Теңге қалай құбылады?
Теңге қалай құбылады?
240
оқылды
Карантин жеңілдетілген сайын теңге күшіне міне бастағандай. Бұл экономиканың жұмыс істей бастағанын білдірсе керек. Экономика ғылымының докторы, профессор Бауыржан Исабековтің айтуынша, теңге бағамы валюта нарығының қатысушыларына әрқалай әсер етеді. Мысалы, теңге нығайған сайын ШОБ пен импорттаушыларға тиімді бола түседі. Себебі ШОБ шетелден тауар тасиды. Бизнесі долларға тәуелді. Ал ірі бизнес пен экспорттаушылар ұтылады.  Ірі бизнестің басым бөлігі экспорттаған  өнімін доллармен сатады. Теңгенің қазіргі бағамы жалпы экономикамыз үшін қолайлы, алайда шағын бизнес үшін тиімсіз болып тұр. Себебі тауар қым­баттап кетті. Ал тауардың 70-80 пайызы импорт­пен келеді. Бірақ доллардың 450-460 тең­геге дейін шарықтаған кезімен салыс­тыр­ғанда, жағдай қалыпты деуге болады. Ал жыл соңына қарай теңге қалай құбылады? Күшейе ме, құлдырай ма? Сарап­шыларды сөзге тарттық.    width=Арман БАЙҒАНОВ, экономист: – Теңгенің соңғы 10 күндікте нығаюына АҚШ долларының сол елдің өзінде девальвацияға ұшы­рауы себеп болды. Коронавирус инфекциясының сал­дарынан АҚШ экономи­касының көр­сеткіштері төмендеп барады. АҚШ базалық ставканы 0-ге дейін түсірді, бұл АҚШ доллар станогын іске қосты деген сөз. Бұл бір себеп болса, екінші себебі мұнай бағасына байланысты. Соңғы уақытта мұнай бағасы өсе бастады. Жыл соңына дейін мұнайдың бір баррелі 40 долларға жетеді деп болжауға болады. Сондықтан долларға шаққандағы теңге бағамы қысқа мерзімде 400-ге дейін түсуі мүмкін. Алайда Қа­зақстандағы инфляция өсіп кету қаупі бар, онда теңге девальвацияға ұшырайды. Егер инфляция 10 пайызға дейін жетсе, онда теңге қайта құлдырай бастайды. Бірақ долларға шаққандағы құны 500-ге жете қоймайды. 430-440 аралығында болуы мүмкін, себебі доллардың өзі девальвацияда тұрғандықтан теңгенің қатты құнсыздануы болмайды. Ал мұнай бағасы барреліне 40 долларға, жыл соңында 50 долларға дейін өседі. Экономикалық статистика бойынша, коронавирус басталғалы бері өткен екі айдың ішінде бұрғылау станоктарының саны екі есе азайды. Себебі мұнай бағасы 40 доллардан аз болғандықтан, бұл салаға ешкім инвестиция салмайды, құйған қаржы өзін ақтамайды. Сондықтан АҚШ-та мұнай өндіру көрсеткіші тағы да төмендейді. Коронавирусқа байланысты жарияланған карантиннің жеңілдеуі мен тоқтатылуы да экономикаға қан жүгірте бастады. Егер коронавирус қайта айналып соғар болса, онда мемлекеттерді карантинде ұстау мүмкін болмайды, ондайда әлем экономикасында апокалипсис орнайды. Сондықтан экономика жұмысын жалғастыра береді, мұндай кезде мұнайға сұраныс өседі.    width=Асхат НАМЕТША, экономист: – Теңге бағамының нығаюына түрлі фактор әсер етіп жатыр. Біріншіден, сыртқы факторды ай­туға болады. Яғни, алпауыт ел­дердің карантинге қатысты шара­ларды азайтуына бай­ланысты әлем экономикасының белсен­ділігі қайта оралды. Оның нәтижесі көптеген тауарға сұ­ранысты туын­датты, әсіресе мұнайға деген сұраныс қайта пайда болды. Ірі қалалар тұрғындары көлігіне отыра бастады. Жалпы, алдағы айларда әлемдік экономиканың қалпына келу үдерісін байқайтын боламыз. Егер эпидемия күзде қайталанса, онда әлем экономикасы тағы да карантинге кетуге мәжбүр болады. Бірақ ол кезде бұл карантин көптеген