Шәмшінің шәпкісі  
Шәмшінің шәпкісі  
фото: ашық дереккөз
235
оқылды
Шапка - деген орыс сөзі құлақшын біздің елде, кепкі деген бас киім атауының орнына жүреді. Шәмші Қалдаяқов көптеген суреттерде шәпкімен суретке түскен болса, Алматы қаласында орнатылған ескерткіште де сол шәпкімен орындықта отырғаны бейнеленген, деп жазады Өзбекстанда шығатын «Тамды шаруагері» газеті. «Сол көз тартар әдемі шәпкі туралы білетінімді сіздермен бөлісуді жөн көрдім. Шәмші аға Тамды жеріне Қани Амандықов ақсақалдың шақыруымен барғанын, қонақжай елдің тірлігі мен бірлігін көріп, алған әсерінің арқасында атақты «Тамды аруы» әні туғанын білеміз, аты аңызға айналған атақты сазгердің басынан тастамай киіп жүретін әдемі шәпкісі туралы көп кісі біле бермесе керек. Тамды еліне қонақта жүргенін естіген көршілес Кенимех ауданының бас көтерер азаматтары Шәмші ағаны өздерінде қонақ етуді ойлайды. Бұл істі аудандық Тұтынушылар қоғамы (РайПО) бас есепшісі Зейнетбек Елубеков ақсақал қолға алады. Сол уақытта РайПО-да істейтін, тепсе темір үзетін жас жігіттер Амангелді Ақылбаев, Дәулет Шәмбетов және Володя Қасымовтарды шақырып қолдарына бір бума он сомдық пен бір алтын сағат береді. Кенимех қаласында «антика» шәпкіге арнайы тапсырыс беруді және оған бөлек қаражат береді. Осы жерде «антика» қаракөл туралы екі ауыз сөз : Тамды өңірін елге танытатын бұл қаракөл түрі тек Тамдының «Алдаберген мен Құлымбет» елді мекенін жайлаған байларда ғана болған. «Антика» керемет, ғажайып деген сөз. Қаракөлдің осы сорты басқа түрлерінен базардағы құны 10-20 есе бағалы болады», деп жазады «Тамды шаруагері». Аталған басылымдағы мақалада осы уәкілдер Кенимехтық «антика» шәпкілерді, сыйлықтарды алып Тамдыға барған. Шәмшіге жолыққан олар аманатты иесіне тапсырып, сазгерді Кенимехқа қонақ болуға шақырады. Бірақ, Шәкең, бізге белгісіз себептермен әзірше Кенимехқа бара алмайтынын, әлбетте қайтып келетініне уәде бергені айтылады, аталған басылымдағы мақалада. «Әйгілі «Тамды аруын» асқақтатқан қазақтың бір туар тұлғасы Шәмші Қалдаяқов, Алматының төрінде Тауелібай өмірі-Кенимех елінің сыйлаған «антика» шәпкісін киген қалпында отыр. Ескерткіш қойылған бұл жай бүгін де өнер сүйер қауымның, Алматы қонақтары, әсіресе, қала жастарының сүйікті орнына айналған», – деп түйіндейді мақала авторы Манай Сатанов.