Бір өзінде қос пайғамбар аты бар
Бір өзінде қос пайғамбар аты бар
154
оқылды

Қазақ өнерінің әлемдік деңгейдегі «жұлдызы» Димаш Құдайбергенге шетелдіктер тарапынан әншінің шет тіліндегі мәтіндерді нәшін келтіре алмай айтатыны туралы арагідік сын айтылып қалады. Бұл жағдайдың өзге тілдерді айтпағанда, әлемге кеңінен таралған, оқыту әдістемесі дамып кеткен ағылшынша мәтіндерге де тән болуы таңдандырады әлгі сыншыларды. Шындығында, соңғылары Қазақстанда, ол ғана емес-ау, бүкіл ТМД аумағын алғанда шетел тілін үйрену Кеңес Одағы тұсындағы практикалық-қолданбалы түрде емес, тілдік ортадан алыс, көзапара, тасқа басылған сөз күйінде, теориялық негізде үйрену қалыбынан аса алмай отырғанын білмеуі мүмкін.

Сынаушылар ағылшын тілі мен орыс тілінің өзара ұқсастығы кө­бірек екенін (бұл екі тілдің терең қойнауында үнді-еуропалық тектестік аңғарылады), есесіне ағылшын тілі мен түркі тілдерінің, соның ішінде қазақ тілінің ара­сын­­дағы айырмашылық едәуір екенінен бейхабар дер едік. Егер сынампаздар осы ерекшелікті білсе, әлгі жүйенің «шинелінен» шық­қан тіл мамандары оқытқан жас әншіге соншалықты шүйлік­пес еді.

Қазаққа ағылшын тілін оқып-үйретудің әлгіндей проблемалары кеңес дәуірінде-ақ анықталып, оларды тіл білімінің фонетика мен фонология, тілдік контактілер, көп­тілділік және социолингвис­тика сияқты салалары мен пәнса­ла­лары аясында шешудің жолдары қарастырыла бастаған. Дәл осы тұста Алматы және Мәскеу ғалым­дары­ның күш біріктіруімен тіл білімінде жаңа бағыт – қазақ және ағылшын тілдерінің фонетикасын салғастырмалы (контрастивті) зерт­теу бағытының негізі қалана­ды. Аталған жаңа жоба аясында Алматы шет тілдер педагогикалық институтының аспиранты Мұха­меджан Исаевқа «Қазақ тіліндегі сөздің фонетикалық құрылымы мәселесі (ағылшын тілімен салыс­тыр­малы түрде): экспериментал­дық-фонетикалық зерттеу» тақы­ры­бы кандидаттық диссертация тақырыбы етіп бекітіледі. Арада үш жыл өткенде, яғни 1970 жылы жас ғалым диссертациясын ойда­ғы­дай қорғап шығады. Болаша­ғы­нан үміт күттіретін зерттеушіге ұза­май докторлық диссертация тақы­рыбы ретінде «Жасанды қостілділік жағдайындағы тілдік-сөйлеу қызметін лингвистикалық-контрастивтік зерттеу: ағылшын және қазақ тілдері материалында эксперименталдық-фонетикалық зерделеу» тақырыбы беріледі. 1992 жылы, жоғарыда аталған инс­титут­тың ағылшын тілі фо­не­тикасы кафе­­драсының мең­герушісі Мұха­мед­жан Исаев Мәскеу мемлекеттік лингвис­тикалық университетінің диссертациялық кеңесінде профес­сор Р.Потапованың ғылыми кеңес­ші­лігімен докторлық диссерта­ция­сын сәтті қорғап шығады. Айта кетейік, бұл – көпшілік «ин'яз» деп кет­кен Алматы шет тілдер институ­ты ғалым-ұстаздары арасынан Мәс­кеуде қорғалған бірінші докторлық диссертация.

