Эвакуациялық орталықтардағы тұрғындарға жағдай жасалуда
Эвакуациялық орталықтардағы тұрғындарға жағдай жасалуда

Қазіргі таңда Арыс қаласынан қауіпсіз аймаққа көшірілген, яғни 20 астам қоныстандыру орындарына 3,5 мыңнан астам адам жайғастырылған. Оның 623-і балалар. Азық-түлік уақытылы жеткізіліп жатыр. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі көшірілген халыққа облыстық әкімдік тарапынан барлық қолайлы жағдай жасалуда. Арнайы жұмысшы топ құрылған. Еріктілер де өз көмектерін аямауда. Яғни үй жайын тастап кеткен тұрғындар ешнәрседен тарығып жатқан жоқ. 22 қоныстандыру орындарына 3566 адам жайғастырылған. Оның 623-і балалар. Барлығы түгел азық-түлікпен қамтамасыз етілген. Мәселен, Төреарық ауылындағы Тәуке хан атындағы мектепте 24 маусым күні 347 адам келіп тіркелген. Қазіргі таңда орналасқандардың саны 89 адам. Оның бесеуі бес жасқа дейінгі кішкентай балалар. Азық-түлік уақытылы жеткізіліп жатыр. Киім-кешекке дейін толық қамтамасыз етілуде. Сондықтан ондағы халық мән-жайды білуге барған БАҚ өкілдеріне өздерінің ризашылықтарын жеткізді.


«Ордабасы ауданына қарасты Тәуке хан атындағы мектепте, өздеріңіз көріп тұрғандай орналастырылған адамдарға барлық жағдай жасалуда. Әр адамның жеке басы үшін гигиеналық заттар таратылуда. Одан өзге киім, аяқкиім беріліп жатыр. Сыртта әскери палаткаларда арнайы душтар қойылған. Тамақ ішу орындары қарастырылған, мектептің спорт залында 200 адам еркін тамақтана алады», – деді Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов

Жалпы қоныстандыру орталықтарының жұмысы төтенше жағдай толық шешімін тапқанша жалғасады.

Тельман БЕЙСЕН