Бұл - Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, талантты суретші Алмас Сырғабайдың туындылары.
Ол «Жоқ, ұмытуға болмайды!» деген атпен сурет көрмесін өткізген. Алмас Сырғабай бұл туындыларында ашаршылық пен саяси қуғын-сүргінге ұшыран тағдырларды шебер көрсете білген. Зерттеуші Заңғар Кәрімхан суретшінің туындыларын бұлайша атауында үлкен мән жатқанын айтады.
«Суретші шендестіруге шебер. Қоғалы көлдер, қом сулар – құтты қоныс болған қазақ даласының тыныш түнінде ай жылап тұр, түрме тозағын көрген аналардың бастары қосылып бір үлкен балбалтас құрайтын азалы бейнесі, жазықсыз жандардың қанын судай ағызған кесірлі жүйенің кеспірсіз жыландай ысылдауы, көртышқандар мен атжалмандар жайлаған ортада қу тізесін құшақтаған ана образы, іш құрылысын шынжырлап тастаса да айға атылған арғымақтың атойы, көне дүниеден үзілмей келе жатқан тарихымызды оқытпайтындай етіп балбалтастарды тікенекке орап тастауы – айта берсек көп, санасында саңылау бар барша адамзат баласына үлкен ой жүктейді», – дейді ол.[caption id="attachment_47842" align="alignnone" > Фото: Алмас Сырғабай[/caption] Автор суреттерінде ақ, қара, қызыл түстерді қолдана отырып заман келбетін ашып көрсетуге тырысқан.
«Сол кездегі алаштық ояну – ұлттық ренессанс құбылысы, үш революциялық толқу, азамат соғысының дүрбелеңі, тұтас бір халықты жер бетінен жойып жібермек болған ашаршылық пен жаһандық соғыстар өрті, төрт мәрте жүргізілген репрессия толқыны – осылайша тасыр да тасмаңдай ғасырдың ең таңдаулы жиырма сәтіне назар аудартады», - деп жазды Заңғар Кәрімхан facebook парақшасында.Еске салайық, Алмас Сырғабаев 1979 жылы Алматы облысы Райымбек ауданында дүниеге келген. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін тәмамдаған. Республикалық «Ұлан» балалар мен жасөспірімдер газетінде көркемдеуші редактор болып қызмет жасаған. Мұқағали Мақатаев өлеңдеріне «Когда, спять лебеди», «Райымбек! Райымбек» поэмаларына иллюстрациясы мен кітаптарын безендірген. «Диалог Еуразия» платформасының ұйымдастыруымен Түркия мемлекетінің үш қаласында (Ыстамбұл, Бурса, Измир) шығармашылық жеке көрмесі қойылды.