Абайды көрсем бір күні... – #Абай175
Абайды көрсем бір күні... – #Абай175
Сары-Арқаның шығысы – Абай Құнанбайұлының туып өскен жері. Мұнда Шыңғыстау бар. Жидебай даласындағы ақынның қыстағы бүгінде – музей үйі. Мұның бәрін қағаздан оқыдық, суреттен көрдік, теледидардан тамашаладық. Бірақ сезе алмадық. Баруды көздедік. Жолға шықтық... Тәуелсіздігіміздің қазығын қадап, кірпішін қалай бастаған уақытта ел ішінде қиын қыстау кезеңдердің болғанын бүгінде үреймен еске аламыз. Экономика өсуге емес, өшуге бет алған уақыт болатын. Төл теңгемізді басып жатқанда, девальвация да қатар жанымызды жаншып жатты. Қарақшылық, тонау дегенді күнде еститін едік. Халық сынып кетудің сәл-ақ алдында тұрды... Жылдар өткеннен кейін елдің бұл кезеңнен дін аман шыққанын, елдіктің туын жықпағанын көрдік. Қазақтың көзіндегі оты сөнбеді, рухы асқақтады. Саны мен санасы қатар өсті. Халықта сенім пайда болды. Мұндай күш қайдан келді дейсіз ғой? Ол былай... Дәл осы кезең хакім Абайдың туғанына 150 жылдығымен бетпе-бет келді. Қазынадағы тиынды түгендеп жүрген уақытта той тойлау қаншалықты дұрыс қадам екенін ешкім айта алмады. Алайда, Тұңғыш Президентіміз қиюын қиыстырып қаржы тауып, ұлы ақынымызды ұлықтауды бастап берді. Нәтижесінде, Абайды жаңғырту арқылы, халықтың санасы оянды. Оның ізгі өсиеті мен қара сөздері халықтың өн бойына қан жүгіртті. Абай сол уақытта күллі қазақтың жүрегіне сенім ұялатып, қысылтаяң кезеңнен алып шықты десек артық айтқанымыз емес... Келесі, 2020 жылы данышпан ақынымыздың туғанына 175 жыл толады. Мемлекет басшысы Ибраһим Құнанбайұлының мерейтойын тойлау туралы жарлыққа қол қойды. Мерейтойдың салтанатты шарасы келесі жылы өткенімен, оған дайындықты биылдан бастауымыз керек. Сондықтан, шығысымыздағы Семей шаһарының күй келбеті қандай? Абай ауданының орталығы Қарауыл мен ардақты ақынымыздың қыстағы Жидебайға барар жолдың сапасы сын көтере ме? Шыңғыстаудың бөктеріндегі елдің тұрмысы қаншалықты ауқатты? Турист келсе қайда жатады? Не ішіп, не жейді? Осындай мың сұрақтың бір жауабын білмекке Ертістің бойына, Шыңғыстаудың баурайына «Айқын» газетінің экпедициясын бастап, шығысқа аттандық. https://youtu.be/-ZaQeAmlWyI

Семейден сый кетсе, елдігімізге сын

Семейге ұшақпен, пойызбен, автобуспен және моторлы қайықпен жетуге болады. Әрине соңғысы туристер үшін емес. Заманында Қара Ертістің бойында кеме қатынасы жұмыс істеп тұрғаны есімізде. Павлодар, Семей, Өскемен қалалары бір-бірімен су жолы арқылы, баржалармен байланысып отырған. Әуежолмен жету ыңғайлы әрі жылдам. Бірақ, қымбат! 18 мыңның билетін ай бұрын алып қоймасаңыз, 50-60 мыңдық билеттерге тап болатыныңызды ескертіп қояйық. Автобуспен жету жайлылық сыйламайды. Бізге тиімдісі теміржол болды. Нұр-Сұлтаннан Семей бағытына бірнеше жүрдек поезд жүреді екен. Ішінде Тальго вагондарынан құралған Риддер бағытындағы отарбаны таңдадық. Небәрі 13 сағаттың ішінде заманауи Нұрлы-жол вокзалынан перроны опырылған Семей вокзалына жетіп алдық. Вагон тазалығы мен жайлылығында мін жоқ, уақытында қозғалып, көздеген сағатымызда жетіп бардық. Бірақ Семей вокзалының күйі көңілді құлазытты. Тіпті вокзал ғана емес, Семей шаһарының күйі сүйсінерліктей емес еді. [caption id="attachment_44218" align="alignnone" width="1440"]Абай музейі Семейдегі Абай музейі[/caption] Кезінде Алаш астанасына баланған, талай зиялыға пана болған, Ертістің қос жағалауында теңдей өскен, білдей Семей облысына орталыққа жараған қала бүгінде аудан орталығы секілді болып көрінді. Сынағаннан емес, жаным ашығаннан жазып отырмын. Біле білсек, Семей – қазақ мәдениеті мен руханиятының кіндігі. Мұнда музейлердің санынан шатасасың. Әр қалада бар Өлкетану музейінен бөлек, Абай музейі, Алаш арыстары музейі, Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнер музейі, Ф.Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейі, тіпті көпір құрылысының музейін де байқап қалдық. Не керек, қазағың бар, орысың бар, Семейден рухани азық іздеп келетін туристерді жүздеп, мыңдап шақыруға болады. Тек... оларды қарсы алуға Семейде шама жоқ секілді. Шама қайдан болсын, жібі түзу қолжетімді қонақ үй де, хостел де жоқ. Біреуі бар, бағасы оның удай. Арзанына барсаң, бұл қалаға қайтып келгің келмейтін күй кешесің. Пәтер жалдасаң, онда ыстық суың тағы жоқ. Осыдан кейін, облыстың бар тәттісі мен жұмсағын Өскеменге әкеп тыққан ба деп ойлайсың? Қызғанғаннан емес, Семей өгей баланың күйін кешпесе екен деген ойға келесің.

