Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында зеректігімен ерекше көзге түскен вундеркинд Жігер Берікбайұлы тұрады. Жігерді жергілікті тұрғындар жаңалықтардан таныды. Осы орайда, Nur Otan партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы Jas Otan Жастар қанатының белсенділері партияның «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында Жігер Берікбайұлымен арнайы кездесті. Белсенділер баланы Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесімен құттықтап, оған бірнеше қызықты кітап тарту етті. 200 елдің астанасын білетін 6 жасар бүлдіршін оларды 1 айдың ішінде жаттап алыпты. – Қашықтан оқи бастағалы бері Жігердің картаны жаттап жүргенін байқадым. Басында аса мән бермедім. Кейін немерем интернет арқылы мемлекеттердің астанасын дәптерге жазып алып, оны жаттауды әдетке айналдырды. 1 айдың ішінде Жігер 200 мемлекеттің астанасын жаттап алды. Кейін телеарналар арнайы келіп, сұхбат алып Жігердің ерекшелігін жұртқа мақтана жеткізді. Осындай дарынды балаларды қолдап, оларды одан әрмен жігерлендірген Nur Otan партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы Jas Otan Жастар қанатының белсенділеріне ерекше алғыс айтамын. Елімізде дарынды балалар көп болсын, – деп әжесі Зиба Тәңірбергенова тілегін білдірді. Балалар құқын қорғау мен олардың мәселелерін шешу, дарынды балаларды қолдау партияның күн тәртібінен түспей келеді. Сондықтан алдағы уақытта да дарынды балаларды қолдау жалғасын табады.
Ә.ЖАСАН