа 37 жағдай анықталды. Статистика бойынша шаһарда пандемия басталғаннан бері коронавирус инфекциясын жұқтырудың расталған 2 499 жағдайы тіркелді. Жаңадан жұқтырғандардың төртеуі жергілікті азаматтар. Бұл азаматтардан қауіпті індет профилактикалық мақсатта тексерген кезде анықталған. Тағы 4 азаматтан қалалық стационарларға жатқызу кезінде табылды. Қалған адамдар науқастармен байланыста болғандар. Стационарларға емдеуге жатқызылған барлық науқас коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында, талдау нәтижелері шыққанға дейін сүзгі режиміндегі бөлімдерде болатынын айта кеткен жөн. Медицина қызметкерлері жедел келіп түсетін және шұғыл операция жасауды қажет ететін науқастарға операцияларды жеке қорғану заттарын киіп жасайды. Одан кейін олар да талдау нәтижелері шыққанға дейін жеке бөлмелерде болады. Диагноз расталған жағдайда, бөлімшеде дезинфекциялық тазалау жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта инфекция жұқтырған 1 038 адам қаланың жұқпалы аурулар стационарларында емделуде. Оның ішінде 56 бала бар. «Қосымша ауруларының болуына байланысты 4 адамның жағдайы өте ауыр, 22 пациент  ауыр халде, 304 науқастың жай-күйі ауырлықтың орташа дәрежесінде. Ал қалған емделушілердің жағдайы қанағаттанарлық. Жалпы, науқастардың басым көпшілігінде ауру симптомсыз өтуде деуге болады», – деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев. Оның айтуынша, провизорлық госпитальдарда – 177 адам, карантиндік оқшаулауда – 139 адам және үй карантинінде 14 339 азамат бар. Кеше Алматыда коронавирус инфекциясынан сауыққан 76 адам емханадан шығарылды. Бүгін тағы 30-дан астам адамды емдеуден шығару жоспарлануда. Жалпы, Алматыда пандемия басталғаннан бері 1 451 азамат сауығып шықты. Бұл мегаполисте тіркелген, вирус жұқтырған адамдардың жалпы санының 59 пайызын құрайды. «Қалада карантин сақталуда. Тұрғындарды барлық карантиндік шараларды, әлеуметтік қашықтық пен бетперде тағу режимін сақтауға шақырамын», – деді Тілеухан Әбілдаев.