Жолдың жайын жүрген білер...

Бүкіл облыстың жай-күйін бір қаладан танып білмеспіз, жолға шығып, Қарауылды бетке алып, қалғанын сол жақтың тынысы арқылы көрсетейік... Абай ауданының орталығына дейін 180 шақырым. Жолдың басым бөлігінің тегіс болғанына таңқалдым. Себебі, Семейдің жолдары десе елдің шашы тік тұратынын білетінбіз. Өзім де бірер жыл бұрын Аягөздің жол деуге келмейтін соқпағымен жүргенім есімде. Ал мұнда ой шұңқыры жамалған, тіпті кей тұстарына жаңа асфальт төселіп жатыр. 1-2 шағын асулардағы ирелең жолдар кедергі келтірмесе, былайша сағатына 100-120 шақырымдық жылдамдықпен жүйтки аласыз. Кезінде Абай атам да осы тұстан пәуескесімен талай мәрте өтіп, Семей кітапханасынан неше рет кітап алдыртып оқыған. Оның жанында мына қара жол «трасса» емей немене. Тек әттеген-айы, әжетхана саны санаулы. Біз оны тек Күшікбай бұлағының маңынан ғана байқадық. Сары дала не үшін дейтіндеріңіздер де бар шығар, бірақ оны туристерге қалай түсіндіресіз? Айтпақшы, Абай атам үлкен шаһарға барар жолда сан мәрте тоқтап, тыныстанған Күшікбай батыр бұлағы жайында көп аңыз бар деседі. Соның бірін ұлы жазушы Мұхтар Әуезов былай суреттейді: «Күшікбай батыр 21 жасында дүние салған екен. Ерте күннен батыр атағын алған. Ол қолбасы атанған тұста шешек тиіп, көп уақыт қозғала алмай жатып қалады. Осыны білген дұшпандары оны қапыда алмақшы болады. Кек буған батыр жалаңаш денесіне желбегей жамыла салып, жауға атой беріпті. Жауын жеңген ол осы асуда ат үстінде найзасына сүйенген қалпы жантәсілі етіпті» деп жазған. Бұлақ суынан нәр татып отырып, алыстан Күшікбай батырдың бейітін байқадық. Қазақтың малын да, жанын да алып біткен ойрат-қалмақтарды артынан қуып жүріп, найзасына шаншыған батырға бүгінгі ұрпағы да естен шығармай, үлкен ескерткіш орнатыпты.

