Кеңсені жалдауға – 130 млн
Кеңсені жалдауға – 130 млн
112
оқылды
Пандемия кезінде көз­ге түспеген Әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру қоры осы шақта бас кеңсе­сін жалдауға ғана 130 мил­лион теңге шығын­дап­ты. Мұны қордың өзі растады. Әйтсе де, ғалам­торда оның бас­шы­лары үшін кеңсе және жи­һаз жал­дауға 5 мил­лиард­тай жұмсағаны ту­ралы мәлі­мет талқыланып жатыр. ӘМСҚ «бұл ақпарат шын­дыққа сай келмейді» дейді. Қордың дерегінше, келісім­шарттар бойынша І жартыжыл­дықта орталық аппарат үшін кеңсе мен жиһазды жалға алуға 129,6 миллион теңге жұмсалған. Әрине, бұл да аз ақша емес. Өйт­кені ол тек Нұр-Сұлтан қала­сын­дағы орталық кеңсесінің шы­ғыны ғана. Айта кету керек, рес­ми дерек бойынша Әлеумет­тік медици­налық сақтандыру қоры елор­даның шеткері айма­ғында емес, Парламент, Үкімет, Министрлер үйі орналасқан ең беделді аудан­дағы, Қонаев көшесі, 14/3 ме­кенжайындағы «Нұрсая» бизнес орталығының бірнеше қабатын ен жайлап жатыр. «Үй-жайды жалдауға мил­лиард­таған сома жұмсалатыны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қор орналасқан ғима­рат 5 миллиард теңге төлейтіндей сонша қымбат тұрмайды. Ол оған татымайды да. Ашық дерек көз­деріне сүйене отырып, осындай ақпарат тара­т­қан адамдар не құ­жаттарды дұрыс оқуды білмейді немесе матема­тикаға қатысты бір қиындықтары бар. Нәтижесінде, жалған ақпарат қоғамда жаңсақ пікір тудырады» деп ашынды ӘМСҚ Жұрт­шы­лықпен байла­ныс департаментінің директоры Ермек Болтаев. Қордың хабарлауынша, бірін­ші тоқсанда орталық аппарат 3,3 мыңнан астам шаршы метр жал­пы алаңды жалдау үшін 68 мил­лион теңге сомаға келісім бекіткен екен. Бұл ретте 1 шаршы метрдің құны 6 848 теңгеге жеткен. Оған қа­тардағы қызметкерлерге ар­налған жиһазды жалға алу кіреді. Қордың «сүйінші» жаңалығы да бар: ол барлық бизнес орталығы екі айдай карантинге жабылған кезеңде бағаны арзандата алған. «Екінші тоқсанда (сәуір, мамыр, маусым) жалға алу құны шамамен 6,5 миллион теңгеге ар­зандатылды. Осылайша, 61,6 мил­­лион теңге сомаға келісім бекі­тіл­ді. Яғни, бір шаршы метрді жалға алу құны 6 200 теңгені құ­ра­ды» деп нақтылады қордағылар. Арзандағанның өзінде бұл бас қаладағы орташа бағадан жоғары. Мысалы, оң жағалаудағы «Алма-Ата» іскерлік орталығы 4,5 мың теңгеден, сол жағалаудағы дәл сол маңдағы «Санкт-Петербург» биз­нес орталығы әр шаршы метрді 4,8 мың теңгеден ұсынады. ӘМСҚ өзінің бірінші бас­шысы үшін жиһаз жиынтығы жал­ға алынғаны туралы ақпаратты да жоққа шығарды. Бұл қорда 900-дей адам жұмыс істейді. Бірақ олардың барлығы бір­дей астанада отырған жоқ: Қазақстанның барлық өңірінде ашылған 17 филиалында қызмет атқаруда. Ол бойынша дерек айтылмады.  

Ерік ЕРДЕНОВ