Билік пен партия елге игілік әкелуде
Билік пен партия елге игілік әкелуде
Мәжіліс депутаты, Nur Otan фракциясының мүшесі Ф.Қаратаев еңбек жолын 1981 жылы Жамбыл тері шикізаты зауытында таразы өлшегіш болып бастаған. Кейін «Жану­бий Қозоғистон» облыстық газе­тінің бас редакторы қыз­ме­тін, жергілікті атқарушы ор­ган­дарда бірқатар лауа­зым­­ды қызмет атқарды. Біз депу­тат­пен партияның қоғам­дағы және қазіргі жаңа заман­дағы рөлі жайында тілдестік. – Фахриддин Әбдинәбиұлы, Nur Otan Саяси кеңесінің 2019 жыл­ғы 21 тамыздағы кеңейтілген отыры­сында партия Төрағасы – Елбасы Н.Назарбаев берген тапсырмалар қалай орындалып жатыр? – Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында көтерілген мәселелер қазіргі кезде де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сол жиында Елбасы халықтың қол­дауына ие болу үшін партиямыз әлеуметтік көкейкесті мәселелерді шешудің нақты жолдарын ұсыну керек деді. Сонымен қатар пар­тияның қоғамды жұмылдыру үде­рісінде маңызды рөл атқара­тынын атап өтіп, биліктің барлық дең­гейінде жауапкершілікті арт­тыруды тапсырды. Кейінгі кезде әлемдік дең­гей­дегі дағдарыс және пандемия салдарынан Қазақстанда да батыл әрі жедел шешімдерді қажет ететін күрделі жағдай қалыптасты. Осы орайда, Nur Otan партиясы, Үкімет және жергілікті атқарушы органдар бірлескен тиімді жұмысымен көзге түсуде. Еліміздің барлық өңірінде жаңа серпілістің лебі сезіледі. Отырыста қабылданған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаң­ғырту бағдарламасы да жаңғыруға өз септігін тигізіп келеді. Бағдарламаға сәйкес, алдағы уақытта партияның белсенді мү­шелерін топтастыру, жемқор­лықпен күресті күшейту, лайықты емес мүшелерді партия қатарынан шығару, барлық деңгейде партия органдарының әлеуетін толық­қан­ды жүзеге асыру бағытында іс-шаралар жүреді. Бұл жұмыстың жемісін жақында көреміз деген сенімдемін. – Кеңейтілген отырыс бары­сында қарқынды ақпараттық-идеологиялық жұмысты ұйым­дастыру мәселесі көтерілді. Соның егжей-тегжейіне тоқтала кетсеңіз? – ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры. Өкінішке қарай, қоғам тыныш­тығын бұзу, елдің тұрақтылығын шайқалту мақсатында шындыққа жанаспайтын, арандатуға соқ­тыратын ақпараттар тарату көбейді. Мемлекеттіліктің, тәуелсіздіктің ұстындарына нұқсан келтіретін осындай қауіптің алдын алу мақсатында Nur Otan төл ақпарат­тық стратегиясын түбегейлі қайта қарауы қажет деп баса айтылды. Соған байланысты қарқынды ақпараттық-идеологиялық жұ­мысты ұйымдастыру жүктелді. Елбасы партияның бұқаралық ақпарат құралдары объективті және жедел ақпарат көздеріне айналып, халықтың сеніміне ие болуы шарт деген міндет қойды. «Заман өзгерді. Жағдай өзгерді. Еліміздің жетекші күші ретінде саяси басшылықты бекемдеу, стратегиялық бағыттан ауытқымау үшін Nur Otan бүкіл қоғамды жұмылдыруы тиіс», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл құр әншейін айтыла салған сөз емес. Біз Қазақстанның, халық­тың алдыңғы қатарынан табылып, елді ілгері жетелейтін, жаңа за­ман­ның беталысын, мемлекет алдын­дағы маңызды міндет-мақ­сатты елге түсіндіретін ұйым еке­німізді ұмытпауымыз керек. Егер ондай рөлді орындай алмасақ, онда ор­нымызға басқа партия келеді. Сондықтан жауап­кер­шілікті нақты түсінгеніміз жөн. Бас партияның басты мис­сиясы – сайлаушылардың сенімін ақтау болмақ. – Осы мақсатта жүзеге асы­рыл­ған жұмыстарды да тілге тиек етсек? – Атқарылған жұмыс аз емес. Nur Otan партиясының және оның Мәжілістегі фракциясының қол­дауымен былтыр, яғни 2019 жылғы 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) мөлшері өсті. Шілдеден бастап мүгедек балалар күтіміне арналған жәрдемақы артты. «Нұрлы жер» бағдарламасы Қазақстанды алып құрылыс алаңына айналдырды. Премьер-Министр Асқар Маминнің мәлім­деуінше, жылдың соңына дейін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы 53 ауыл жаңғырады. Ауызсумен қамтуға 127 миллиард теңге бөлініп, 2023 жылы Қа­зақстанның барлық ауылы 100% таза сумен қамтылады. Сонымен бірге билік пен билеуші партияның халыққа тағы да бір табан жақындай түскені байқалады. Айталық, мемлекет коронавирус пандемиясы кезінде үйде оқшауланып, тіршілік көзінен айырылған, кәсібімен айналыса алмай қалған тұр­ғын­дарды қиын­дықпен жалғыз қалдырмады. Барлығы салыстыру арқылы танылады ғой, іргедегі Орталық Азия елдеріндегі жағдайға қанық­саңыз, бұған айқын көз жеткізесіз. 4,5 мил­лионға жуық қазақстандық 42 500 теңге көлемінде көмекке қол жеткізді. 2 миллионға жуық тұр­ғынның коммуналдық шығын­дарын мемлекет өтеп берді. Кәсіп­керлік нысандары салықтан боса­тылды, жеңілдіктер алды. Бұл – шағын және орта бизнеске ауадай қажет шара. Парламент Мәжілісіндегі Nur Otan партиясы фракциясының таяуда өткен отырысында дағ­дарысқа қарсы шаралар жан-жақты талқыланды. Өзекті мәселелер мен ұсынымдар Үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайыловқа жолданды. Жуырда бұл шаралардың біз күткендей нәтиже береріне сенімдіміз. Өзбекстанның Сардоба су қоймасының бұзылуы салдарынан Мақтаарал ауданында су астында қалған елді мекендер тұрғындарына Nur Otan партиясының жетек­шілігімен көмек көрсетіліп жатыр. Партия Төрағасының Саяси кеңес жиынында берген тапсыр­ма­ларының қаншалықты жүзеге асып жатқанын осыдан-ақ бағалай ала­мыз. Алғашқы эвакуациялау ке­зе­ңі­­нен бастап бүгінгі құрылыс жұмыс­тарына дейін Nur Otan пар­тия­сының өкілдері белсенділік таны­туда. Төрағаның бірінші орын­ба­сары Б.Байбек өңірді аралап, қа­жетті шараларды қолға алды. #BizBirgemiz қоры ұйым­дастырған гуманитарлық көмек зардап шеккен тұрғындарға қо­мақты қолғабыс болды. Ең бас­тысы, тізе қоса қимылдаған партия мен биліктің тиімді жұмысы елге игілік әкеліп отыр. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Айхан ШӘРІП