«Абай жолы» – ақиқат жол 

Жол жүргенге бағынады, бұл арада көп отырмай Абай ауданының қақпасы Бөрілі ауылына да демде жетіп бардық. Бұл әйгілі жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтың туған жері. [caption id="attachment_44220" align="alignnone" width="1200"]Бөрілі ауылы Бөрілі ауылы[/caption] Үлкен жолдың бойына қойылған стелладан Мұхаңның есімін байқамай өту мүмкін емес. Солға бұрылып 3-4 шақырым жүрсеңіз, Мұхтар Әуезовтің музей үйін көруге болады. Бұл үйде Әуез ақсақал да, Омархан мен Мұхтар да ғұмыр кешкен. Осы шаңырақта даңқты жазушы атасынан ілім алып, хат таныған. Осы төңіректе жүріп Тобықтының тарихын білген, дәстүріне қаныққан. Сарыарқаның самалына маңдайын иіскеткен Мұхаң «Абай жолының» кірпішін осы жерден қалағанын аңғарасыз. Музей үйдің қорында жазушының ғұмырынан сыр шертетін жәдігерлер өте көп. Тіпті атасы Әуез ақсақалдың бөлмесі тұтастай қайта жасақталған. Сол кезеңнің кебежесі мен асадалы, сандығы мен самаурыны тұр. Әуез ақсақалдың тобықты үлгісінде киген бас киімі де төрде ілулі. «Абай жолы» романында оқыған Мұсақұл шайқасында пайдаланған қару-жарақтарды да музей экспонатынан байқадық. Бұған дейін Мұхтар Әуезовтің Ыстықкөлдің жағасында тұрғызылған музей үйін тамашалағаным бар еді, мына сапарымда ол кісінің екінші музей үйі көріп отырмын. Талай жыл Алматыда тұрып, Алатаудың баурайындағы үйін көрмегеніме ыңғайсызданып қалдым. Сәті түссе мұның да орнын толтырармыз. Бұл өңір қасқырлы мекен, сондықтан ауылдың атын «Бөрілі» деп атап кеткен. Әуезовтің балалық бал дәурен кезеңі өткен ауыл шағын ғана. Бірнеше үйдің  ғана түтіні түтеп тұр. Ауылда турист аялдайтын қонақ үй жоқ, демек сіз мұнда келуді жоспарласаңыз, музей үйінің есігі таңғы 9-дан кешік 6-ға дейін ашық болады. [caption id="attachment_44221" align="alignnone" width="1200"]"Еңлік-Кебек" кесенесі  "Еңлік-Кебек" кесенесі[/caption] Жидебайға барар жолда, ұшы-қиыры жоқ Ералы жайлауын кесіп өттік. Қара жолдың бойында Еңлік пен Кебектің кесенесіне тоқтап, құран бағыштап, билердің қатаң жазасына ұшырағын қос ғашықты еске алдық. Осы маңнан батысқа қарай жүріп тау қойнауына енсеңіз, ғашықтардың елден тығылып ғұмыр кешкен үңгірін көресіз. Уақыттың тығыз болғандығына байланысты біз үңгірге арнайы ат басын бұра алмады. Жоспар бойынша алдымызда Қоңыр әулиненің үңгірі күтіп тұрған. Оған дейінгі жол 150 шақырымдай. Оның тең жартысын таудың асфальті жоқ ирелең жолдарымен жүру керек. Жолда Жидебайға тоқтап, түстеніп алған соң кеш батырмай Қоңыр әулиенің үңгіріне жетіп, қараңғы түспей ол маңды фотоға түсіріп алуды ойладық. Абай атамның қыстағына ертең келіп, асықпай тамашалауды ұйғардық.