Осы бір сәттің куәсі болып едім. Жолым болып Мұқаңнан бұры­ны­рақ ғылым докторы дәрежесін ие болғандықтан, оның докторлық диссертациясына ресми оппонент болып бекітілдім. Сонымен, Мәс­кеу­дің диссертациялық кеңесіне қатысу мүмкіндігі туды. Ол кезде шет республикалардағы ғылым да, ғалымдар да Мәскеу–Ленинградқа жалтақтап отыратын. Олардан асып ғылыми жаңалық ашуға, ғылымда тың сөз айтуға болмайтын. Мақала­ны солардың бірінің сөзімен бастап, баян­даманы солардың бірінің сөзі­мен аяқтап отыратынбыз. Саясат бұғыңқы жүріп, бүгіңкі сөйлеуге мәжбүрлейтін. Ал Мұхамеджан үш тілді қатар ана тіліндей меңгергенін көрсетіп көсіліп сөйлеп, зерттеу нәтижелерін қалтқысыз дәлелдеп, мүйізі қарағайдай кеңес мүшелерін бұлтартпай мойындатты. Бірінен кейін бірі шығып сөйлеген кеңес мүшелері диссертацияны да, диссертантты да жарыса мақтаумен болды.

Кеңес мүшелері бірауыздан дауыс берді, сол кездегі мәртебеміз­дің өскенін, әттең алматылық әріп­тес­теріміз көрсе деп тыныста­дық. Аталған зерттеу еңбегі шеңберінде қазақ­тардың ағылшынша лұғаты­ның (сөйлеу әрекеттерінің) фоне­ти­калық сипаттамаларының құралу динамикасын анықтап, оған лин­гвис­тикалық интерпретация жасау, соған сәйкес осы сөйлеу әрекеттері­нің шет тілін игерудің әр кезеңі ішін­дегі коммуникативтік өтімділі­гін ашу үшін тіл білімінде алғаш рет бес жылға есептелген көпсатылы психологиялық-лингвистикалық экс­перимент жүргізілді. Бұл тәжіри­бе­нің ерекшелігі мен сонылығы сонда, бір ғана құрамдағы сынақтан өтушілер (қазақ-ағылшын бөлімін­де оқитын 50 студент) бес жыл бойы­­на бірінші – бесінші курс ара­лығында өтілетін ағылшын тілі­нің бұлжымас бағдарламасын маг­нитті жазбаға жазып отырған. Экспери­мент­тің әр сатысына ағыл­шын тілі­нен сабақ беретін фонетистер тарапынан алдымен аудиторлық, сосын Тіл білімі институтының құрыл­ғылары көмегімен акустика­лық талдау жасалды. Билингтердің ағылшын тілін меңгеру деңгейін оның сөз нәшінің ағылшындық нор­масына сәйкес келуі тұрғысынан баға­лау және коммуникативтік маңы­зын анықтау ісін әлемге белгілі лингвист-фонетист про­фес­сор Питер Роучтің ғылыми жетек­ші­лігімен Ұлыбританияның Лидс университетіндегі экспериментал­дық фонетика зертханасының қызметкерлері жүзеге асырды. Осы­лай­ша, М.Исаевтың докторлық дис­сер­тациясы контрастивтік және типологиялық тіл білімі өрісінде, өзара байланысқа түсуші тілдердің жүйелік ерекшеліктерін ашуға, интер­ференцияланған (екінші тіл­дің әсеріне ұшыраған) тілдік лұғат­тың сапалық сипаттамасын оның дәл қалыптасуы кезінде белгі­леу­ге мүмкіндік бере отырып, интер­фе­рен­­ция­ланған сөйлеу әре­кеттерінің фоне­тикалық сипаттамаларын зер­де­леудің және қалыптасуын талдау­дың жаңа әдістемесін ұсынды. Автордың 2004 жылы жарық көрген «Қазақтардың ағылшын лұғатының фонетикалық ерекшеліктері» атты қорытындылаушы іргелі зерттеуінде қазіргідей ағылшын-қазақ тілдеріне жүйелі контрастивті фонетикалық-фоно­логиялық талдау жасау екі тіл­дің дыбыстық құрылысының барлық бейнеленген көріністерінде – фонемалардың инвентары мен сипатында, үйлесуі мен дистрибу­ция­­сында, буынының, сөз тұлға­сының фонетикалық құрылымында, сөздің просодиялық ресімделуінде және ырғақтық-әуендік ерекше­лі­гін­де ортақтықтардан гөрі айырма­шы­лықтар басым түсіп жататынын көрсетті. Түркі, соның ішінде қазақ тілі мен ағылшын тілдеріндегі кей­бір сөздер семантикалық тұрғыдан мағы­налас келгенімен [мысалы, шорт (ағылш. қысқа – қаз.шорт кесу); окс – өгіз], бұл екі тілдің фо­не­­тикасы екі бөлек өрістен та­был­­ған­дығы анықталды. Мұның өзі ағылшын тілі мен түркі (қазақ) тіл­дері арасында өте ежелгі сақ (сакс), одан бергі ғұн дәуірлеріне кете­тін тарихи байланыс болғаны­мен, түркі тілдері флективті ағыл­шын тілінен айырым агглютинативті сипат алып кеткенімен де, өз генезисіндегі нострат прототілдегі кейбір ортақ сөз түбірлерін сақтап қала отырып, соңыра, әлгі бағзы тілден ырғақтық (тоника-силлабика), фонетикалық тұрғыдан алшақтап, басқа фоноло­гиялық айырым жүйе құрағанын көрсетті. Бұл тұжырым қазақтілді­лер­­дің ағылшын тілін игеруі бойын­ша бұрын қолданылып келе жатқан әдіснама мен әдістемені қайта қа­рап, тиісті түзетулер жасауға мүм­кін­­дік берді және М.Исаев еңбек­теріндегі қазақтың ағылшын­ша сөйлеу әрекеттерін зерделеу Тәуел­сіз­дік кезеңінде тіл үйренуді жаңа, практикалық-қолданбалы базаға көшіру ісіне негіз болып қаланды.