ел үшін қорқынышты бола қоймайды. Себебі мемлекеттердің басым бөлігі карантинге бой үйретті. Сондықтан карантин жарияланған күннің өзінде ол экономикаға жыл басындағыдай қатты кері әсер етпейді. АҚШ, Еуропа Одағы және Қытай елдерінің коронавирус себебінен пайда болған экономикалық дағдарыстан шығу жоспарын қарай отырып, алдағы уақытқа оптимистік болжам жасауға негіз бар. Сондықтан алдағы уақытта әлемдік экономиканың қалпына келу процесі ұлттық валютамызды нығайтуы мүмкін деп болжам жасауға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен бірге теңгенің бағасына ішкі фактор да әсер етеді, мысалы біздің елдің экспорттаушылары тарапынан 1-тоқсан бойынша салықтық есепті тапсыруына байланысты теңгеге деген сұраныс ұлғаяды. Ал теңгенің доллармен айырбасындағы бағамы қандай болады деген сұраққа жауап беру қиын. Себебі бүгінгідей құбылмалы жағдайда болжам жасай алмайсың. Десе де, менің ойымша, 1 доллар 380-400 теңге арасында болуы мүмкін.    width=Сәбит РЫСБАЕВ, қаржы сарапшысы: – Біз бүгіндері теңге баға­мының екі сағаттан соң қалай құбылатынын дөп басып айта алмайтын уақытта өмір сүріп жатырмыз. Әлемде болып жатқан экономикалық жағдайларға байланысты қысқа мерзімде теңге бағамына болжам жасап көрейік. Естеріңізде болса, 2016 жылы каңтар айында 1 доллар 398 теңгеге жетіп, соңынан бір жылда 311-ге түсті. Ол жылдары қаңтар айында қара алтынның бағасы 29 долларға дейін құлап, жыл аяғында 60 долларға көтерілген-ді. Қаңтар айында 1 доллар әне-міне 500 теңге болады деп күткен едік. Керісінше, арзандап кетті. Ал қазір ше? Доллардың айырбас бағамы валюта айырбастау орындарында 450-470-тен 410 теңгеге түсті. Неге? Себебі біріншіден, доллар бізде ғана емес, әлемде құнын жоғалтып жатыр. Ал біздің кіндігіміз байланған доллар наурыз айында 80 рубльге шықты, сәуірде 1 доллар 75 рубль болса, қазір 70-ке түсті. Ресей енді психологиялық барьер – 70-тен де төменді күтіп жатыр. Иә, қазір адамдар iPhone, теледидар, машина сияқты сырттан келетін заттарды алуға қорқып қалды. Алдымыз – бұлыңғыр. Импорт азайды. Долларға сұраныс та азайды. Көп елдерде карантин бітіп жатыр. Тіршілік басталды. Мұнай 20-25%-ға өсті. Америкада 100 доллардың өзіндік құны – 230 теңге шамасында. Бұл кризисті көптеген аналитиктер 1929 жылы болған Ұлы дағдарыстан да жоғары болады деп болжап отыр. Кез келген ел ұлттық валютасын шығарарда алтын резерв қорына қарайды. Бірақ Америка қанша доллар басып шығарса, оған сұраныс тұрақты болады. Десе де, қазір Америка долларды шамадан тыс басып жіберіп, нарықта доллар көбейді деген күдік бар. Нарықта доллар көбейген соң құны да сәл-пәл түседі. Қазір әлем елдері вирустың жайылып кетпеуі үшін қаржыны көп жаратуда. Экономика тұрғысынан АҚШ қан жоғалтып жатыр дей аламыз. Статистикалық агенттіктердің мәліметі де жақсы емес. Экономикада «көбелек әсері» деген түсінік бар. Америкада көбелек қанатын қақса, Азияда дауыл болады дегендей, АҚШ-тағы әрбір экономикалық көрсеткіш доллар бағасына әсер етіп жатыр. Біз сияқты өндірісі жоқ елдерде доллар көп жағдайда қымбаттайды. Ұзақ мерзімде экономиканы әртараптандыра алмасақ, мұнай бағасы осы деңгейде қалса, әрине доллар өсе береді. Онда 500-600 емес, 1 000-ға баруы да мүмкін.  

Дайындаған Халима БҰҚАРҚЫЗЫ