Қоңыр әулие үңгірі

Шыңғыстаудың сілемдері расымен сұлу екен. Шөбі шұрайлы, мал баққанға таптырмас мекен. Осы соқпақпен аға-сұлтан Құнанбай бала Абайды ертіп Қарқаралыға сан мәрте аттанған. «Абай жолында» Әуезов суреттеген Шыңғыстауда расымен бір сиқыр бар. Бұл маң маңғаз даланың тыныштығын сыйлайды. [caption id="attachment_45237" align="alignnone" width="1200"]Шыңғыстаудың бір сілемі Шыңғыстаудың бір сілемі[/caption] Семейден Қарауылға дейінгі 180 шақырым жол көңілден шықты, ал ары қарай Қоңыр әулиеге дейінгі 80 шақырымды шаң жұтып жетесің. Егер көлігіңізде кондиционер болса, онда әңгіме бөлек. Тылсым мекенге жақындай бере құрылысы таза ағаштан көтеріліп жатқан қонақ үйді байқадық. Үңгірдің аузында тағы 2-3 үй бар. Бұл қасиетті жерге тәу етіп келетіндер мен туристерге арналған жатын үйлер екен. Ішінде екі кісілік екі люкс бөлмесін де байқадық. Үңгірге дейін де, оның ішіне де ағаштан баспалдақ орнатып, жүргіншілерге жол жасаған. Егер осы нышандар, үй мен баспалдақ болмаса алыстан мына үңгірді байқау мүмкін емес. Кірер тұсының биіктігі екі метр, ал ені жарты метрге жетпейтін қуысқа ептілікпен кірмесең үшкір тастарға соқтығысып қалуың мүмкін. Ары қарай еңкеюіңе тура келеді. Үңгірге еңген бойда алдымен ауа райының күрт салқындағанын сезесің. Мұнда шамамен 10-15 градус қана жылы. Кірер ауызы алақандай болғанмен ішінің ауқымы кең. Ені шамамен 10 метрден 40 метрге дейін созылған. Ал тереңдігі 100-120 метр көлемінде. Жолдың өн бойын жарықтандырып қойғандықтан төменге түсу қиындық туғызбады. Егер ағаш баспалдақтан шығып, тастардың арасымен жүрсеңіз, онда сырғанап кетудің қаупі жоғары. [caption id="attachment_45236" align="alignnone" width="1200"]Қоңырәулие үңгірі Қоңыр әулие үңгірі[/caption] Мұнда келушілердің басты ниеті – үңгір түбіндегі ауқымы 300 шаршы метрдей болатын шипалы көлге түсу. Жақындап суына үңілсен, мөлдірлігін байқайсың. Қаншама адам шомылса да, бір лайланбаған. Табаныңды батырсаң, мұздайлығы таңдайыңа бір-ақ жетеді. Судың температурасы шамамен 4 градус. Ішсең – суы тұщы. Бұл жерге маңайдағы ауыл азаматтарынан бөлек Семей, Өскеменнен, тіпті көрші Ресейден арнайы келетіндер көп. Үңгірдің тылсымын әркім әр түрлі ұғынады. Бірнеше аңызы да бар. Топан судан аман қалған үш әулиенің бірі Қоңыр әулиенің салы осы тауға тоқтаған деп ұғатындар да бар. [caption id="attachment_45239" align="alignnone" width="1200"]Үңгірдің кіре берісі Үңгірдің кіре берісі[/caption] Тағы бір аңызда бұл үңгірді Қыз әулие деп те атайды. Бір замандары 11-12 жас шамасындағы қыз мекен еткен екен. Үйінен қуылып, барар жер, басар тау таппаған қыз осы үңгірді ұзақ жылдар паналаған. Кейіннен қауым үлкендері жиналып, қыздан кешірім сұрағанмен, үңгірге үйреніп қалған ол, осы орынды тұрақты мекеніне айналдырыпты-мыс. Ұлы қаһан Шыңғыс ханмен байланыстыратын аңызды да осында естідік. Онда оны осы көл астында құпия түрде жерленгені айтылады. Үңгірді зерттеушілердің көбі жер асты көлінің бір-біріне жалғасқан үш бөліктен тұратындығын пайымдайды. Расымен, егер жер асты суларымен байланысы болмаса көл таза қалпында болмайтыны анық. Оны ішпек түгіл, оған түсуге де рұқсат етілмейтін еді. Кешқұрым Қарауылға қайттық. Аудан орталығында 5-7 мың халық тұрады. Мұнда ел қажетіне жарайтын барлық әлеуметтік мекеме қызмет етіп отыр. Банк, пошта, дүкен, мәдениет үйі, стадион, спорт кешені, тіпті бассейнге дейін бар. 3G байланысында ақау жоқ.  Алыстан келген ағайынға қонақ үй де табыла кетті. Абай елін тамашалауға келген турист далада қалмайтыны қуантты. Ертесі таң атпай, орталықтағы Абай алаңындағы қоладан құйылған еңселі Абай ескерткішін тамашалап, өлкетану музейіне кіріп, ауданның басқа да ұлыларының өмірімен танысып шықтық. Бұл қасиетті топырақтан дүлдүл ақын да, кемеңгер жазушы да, жезтаңдай әншілер де шыққан. Шәкәрім мен Мұхаңнан бөлек Жәнібек Кәрменов, Әмина Өмірзақова, Баян Сағымбаева секілді ел тұлғаларының атамекені. [caption id="attachment_45240" align="alignnone" width="1200"]Аға-сұлтан Құнанбай Өскенбайұлының ескерткіші Аға-сұлтан Құнанбай Өскенбайұлының ескерткіші[/caption] Тағы бір еңселі ескерткіш Құнанбай қажыға орнатылыпты. Мүсін таза мыстан құйылған. Абайдай асылды дүниеге алып келген аға-сұлтанға қандай құрмет те жарасатыны сөзсіз.

Жидебайға жеттік жығылмай...