Осының өзі бүгінде айтуға ғана оңай. Ал профессор М.Исаев бұл іске саналы ғұмырының табандатқан отыз бес жылын арнағанын маман­дар болмаса, көпшілік біле де бермейді. Мұны азаматтықтағы бірізділік дейді.

Мұхамеджан Керейұлының таңдаған ғылыми тақырыбы шеттен ішке, іштен сыртқа тышқан жорға­лат­пайтын кеңес дәуірінің өзінде оны дүниенің төрт бұрышына апар­ды. Бесінші курста-ақ кеңес сту­денттері тобы құрамында ағыл­шын топырағын басып, сол елде бір ай­лық тағылымдамадан, ал 1973 жы­лы, доцент шағында Лос-Андже­лес­тегі Калифорния универ­сите­тін­де, кейінірек, ағылшын тілі факуль­тетінің деканы, кафедра мең­герушісі ретінде Вашингтон мен Лондонда бірнеше айдан тұратын тағылымдамалардан өтеді. Ал 1977 жылы Парижде ЮНЕСКО-ның семинар-кеңесіне қатысып, Қазақстанда үш тілді оқыту тақы­ры­бында мазмұнды баяндама жасайды.

Осы сапарлардың барлығы да жайдан-жай емес екен: 1992 жылы, Қазақстан тәуелсіздігінің таңсәрі шағында профессор М.Исаев рес­пуб­ликалық Сыртқы істер ми­нис­тр­­лігінің БҰҰ және халықаралық ұйымдар бөлімі бастығы лауазы­мына қызметке шақырылады. Осы салада ол Қазақстан үшін тарихи мән­ге ие болған – Тұңғыш Прези­дент Н.Назарбаев Азияда өзара әрекет және сенім шаралары бо­йын­ша кеңес құру жөнінде ма­ңыз­ды халықаралық бастама көтерген БҰҰ Бас Ассамблеясының мәжі­лі­сін әзірлеу ісіне белсене қаты­сады. Сессия жұмысына Мұха­меджан Керейұлы ресми делегация мүшесі ретінде атсалысты және Мемлекет басшысының көптеген екі жақты кездесулерінің басы-қасынан табылды. Кейінірек оны еліміздің СІМ-і халықаралық саясаттың әртүрлі мәселелері бойынша Нью-Йоркке, Венаға және Страсбургке іссапарларға жіберіп алды.

1993 жылы филология докторы, профессор М.Исаев Қазақстан Республикасының Үндістандағы алғашқы Төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. Мұхамеджан Керейұлы өмірінің осы бір кезеңін «Үндістандағы алғашқы дипломатиялық адымдар» дейтін мақаласында әңгімелеген. Kazakhstan-India Relations: 25 Years of Successful Partnership кітабында жарияланған бұл жадығатта таңдап іс істейтін сарабдал тұлғаның талғап жазатын автор ретіндегі жазушы-эссеистік қабілет-қарымы да жарқырай көрінген.

