Көрермен қауым концерт залдары есіктерінің қайта ашылуын, залдың көрерменге лық толып, сахнада керемет музыка орындалғанын, әртістердің өнер көрсетуінен кейін «Тамаша!», «Жарайсыңдар!» деп ду қол шапалақ соғатын сәтті тағатсыз күтіп жүр. Қазір сахнада әуен естіледі, бірақ залда әзірге көрермен жоқ. Тек онлайн көрсетілімдер өтіп жатыр.
30 мамыр күні астаналық филармонияның үрлемелі оркестрінің концерті өтті. 2001 жылы құрылған, астананың бірде-бір маңызды іс-шарасы осы ұжымсыз өтпейтін үлкен музыкалық ұжым шағын құраммен өнер көрсетті. Ол – Dixiland Big band тобы. Үрлемелі оркестрдің концертіне көрермен ерекше ықыласпен келеді. Өйткені ұжым репертуарында қызықты бағдарламалар бар. Олар «Музыка кино», «Музыка Нового Света», Soundtrack, JazzTime, «Планета Голливуд», «Легенды рока» және т.б. Dixiland Big band онлайн концертінің бағдарламасы да қызықты болды. Кеште танымал джаз шығармалары, үрлемелі оркестрге өңделген белгілі әндер орындалды. Онлайн концертте атақты Weather Report тобының репертуарындағы Birdland джаз-аспаптық әні шырқалды. 1977 жылы шыққан джаз фьюжн ерекше коммерциялық табысқа қол жеткізді және джаз үлгісіне айналды. Бұл композиция радио мен теледидарда хит болды. Бір қызығы, Birdland әнінің өзі «Грэмми» сыйлығын алмаған. Бірақ кейіннен көптеген әртістің репертуарына еніп, оның нұсқалары осы сыйлықпен үш рет марапатталды. Нью-Йорктағы Birdland джаз клубы Birdland «Құс» лақап атымен танылған джаз саксафоншысы Чарли Паркердің құрметіне аталған.