Күн сәске көтерілмей тұрып Жидебайға жеттік. Нұр-Сұлтаннан аттанғандағы негізгі жоспарымыз да ардақты ақынымыздың басына барып, құран бағыштап, музей үйін тамашалап, Жидебай қыстағын көру болатын. Ат шаптырымдай жерде келушілерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп тұр. Мұнда асхана, қонақ үй, дүкен дегендерің есігін айқара ашып қойған. Саржалдың сары қымызын сіміріп, ыстық бауырсағын жеп, жүрек жалғап алған соң Абайдың соңғы жылдары өмір сүрген, әмеңгерлікпен алған кіші тоқалы Еркежанның шаңырағына, бүгінде музей үйіне бардық. Аулаға енген бойда, хакімнің ескерткішін көресіз. Онда «Арттағыға сөзің мен ісің қалса, өлсең де өлмегенмен боласың тең» деген Абай сөзі жазулы. Қабырғада ілулі тұрған ескі колонкадан «Сегіз аяқ» әні шырқалып тұрды. Ән ырғағымен Шыңғыстау мен Семейдің арасын жалғаған Абай заманындағы пәуескені тамашалап тұрып,  сол кезеңге сүңгіп кеткендей әсерде болдық. [caption id="attachment_45242" align="alignnone" width="1920"]Жидебай қыстағы Жидебай қыстағы[/caption] Музей үйге енген бойда гид қызметшілер қарсы алып, жәдігерлермен таныстырып шықты. Қыстақтың үш бөлмесінде Абай атамыздың үш әйелінің жасауы жинақталған. Одан бөлек тағы екі бөлме және екі дәліз бар. Үйге кіре берістегі қабырғада Абай атамыздың ата-тегінің шежіресі жазылған. Ақынның жұмыс бөлмесінде жеке заттары, кітаптары, шоты, мүйіз шақшасы, сондай-ақ дойбы мен қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақ қойылған. Алдыңғы бөлмесінде жозы үстел мен үстінде күмістен жасалған ыдыстар қойылған. Ағаш төсек жинаулы, қабырғасында Абай балаларының фотосы ілінген. Бұрышта анасы Ұлжаннан қалған жез леген мен қазмойын құман тұр. Кіре берістегі дәліздің сол қапталында ас үйді көресіз. Оны «шошала» немесе «тошала» деп атайды. Бөлменің ортасына қазан қойылған. Төбесі ашық. Түтін не жағымсыз иістен тазаланып тұру үшін шаңырақ тәріздес етіп жасаған. Қажет кезде жауып қоюға да болады. Төрт тұсында адалбақан қойылған. Бұл ет сүрлеуге арналған бағандар. Айтпақшы Абай атамыздың үйіне аяқ киіміңізді шешіп кіресіз. Мұндай үрдісті Қазақстанның басқа музейлерінен кезіктірмейсіз. Бір жағы ұлы тұлғаға құрмет, бір жағы шығыстық менталитетіміздің айғағы. Музей үйге кіру құны – 600 теңге. [caption id="attachment_45244" align="alignnone" width="1200"]Абай Құнанбайұлының кесенесі Абай Құнанбайұлының кесенесі[/caption] Абай атамыз жаз жайлауда дүние салғандықтан, оны алдымен Ақшоқыға жеткізіп, Құнанбай әулетінің бейітіне жерлеуді ұйғарады. Бірақ аптап күннің ыстығы мәйітті дер уақытында жеткізуге кедергі болып, ауыл ақсақалдары Жидебай қыстағындағы інісі Оспанның қасына қоюға шешім шығарады. Осылайша Абай Құнанбайұлы 1904 жылдың маусымында Жидебайдағы қыстағында жамбасы жерге тиді. Музей үйден 1 шақырымдай жердегі Абай атамыздың басына барып, 150 жылдығында тұрғызылған зәулім күмбезіне кіріп құран бағыштап шықтық. Мұнда інісі әрі шәкірті Шәкәрім Құдайбердіұлы да жерленген. Сапарды қорытындылай келе, мына мәселелерге көз жеткіздік: Жидебай мен Қарауылға дейінгі жолдың сапасы орташадан жоғары. Экономикалық тұрғыдан тиімсіз бағыт болғанымен рухани тұрғысынан қарасақ бұл күре жолдың неше ұрпаққа азық болары сөзсіз. Туристердің келуіне жағдай жасалған. Алайда жатын орынның санаулы екенін ескерсек, 1 автобус адамды 1 тәуліктен артық қабылдай алатын мүмкіндік жоқ. Тіпті үлкен қала Семейдегі жағдай да мәз емес. Музейлердегі құнды жәдігерлердің мол қоры сақталған. Шетелден келген туристер үшін бір киіз үйді тігіп қойса да артық етпейді. Себебі Абай атам отырықшылықпен қатар, көпшенді өмір сүрген. Сапарымызды ұйымдастыруға қолғабыс еткен Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы әкімі Жарқынбек Борашұлына, осы елдің асыл азаматы Бауыржан Болатұлы мен біздің жол бастаушы Ұлан Сағадиев бауырыма алғысымызды білдіреміз.

Асқар БЕК