Мұхамеджан Керейұлы сияқты қолы қалт еткен бойда өзі қызмет еткен қаланың кітапхана залынан табы­латын елші дипломатия тари­хында көп емес шығар. Мәш­һүр «Ленинкада» – Ресей Ұлттық кітапханасында, Мемлекеттік шетел әдебиеті кітапханасында, БҰҰ-ның кітап қоймасында және мемлекеттік грант көмегімен АҚШ Конгресі кітапханасында, Джордж­таун университеті кітапханасында және атақты Британ кітапханасы мен Лондон университетінің гуманитарлық ғылымдар ғылыми кітапханасында әлемдік ақыл-ой қазынасы жинақталған көне томдардың дүниенің ешбір әтірі теңесе алмайтын айрықша иісіне елтіп отырып өткізген күндер – Мұхаң өміріндегі ең ұмытылмас сәт. Кітапсүйер әр адамның арманы ғой ол залдар!..

Ол сапарлап барған жерінде кітапханамен қатар, қалайда өнер орындарынан табылады. Профес­сор осы күнге дейін Мәскеудегі Үлкен театрда, Петербургтегі патшайым Мария атындағы театр­да, Одесса, Минск, Вильнюс, Улан-Удэ, Иркутск өнер орда­ларында, Лондондағы Ковент Гарден, Ройал Альберт Холл, атақты Вена опера театрында, Прага театрларында, Нью-Йорк­тегі Карнеги-Холл, Метро­по­литен опера театрларын­да болып, әлем­дік музыка, мюзикл жұлдыздарын тың­даған, Алматы, Мәскеу, Лон­дон, Бирмингем және Прага зал­да­рында ең мықты деген вока­лис­тердің дауысын естіп, пианистер мен скрипкашылардың, ірі симфо­ниялық және филармо­ния­лық оркестрлердің өнерін тамашалаған. Менің есіме мұн­дайда бір мезгілде әрі білікті химик-ғалым әрі тамаша компо­зитор болған Александр     Бородин оралады. Бұдан ағамыз таза Батыс музыкасын ғана мойындайды екен деген ұғым тумауы тиіс: ол алдымен қазақ музыкасының үлкен білгірі, қазақтың дәстүрлі әндерін өзі де нақышына келтіріп салады. Мұқаңның майдақоңыр жанға жайлы дауысы бар, егер ғылым жолына түспегенде белгілі әнші болып кетер ме еді.

Профессор Исаев – қазақ тілінің үлкен жанашыры. Ол елімізде қазақ тілінің ұлттық корпусы жасалуы керек деп есеп­теп, осы тақырып бойынша келелі ғылыми мақалалар жазып жүр...

Ата-ананың үш хақысының біреуі – балаға ұнасымды ат қою. Соған сәйкес теміржолшы Керей атамыз осыдан сексен жыл бұрын іңгәләп өмірге келген перзентіне соңғы пайғамбардың есімін ишаралаған. Оған ата сойын қос­қан­да, бүгінгі мерейтой иесінің аты-жөнінде қос пайғамбардың аты бар. Өмірде екеуі түгіл, біреуін алып жүре алмай, мертігіп қала­тындар көп. Шүкір, Мұқаң бұдан аман. Осы бір ардақты есім-сойын кешегі құдайсыздық зама­нында да, бүгінгі дүние қымбаттап, адам арзандап жатқан қиракез заманда да еш қылау түсірмей, биік көтеріп келеді. Өмірдің бел-белесін, өрі мен ылдиын, қайқаңы мен ойпаңын артқа тастап, осы күндері сексеннің сеңгіріне қатар көтеріл­ген зайыбы Руза Мәлікқызымен, қос қанаты – Нұрлан мен Ержан­ның, олардан тараған немерелері Әділ мен Нәдірдің, одан ары Данёка, Дана мен Әлібек атты шөберелерінің ортасында жапы­ра­ғы жайқалып, жанға жайлы сыбды­ры­мен өзіне және өзгелерге бақыт, үлкендік, қуаныш сыйлап келеді.


Әлімхан ЖҮНІСБЕК,
филология ғылымдарының докторы, профессор