Қажыбек неден қажыды?
Қажыбек неден қажыды?
фото: ашық дереккөз
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының лауазымына жарияланған конкурс туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Жанна Құрманғалиеваға хат жолданды. "Құрметті Жанна Дулатқызы, Осыдан бір апта бұрын А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының бос лауазымына жарияланған конкурсқа сәйкес Конкурстық комиссия жиналысы өтті. Басқа үміткерлермен бірге мен де осы байқауға қатысқанымды жақсы білесіз. Өткен аптада Сіз мені Білім және ғылым министрлігіне шақырдыңыз. Кездесу барысында мекеменің жетекшісі ретінде әрі ғылыми қызметіме қатысты ешқандай ескертпеңіздің жоқтығын айтып, Институт ұжымының атқарып жатқан жұмысына айрықша ризашылығыңызды білдірдіңіз. Ашық әңгімелесу соңында менің "зейнет жасына жеткеніме байланысты Конкурстық комиссияның шешімі негізінде Институт тізгінін енді жастарға берген жөн" – деп түйіндедіңіз. Оған Сіз де, мен де куәмін», – деді институттың бұрынғы басшысы Ерден Қажыбек. Ол ҚР Білім және ғылым министрімен болған кездесуде өзі жетекшілік еткен мекеменің осыған дейінгі ғылыми-зерттеу, ұйымдастыру-үйлестіру бағытындағы жұмыстарының нәтижесіне оң бағасын бергенін, тек жаңа талапқа сәйкес, зейнет жасына жеткен үміткерлерді әкімшілік-басшылық қызметке тағайындамау жөніндегі шешімге сүйенгенін айтады. «2020 жылдың 29 мамырында Өзіңіз басқарып отырған Ғылым комитетінің Персонал басқару қызметінің жетекшісі маған қоңырау шалып, Институттың директорлық лауазымынан өз еркіммен кетуім жөнінде Сіздің атыңызға өтініш жазуымды өтінгені осы баяндау хатты жазуға түрткі болып отыр. "Бұл тосын ұсыныс қой, ойланып көрейін", – деген сөзіме: "Жоқ! Бүгін, қазір жазып жолдауыңыз керек. Әйтпесе, біз сізді комиссия шешімі бойынша орныңыздан босатуға мәжбүр боламыз", – деген жауап алғанын айтады Ерден Қажыбек.. Ғалымды толғандырған осы жауап көрінеді. «Біріншіден, Өзіңіз және Министрлік басшылығы айтқан уәжді комиссия шешіміне жазуға қандай мәселе, не кедергі болып отыр? Мен ол шешіммен келіскенімді жасырған жоқпын және жастарды қолдау керек екенін әрдайым айтып та, жазып та, дәлелдеп те жүрмін. Екіншіден, егер менің біліктілігіме, атқарған жұмысыма немесе кәсіби дайындығыма байланысты шешім қабылданып жатса (сыни тұрғыда), мен онымен ешқашан келіспейтінімді ресми түрде мәлімдеймін, - делінген хатта.